El іshі
«Әр баланың өз несібесі бар» дейді көпбалалы ана Гүлзира Қабылқызы
Көпбалалы отбасы – қоғам байлығы. Оларға жан-жақты көмек көрсетудің маңызы зор. Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қазір көпбалалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңғалатымыз бар. Көпшіліктің көкейінде «оның бәрін қалай асырайды?» деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз. Десе де олардың оқуы, жоғары білім алуы, тағысын тағы да қажеттіліктерін өтеу – әрбір адамның перзентінің алдындағы ата-аналық парызы деп білеміз.
«Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш – бала сүю» деп даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, балалы болу – бақыт, ал көпбалалы болу – одан да үлкен бақыт болса керек.
Көлбастаулық Серікбай Өтегенов пен Гүлзира Рубаева көпбалалы отбасылардың бірі. Олар: «Көпбалалы отбасы – ол үлкен бақыт, шатыққа толы жанұя, береке-бірліктің тоғысқан жері» дейді. «Балалы үй – базар» демекші, олар балаларын шаңырағының шаттығына және өмірдегі ең қымбат байлыққа балайды.
Ерлі-зайыпты Серікбай Бекбосынұлы мен Гүлзира Қабылқызы өмірге үш ұл, үш қыз әкеліп, тәрбиелеуде. Балаларының алды мектепке барады. Яғни, тұңғыштары Айжан А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы. Ал, Динара 5 сыныпта оқыса, ұлдары Ернар 3 сыныпта, Назерке 1 сыныпта оқиды. Кенже ұлдары Асхат төрт жаста болса, Нұрислам бір жарым жаста. Бүгінде Гүлзира Қабылқызы «Күміс алқа» алқасының иегері, бала күтіміндегі алтын құрсақты ана.
Көпбалалы отбасыға мемлекет тарапынан көмек берілетіні сөзсіз. Гүлзира Қабылқызына да бала санына байланысты мемлекеттік жәрдемақы және «Күміс алқа» алқасының төлемақысы төленіп, мемлекеттік әлеуметтік көмек тағайындалады. Әрине, бұл – көпбалалы отбасы үшін үлкен көмек, әрі қолдау. Өйткені, көпбалалы жанұя мемлекеттің демографиялық өсуіне өз үлестерін қосып отырған жайы бар.
-Біз 2006 жылы отау құрып, үлкен өмірге бірге қадам бастық. Алғашында ата-енемізбен төрт жыл бірге тұрдық. Кейіннен қайныларым үйленіп, бізді ата-енеміз «сендер әрі қарай бірге тату өмір сүріп кетесіңдер, біз сендерге ақ батамызды береміз, аяқтарыңнан тұрып кететіндеріңе сенеміз» деп бөлек шығарды. Бөлек шыққан соң алғашында тоғыз ай пәтер жалдап тұрдық.
Жолдасымның еңбекқорлығының арқасында қор жинап, осы үйді сатып алдық. Міне, бұл берекелі үйде тұрып жатқанымызға тоғыз жыл болыпты. Біз көпбалалы болуды армандадық. Шүкір, бізге Алла ұлды-қызды нәсіп етті. Қазіргі таңда үлкен қыздарым көмекшім. Үй шаруасындағы тірлікке қолғабыс етсе, ұлым әкесімен даланың жұмысына араласады.
Үш баламыз мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылған. Барлығының сабақ үлгерімі жақсы. Айжан түрлі тәтті бәліштерді пісіргенді ұнатады. Динара екеуі ас әзірлейді. Балалар орыс тілі, ағылшын тілі пәндерінен қосымша сабаққа барады.
Жолдасым осыдан екі жыл бұрын жұмысынан қысқартуға ұшырап қалды. Қазір таңда әртүрлі жұмыс істейді. Дегенмен, тұрақты жұмыс болмай тұр. Бірде жұмыс бар, бірде жоқ. Мен бұл уақытқа дейін бала күтімінде болып, жұмыс істеген жоқпын. Енді Мыңбұлақ ауылдық округі әкімдігіне барып, қоғамдық ақылы жұмысқа тіркелдім. Кезегім келсе, жұмысқа шығамын деген ойдамын. Балаларға көмек ретінде берілетін тегін киім алу үшін мектеп әкімшілігіне тізімге жазылғанбыз.
Осы уақытта дейін құжаттарымды тапсырсам да, маған жәрдемақы тағайындалмай келді. Мемлекет тарапынан тағайындалатын әлеуметтік жәрдемақы маған биыл бірінші рет тағайындалды. Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттегі балаларға арналған азық-түлікті және тұрмысқа қажетті химиялық заттарын пайдаланудамыз. Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, осындай көмек беріліп жатқанына, демеу көрсеткендеріне рақмет айтамыз. Отбасымыз үшін бұл үлкен көмек екен.
Бала – бауыр етің. Олар – өміріміздің мәні, жалғасы. Ана деген қашанда баласының амандығын ойлап, тілеуін тілеп отырады емес пе?! Міне, мен де сондай аналардың бірімін. Балаларымыз жақсы азамат болып, сапалы білім мен тәрбие алса деген ниеттеміз. Ол үшін уақыттарын тиімді пайдаланып, еңбекке, ауызбіршілікке тәрбиелейміз. Өйткені, баламыз ертеңгі күні үмітімізді ақтасын десек, қазірден жақсы азамат болуы үшін еңбектенуіміз керек, – дейді көпбалалы ана Гүлзира Қабылқызы.
Көпбалалы ана барына қанағат етеді. Ең бастысы, балаларымның дені сау болса екен дейді. Балаларын мейірімділікке баулып, олардың болашағынан зор үміт күтеді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев