El іshі
Газет – ақылшың, досың, серігің …
Мен жеке өз басым газет сөзін өте қатты құрметтеймін. Әкем Мамыр совхоздың қарапайым еңбек адамы, көзі ашық кісі болған. Менің газетпен жақындығым бала кезімнен басталып, әрбір мақаланы оқып, онда айтылған ойлардың байыбына баруды үйрендім. Ол кезде әлеуметтік желі жоқ, сауатты, тәрбиені газеттен аламыз. Жалпы, газет – жанып тұрған шамшырақ, толған тәрбие көзі. Газет оқу – адамның мәдениеттілігінің өлшемі. Үйге қонақ келсе де адамның танымын, жан байлығын газет оқуынан байқайды. Мен оны үйдің керекті дүниесі, руханияттың сарқылмайтын көзі деп білемін.
Аудандық «Жаңа өмір» газеті қазір де жан серігім. Оны қол боста үзбей оқимын. Тілшілердің әрбірінің жазған мақалаларына ден қоямын, әрқайсысының алға қойған позициясын топшылаймын.
Біз бүгін қайшылықты қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әлбетте, бәрін жақсы дей беруге болмайды. Онда ешбір алға басу, даму болмас еді. Қажет жерінде сынның жебесін қадай да білуіміз керек.
Соңғы кезде басылым беттерінде сынның көбірек болғаны қуантады. Өйткені, атам қазақ «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп жақсы айтқан. Сондықтан, өзекті мәселелердің тұрақты жазылуы газеттің беделін арттырмаса, кемітпейді. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, біз кемшілігімізді жасырмай, ашық айта білуіміз керек. Ел-жұрт бәрін көріп-біліп отыр. Тек көзбен көргенді қолмен қойғандай, айта алсақ.
Басшылар халықтың арасында көп болуы керек. Мен «Партияның елу тұлғасы» деген жобаға қатысқанымда, жаттықтырушымыз бір мысал келтірді. Бір мекеменің басшысы жұмысбасты болып, кабинетінен шықпайды екен. Тіптен қарамағындағы жұмыскерлердің жағдайын да сұрамайды. Ал оның біліктілігінде, ұйымдастыру шеберлігінде сөз жоқ. Алайда, оның жұмыс көрсеткіштері алға баспайды? Неге? Ал дәл сондай бір мекемені басқарған басшы өте қарапайым, басқара да біледі, жұмысшыларына жағдай да жасай біледі. Оның ісі өрге басып, алдына жан салмайды. Енді, өзіңіз салыстырып, себебін іздей беріңіз.
Көңілге қаяу салатын мәселе, газеттің уақтылы қолға тимеуі. Оқырман газеттің әр санын асыға күтеді. Уақтылы келмесе, «неге келмей қалды?» деп алаңдайды. Үйдің босағасындағы почтаның орнын күнде қараймын. Себебі, газет жаныңа жақын болғаннан кейін іздеймін.
Сөз соңында айтарым, газет – серігің, досың, ақылшың. Жаны жақсылыққа, ізгілікке құмар барша оқырман қауымды ауданның төл басылымы – «Жаңа өмір» газетіне жазылуға шақырамын!
Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
«Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі,
облыстық мәслихаттың депутаты.