El іshі

Тұрғындар дән риза, балалар да қуанышты

Ауданымызда тұрғындар сейіл құрып демалатын саябақтар баршылық. Бірақ олардың тең жартысы күрделі, орта жөңдеуді қажет етеді. Өткен жылы аудан орталығындағы «Орталық саябаққа» күрделі жөндеу жүргізілді. Жөңдеуден өткен Орталық саябақтың ашылуы мына аты жаман індеттің өршуіне байланысты, биыл 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылғаны белгілі. Саябақта тұрғындардың жақсы демалып қайтуына да жақсы орындар ашылған. Кішкентай бүлдіршіндер үшін де ойнайтын орындар жеткілікті.

Біз жақында саябақтың тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп танысып қайттық. Көзіміз ең бірінші кезекте жүгіріп ойнап жүрген кішкентай бүлдіршіндерге түсті. Олардың жарыса ойнап жүргендерін көріп, бақытты балалық шақтарының қызықты өтіп жатқанына іштей қуандық. Саябақты көз тартарлықтай етіп жөндеп берген аудан басшыларына ризашылығымызды айтқымыз келеді.
Бұл саябақта аудандық мәдениет үйінің мамандары аптасына бес күн бойы концерттік бағдарламалар ұйымдастырды. Оның ішінде спорттық бағдарлама, аудандық орталықтандырған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері неше түрлі кітаптардан көрме өткізді. Ол концерттік бағдарламада, басқа ауылдық округтен келіп те өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Сондай-ақ, саябақта аудандық байқаулар, концерттік бағдарламалар ашық аспан астында өтті. Аудан тұрғындарының көбі осы концертті көруге, құлаққа жағымды әуенді тыңдауға асығатын.
Қазіргі таңда індеттің өршуіне байланысты карантиндік шектеу шаралары енгізіліп, орталық саябақ уақытша өз жұмысын тоқтатты. Дегенмен орталық саябақтағы кәсіпкерлер ашық аспан астында сақтық шараларды сақтай отырып жұмыстарын жалғастыруда.
Орталық саябақта кәсіпкерлер аудан тұрғындарына жан-жақты қызмет етуде. Бірі жылдам тамақ әзірлеу орталығының жұмысымен айналысып, халықты тауық етінен жасалған тағамдарымен қамтамасыз етсе, енді бір кәсіпкер балаларға арналған ТИР, тәтті мақта сатып, ұшаққа ұқсас аттракциондарды ұсынуда.
Біз сол кәсіпкерлермен қысқаша сұхбат жүргізген едік. Саябақта Б.Момышұлы ауылының тұрғындары Сатыбалдиевтер отбасы «Томпақ» жеке кәсіпкерлігін ашып, өз кәсіптерін дөңгелетуде.
Ерлі-зайыпты Мадияр мен жұбайы Гүлнұр қазіргі таңда кәсіптерінің нәсібін көріп отырған жандар. Олар қыс мезгілінде төменгі саябақта аудан тұрғындарына каток ашып, қызмет етеді. Биыл орталық саябақтан орын алып, балаларға арналған ТИР, электромобильді скутерлер, катамаран, дрифтгар, виртуальды әлем, құйылмалы балмұздақ сатады.
«Томпақ» жеке кәсіпкерлігі Мадиярдың жұбайы Гүлнұр Туғанбаеваның атына тіркелген. Қазіргі таңда Гүлнұр Рысқұлбекқызы бес студентті уақытша жұмыспен қамтып отырған жайы бар.
-Бұл жеке кәсіпкерлікті біз 2019 жылы отбасымызбен ақылдаса келе аштық. Құдай шүкір, кәсібіміздің арқасында жағдайымыз жақсы, тұрғындарға да өз көмегімізді көрсетіп отырмыз. Қыс мезгілінде «Жастар аллеясы» саябағынан аудан тұрғындарына арналған сырғанақ ұйымдастырамыз. Ол сырғанаққа аудан тұрғындары ғана емес, жан-жақтағы ауылдардан, Тараз қаласынан да халық көп келеді.
Орталық саябақтың қайтадан күрделі жөндеуден өтіп, ашылатының естігенде, біз жолдасымыз екеуміз ақылдаса келе «неге осы жерден кішкентай балаларға арналған ойын аттракциондарын ашпасқа?» дедік.
Сол идеямызды іс жүзіне асырып, қазір таңда аудан тұрғындарына қызмет көрсетудеміз. Ең бастысы, тұрғындар риза, балалар қуанышты,- дейді Гүлнұр Туғанбаева.
Гүлнұрдың мамандығы құрылысшы. Ол 2014 жылы Мадияр Сатыбалдиевке тұрмысқа шығады. Қазіргі таңда екі ұлдың аяулы анасы, Сатыбалдиевтер отбасының үлгілі келіні. Мадияр мен Гүлнұрдың алға қойған мақсаттары көп.
Орталық саябақтағы тағы бір кәсіпкердің бірі -«Чикен-Береке» тауық етінен жасалатын жеңіл тамақтану орны. Бұл жерді Б.Момышұлы ауылының тұрғындары, көпбалалы отбасы Нұрдәулет Есдәулетов пен жұбайы ашқан. Мұндай кәсіпкерлікті олар алғаш рет ашып отыр. Олар кішкентай дүңгіршекте тауық етінен жасалған жеңіл тағамдар сатады. Келушілердің қарасы мол.
Мөлдір Құтыбаева, жеке кәсіпкер.
-Біз мұндай кәсіпті алғаш рет ашып отырмыз. Алғашқыда шыны керек, қорқыныш болды. Қалай болады екен, былай істесек қалай болады? Сауда болмай қала ма? деген сұрақтар жиі мазалайтын. Бірақ шүкір, қазір үйрендік, аудан тұрғындары да қызметімізге жүгініп, рақметтерін айтып жатады. Әрі қарай осы кәсібімізді кеңейтсек деп отырмыз. Қысы-жазы аудан тұрғындарына қызмет көрсетсек дейміз.
Орталық саябақта тұрғындарға қызмет көрсететін тағы да бір жеке кәсіпкердің бірі Нұрбек Өтеш. Ол Б.Момышұлы ауылында туған. Білім жоғары.
– 2015-ші жылдан бастап шағын кәсіпкерлікпен айналысамын.Ауылымыздың өміріне қарап тұрсам, балалар серуендейтін алаң жоқ екен. Жастар да бос уақытын қайда өткізерін білмейді. Кешкі уақытта әр бұрышта шоғырланып тұрған жастарды көресің. Олар тек әңгімелесіп қана тұрумен шектеледі. Кейде серуендеу үшін облыс орталығы Тараз қаласына баруға мәжбүр. Сосын “неге өз туған мекеніме жағдай жасамасқа”? деген ой келді. Сөйтіп, осы жерді қолға алып, алдын ала жоспар құрдым. Шағын кәсібімде балаларға арналған батут, машиналар, роликтер тәтті мақта, балмұздақ және басқа да тұрғындарға қажетті қолжетімді бағада заттар бар. Ең бастысы, ата-аналарға баламен жүруге ыңғайлы болуды басты мақсат еттім. Әзірге бір адамды жұмыспен қамтудамын. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, осы кәсібімді кеңейтіп ауылда дені сау және еңбекке жарамды, тепсе темір үзетін жастарға қолдау көрсетіп, оларды жұмыспен қамтығым келеді. Бұл алдағы уақыттың еншісінде,әрине,- дейді ол.
Айта кететін тағы да бір жайт,орталық саябақтағы жеке кәсіпкерлер өз істерін мемлекеттен ешқандай несие алмай, өз қаражаттарымен бастаған.
Біз кешкі саябақты айналып жүріп неше түрлі көріністің куәсі болдық. Бірі саябақтағы футбол алаңшасында доп тебуде, бірі ойын аландарында ойнауда. Қарап отырсаң, қандай тамаша?! Рухани демаласың, жастардың ешқандай қиындыққа мойымай, тәуекелге бел буғанына сүйсінесін.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close