El іshі

Мерейің өссін, Мерей!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сарқылмайтын, терең бойлаған сайын еселеп арта беретін бір байлық бар. Ол – білім, ал білім негізі – мектепте» деп тектен-тек айтпаса керек. Сондықтан да, терең біліммен қаруланған бүгінгі жас буынның, дарынды шәкірттердің алған асуы – мектеп қабырғасында сапалы берілген білім мен тәрбиенің жемісі.

Иә, осы орайда бүгін біз дарынды оқушылардың бірі – Мерей Бауыржанқызы туралы әңгімелейтін боламыз.
Болашақта ұстаз болуды армандайтын Мерей аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның 5 «б» сынып оқушысы. Ол әжесі Күнімкүл Қошаеваның тәрбиесімен сусындап өсіп келе жатыр. Асылында әженің тәрбиесін көрген ұл-қыздың жаман болып өсуі әсте мүмкін емес.
Мерей білім ошағында өтетін шараларға белсене араласады және айтулы жетістіктерге де жетіп үлгерген. Ол қазақтың қайраткері Дінмұхамед Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының бастамасымен «Әлемді кітап арқылы танимын» атты ең көп кітап оқитын оқырмандар арасында өткізілген аудандық байқауда бас жүлдені жеңіп алған. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы және облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Әлемді кітап арқылы танимын» аталатын байқаудан I орын алған.
Одан бөлек, білім бәйгесінде бәсі биік дарынды жас халықаралық «Человек и природа» ойын-конкурсы сертификатымен және мектепішілік «Ұлы дала – күй мен жырдың алтын бесігі» атты сайыстың көркемсөз номинациясының I дәрежелі дипломымен мараптатталған.
Ағымдағы жылы ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген республикалық «Ақылды бала» байқауында және Daryn.online білім беру платформасында өткен олимпиадада математика пәні бойынша I орынды иеленген.
Ол-ол ма, ең қызығы жақында ғана Мерей дарынды жастарға арналған республикалық «Биіктік белесінде» аталатын энциклопедияға еніп, респбуликалық «Education» баспа үйінің «XXI ғасырдың көшбасшысы» сертификаты және медалімен марапатталып отыр.
Бұл жаңа өсіп келе жатқан дарынды оқушы үшін үлкен қуаныш әрі жетістік.
«Жаста оқыған білімің тасқа жазған хатпен тең» демекші, жас дарынның өмір жолына тек сәттілік және биік белестерді бағындыра беруін тілейміз!

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close