El іshі

Бағдарламаның шарапатын сезінуде

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқанына биыл 13 жылға жуықтады.

Бұл бағдарлама негізінен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы жоба аясында ауылдық жерлерге жұмысқа тұрған маманға мемлекет тарапынан көтерме ақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынылады. Осы уақыт ішінде бағдарламаның игілігін көргендердің көш басында білім саласының қызметкерлері тұр.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының талаптары жыл сайын жаңартылып, жастарға қолайлы жағдай жасалып отырған жайы бар.

Мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көріп отырған жас маманның бірі Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратының статистика бойынша бас маманы Нұрия Құлмағанбетова.

Нұрия Жалғасбайқызы 1990 жылы Түрікменстан Республикасында  Ташауыз облысында дүниеге келген. 2000 жылы атажұртқа, Нұрлыкент ауылына қоныс аударады. Ауылдағы №5 М.Ломоносов  атындағы орта мектепті 9-сыныпқа дейін оқып, әрі қарай Қарағанды қаласындағы «Болашақ» колледжіне оқуға түседі. Колледжді аяқтаған жас маман әрі қарай  оқуын жалғастырып сол қаладағы «Болашақ» университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітіріп шығады.

-2013 жылы алғаш жұмысқа «Жастар тәжірибесімен» орналастым. Ауыл әкімшілігі аппаратындағы мамандар мені жылы қабылдап, білмегенімді үйретіп, менен болашақта жақсы маман шығады деп, үміт артып, мемлекеттік қызметке тест тапсыруыма себепкер болды. Мен күн-түн демей тестке дайындалып, мемлекеттік қызметке тест тапсырып, ауыл әкімшілігіне бас маман болып жұмысқа орналастым.

Бас  маман болған соң жауапкершілік те күшейе түседі екен. «Жастар тәжірибесімен» жүргенде бәрі оңай болып көрінетін. Бірақ әр жұмыстың өзінің қиыншылығы мен қызығы болады.  Уақыт өте статистика саласы бойынша бас маман болдым.

2018 жылы Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылына тұрмысқа шығып, уақытша жұмыстан  шығып сол жақта тұрдым. Бірақ ол жақта мен жұмысқа орналаса алмадым. Сөйтіп отбасымызбен ақылдаса келе жолдасым екеуміз Нұрлыкент ауылына көшіп келдік.

Мен қайтадан тест тапсырып, ауыл әкімшілігіне сол баяғы мамандығым бойынша жұмысқа орналастым.

Биылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жатқан жас мамандарға «Дипломен – ауылға!» бағдарламасы бойынша үй беріледі деген жаңалықты естіп, бірден құжаттарымды жинақтадым. Сәуір айында аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына барып құжаттарымды өткізіп, 291 мың көтерме қаражатын алдым. Ал мамыр айында құжаттарды үйге тапсырып, тамыз айында 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 пайыз мөлшерiндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде қаражат алдым.

Алған қаражатымның үстіне кішкене қаржы қосып осы ауылдағы Наурыз көшесінен үй сатып алдым. Үйдің ішіне кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көшіп бардым.

Осындай бағдарламаны шығарған Үкіметке алғыс айтамын. Қаншама жастар ауылды жерлерге келіп, жұмыс жасап, баспаналы болып жатыр,- дейді жас маман Нұрзия.

Нұрия отбасында алты ағайынды. Ата-анасы зейнет жасындағы кісілер. Әкесі Жалғасбай Құлмағанбетов  ауылға көшіп келгелі «Гамбург» ЖШС –де жұмыс істеуде. Зейнет жасына шықсада жұмыстан қол үзбеген.

Нұрияның жолдасы Рүстембек Бүлекбаев Атырау қаласында вахталық жұмыс істейді.

Шындығында бағдарлама аясында жастарды ауылға тарту үшін түрлі тиімді тұстары қарастырылып келеді.  Айталық, бұрын міндеттелген 5 жыл жұмыс өтілі қазір 3 жылға қысқарды. Оған қоса жыл сайын инфляция жағдайына байланысты берілетін қаржы көлемі артып отыр.

Баян Тұрсынқұлқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close