Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – таңғы нұр, Туған жерім – мәңгі жыр» атты жуалылық атақты қаламгерлермен әдеби-сазды кездесу кеш өтті. Тәрбиелік мәні зор бұл кездесуге ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздіктері Күміс Кемелбекова, Сәбит Дүйсебаев, журналист-жазушы Талғат Айтбай, жазушы-сатирик, режиссер Дохтырхан Тұрлыбек, журналист-саясаттанушы, жазушы, ақын, сазгер, қоғам қайраткері Мырзахан Ахмет және ғалым, академик Исан Тілгенов арнайы қатысты.
Алдымен зиялы қауым өкілдері аудан әкімі Олжас Қаржауовтың қабылдауында болды. Бұдан соң, олар төрт топқа бөлініп, өз туған ауылдарына қарай жол жүрді. Бізді аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің директоры Әбдікерім Үркімбаев және білім беру ұйымдарының кәсіподақ төрайымы Гүлнұр Қадірбек бастап, Шақпақата ауылына қарай беттедік. Бізбен бірге шақпақаталық ақ кимешегін киген Күміс Пармашқызы, костьюм-шалбарын сымдай тартқан Сәбит Дүйсебаев және Исан Тілегенов ілесті.
Тұлғалар алдымен Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепке табан тіреп, үшінші қабатында орналасқан Құрманбек Сағындықовтың мұражайын аралады. Мұнда атақты тұлғаның отбасылық, майданда және даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлымен түскен суреттері, қолжазбалары, алған мадақтама грамоталары, медальдары, киген қазақша шапаны қойылған екен. Әрі қарай мектептің 9-10-11 сынып оқушыларымен сырлы сұхбат жүргізіп, қонақтар өз өмір жоларынан сыр шертті.
Күміс Пармашқызы өз сөзінде балаларды мерейлі мереке Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
-Айналайын, балалар! Сендер бақытты елдің ұрпағысыңдар. Сендерге ата-аналарың барлық жағдайды жасап отыр. Үстеріңде әдемі формаларың, сабаққа қажетті оқулықтарың, қаламсаптарың барлығы-барлығы бар. Байырғы замандағыдай жамау-жамау киіммен жүрмейсіңдер. Сондықтан да қанағатшыл, ұқыпты болыңдар! Ертеректе бір данышпан «Ең құнды тауар – адаммен тіл табысу» деген екен. Ендеше адамдармен тез тіл табысуға үйреніңдер және сәлемдесер кезде жымиуды ұмытпаңдар. Бұл адамға жақсы көңіл-күй сыйлайды. Біз данышпан елдің ізбасарларымыз. Себебі, қазақтардың өзінің мәдениеті, салт дәстүрі мен әдебиеті, керемет тарихы бар, – деген К.Пармашқызы оқушыларға ата-ананы, ұстазды сыйлауға, өз Отанына құрметпен қарауға шақырды.
Келесі кезекте сөз алған ғалым Исан Тілегенов жас ұрпақтың санасында «Мен өз елімнің, туған жерімнің гүлденуі, дамуы жолында не істей аламын?» деген сауал ұдайы жүруге тиіс екенін және тектілікті сақтап, ұстамды, тәрбиелі болуға ұмтылу керектігін жеткізді. Сонымен қатар, мектеп кітапханасының қорына өзінің жазған бірнеше ғылыми еңбектерін сыйға тартты.
Ал, Сәбит Дүйсебаевтың сөзінше, бүгінгі бұл отырыс тарихи мәні бар әрі ұлы күн. Бүгінгі күннің баласы, сыни ойлап, жан-жақты болып, көппен жұмыс істей білу керегін айтты. Сонымен бірге «Тәуелсіздік» туралы жазған патриоттық рухты көтеретін, керемет өлеңін оқып берді.
Сұхбат барысында Күміс Пармашқызының құрбысы, «Ақ әжелер» ансамблінің әншісі Асылхан Үсіпбаева «Қуанышым» әнін орындап, оқушылардың көңіл-күйін бір көтеріп тастады. Өз кезегінде Әбдікерім Үркімбаев бүгінгі бұл кездесу республика деңгейінде өткізіліп отырған үлкен шара екенін және алыстан ат терлетіп келген қонақтар Тәуелсіздіктің 30 жылдығында, елдің гүлденуі жолында елеулі үлес қосқан нағыз азаматтар екенін тілге тиек етті.
Сырлы сұхбат аяқталған соң, қонақтар ауылдағы №4 Балалар өнер мектебіне ат басын бұрды. Мұнда ауыл күніне орай өнер мектебінің алдында сол қапталына қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары орналастырылса, сол қапталында жәрмеңке ұйымдастырылып, әзірбайжан ұлтының салт дәстүрінен сыр шертетін бұйымдарынан көрме және ұлттық тағамдарынан дастарқан әзірленіпті. Мектепке кіре берісте «Тәуелсіздік» туралы еңбектерден кітап көрмесі де қойылыпты.
Алыстан ат терлетіп, туған жерін сағынып келген қонақтарды ауыл келіндері тәттілерден шашу шашып, қазан-ошаққа жаңа піскен, иісі бұрқыраған ыстық бауырсақты ұсынып қарсы алды. Бауырсақтан дәм татқан зиялы қауым өкілдері жәрмеңкеден де қажетті өнімдерді сатып алып, әзірбайжан ұлтының ұлттық тағамдарынан ауыз тиді. Әрі қарай өнер мектебінің ішіне еніп, көрерменнің алдыңғы қатарынан орын алып, «Тәуелсіздік – ән-жырым» атты концерттік бағдарламаны тамашалады.
№4 Балалар өнер мектебінің қызметкерлері үлкен дайындықты көрестті. Мерекелік кеште күйшілері «Ерке сылқым», «Адай» күйлерін құлақтың құрышын қандыра орындап, көпшіліктің назарын өзіне аударса, шақпақаталық мыңбұралған биші қыздар әсем билерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше сүйсінтті. Сондай-ақ бұл кеште керемет дауыстың иелері Майра Шәкірбаева және Рауан Сазанбаев патриоттық рухты көтеретін «Туған жер» әнін орындады. Одан бөлек, ауылдың әнші ұл-қыздары «Алғыс», «Ауылым» атты әндерімен кештің көркін қыздыра түсті. Айта кету керек, бұл кешке Т.Дүйсебайұлы ауылының мәдениет үйі, кітапхана, мектеп ұжымы да бір атаның балаларындай ат салысты.
Мерекелік кеште ауыл әкімі Затыбек Пашенов Шақпақ ауылдық округіндегі жасалып жатқан бірқатар оң істер туралы баяндап, зиялы қауым өкілдерінің иығына шапан, ақ орамал жапты.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»