El іshі

Бірлігі бекем елді мекен

Ауыл – ұлт құндылықтары тоғысқан алтын бесік. Салт пен дәстүрдің түпкі темірқазығы осында. Береке мен байлықтың бастауы да ауылда.Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.

Ел мерейін асқақтатқан егемендікке биыл 30 жыл. Осы уақытта ауданымыз ынтымағы мен ырысы жарасқан өңірге айналды. Тәуелсіздік жылдарында өсіп-өркендеудің өнегелі жолына түскен ауылдардың арасында Күреңбел ауылдық округі де бар. Ауылдық округті бүгінгі таңда Ғани Жұбаев деген азамат басқарады.
Ауылдық округтің орталығы Күреңбел ауылы аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан солтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде, Теріс өзені жағалауының бетеге, нарғия, т.б. шөптесін өскен шалғынды қоңыр, бозғылт қоңыр топырақты тауаралық құрғақ аңғарға орналасқан.
Іргесі 1952 жылы Чапаев атындағы сүт өндіру ұжымшары ретінде құрылған. Ұжымшар негізінде Күреңбелде және округке қарасты Қаратас ауылында екі өндірістік, 16 шаруа қожалық құрылған. Орта, орталау мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, екі фельдшерлік-акушерлік, екі фельдшерлік пункт болған.
Күреңбел ауылы бұрын “Самсоновка” селосы деп аталған. Бұл – ауыл еліміз тәуелсіздік алған соң тарихи атауына қайта ие болды. Оның Күреңбел атануы сонау сағымды қырдан күреңітіп тұрған соң осылай аталған деседі. Өйткені аудан орталығына бара жатқан оңтүстік беткейі биік асу, ал солтүстік жағы да биік жон немесе тау белдеулері. Бұл жердің шөбі ерте қуарады да жаз ортасында-ақ күреңітіп жатады.
Ынтымағы ежелден жарасқан, адал еңбекті ту еткен Күреңбел ауылдық округіне екі елді мекен қарайды. Екі елді мекенде 397 аула бар, оның ішінде Күреңбелде 1763 тұрғын, Қаратас ауылында 256 тұрғын тұрады. Халықтың 95% қазақтар құрайды. Оның ішінде 165 адам зейнеткер, 75 адам мүмкіндігі шектеулі азамат, 58 көпбалалы ана тіркелсе, 365 мектеп оқушысы. Оның ішінде 32 бала тасымалданып оқиды.
Тұрғындардың дені шаруа қожалықтың ісін қолға алып, кәсіпкерлікпен айналысуда. Ауылдық округке 25 доңғалақты трактор бар болса, оның 15-і лизингке алынған. Сондай-ақ, шаруаларда бес жаңа комбайн, 30 жүк көлігі бар. Мұнда мал шаруашылығы дамып, көпшілік мемлекеттің қолдауымен түрлі бағдарламалар аясында өз тірліктерін дөңгелетуде. Округте 4342 гектар жер егістік алқабын құрайды. Шаруалар 2116 гектарға арпа, 636 гектарға бидай, 1590 гектарға мақсары еккен.
Ауылдың негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы саласы. Округке қарасты 190 шаруа қожалық,70 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Мал басы артып, ауылда 3250 мүйізді ірі қара,19250 уақ мал, 939 жылқы және 4500 құс бар. Округте екі мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт, мәдениет үйі, пошта бөлімшесі, кітапхана және кітапхана жанынан ашылған «Цифрландырылған ақпараттық орталық» халық игілігі үшін қызмет көрсетуде.
Елді мекеннен түлеп ұшқан белді азаматтар Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Соның ішінен Гүлтас Сайынқызын, Махамбет Ахметұлын, Еркінбек Бейсенбекұлын және басқа да азаматтардың есімін атауға болады.
Өткен жылы Күреңбел ауылы табиғи газбен қамтамасыз етілді. Ауылдық округте 100 пайыз көше жарығы орнатылған. Күреңбел ауылында бес жерге бейнебақылау қойылған. Елді мекенді “Жасыл белдеуге” айналдыру мақсатында Батырбек датқа кесенесінің жанына 500 түп ағаш отырғызылған. Одан бөлек, Күреңбел ауылындағы Қарабастау көшесіне келетін осыдан 40 жыл бұрын салынған ауызсу құбырының айналасы тазаланып, бұлақтың көзі ашылған. Ауылға ағын су екі арықтан келіп тұр.
Бірлігі бекем елді мекен тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында мұнда біршама жұмыстар атқарылған. Мәселен, Күреңбел ауылының екі, яғни Қарабастау-1, Қарабастау-2 көшелеріне ауыл тұрғындарының күшімен құмшағал төселген. Өткен жылы ауыл тұрғындарының, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың демеушілігімен “Асарлатып үй салу” жобасы аясында бір үй күрделі жөндеуден өтіп, бір үй сатып алынып, пайдалануға берілген. Округ әкімі аппаратының бастамасымен жастардың қолдауымен бес үйге жөндеу жұмыстары жасалған. Ауыл тұрғындарының бірлесуімен 200 түп шырша егілген. Сонымен қатар, көпшіліктің көмегімен Қарабастау көшесінің жоғары жағындағы зиратқа барар жолға көпір салынып, құм төселген.
-Ауыл – береке бастауы. “Ауылға қарап, азаматын таны” дейді. Осы ретте, Күреңбел ауылдық округінің ынтымағы мен бірлігін сөзге тиек етсем деймін, – дейді ауылдық округ әкімі Ғани Бақытұлы. – Ауыл – қаймағы бұзылмаған аймақ. Ұлттық салт-дәстүрлер сақталған, ұлттық ойындарды ұлықтайтын елді мекен. Ауылдағы ағайынның адамгершілігі, бауырмалдығы, бірлігі бір бөлек. Күреңбелдіктер кез келген сәтте бір-біріне көмек қолын созуға дайын тұрады. Әрдайым үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетеді. Біздің ауыл-аймаққа жастардың дені көкпар ойынын ойнап, ұлттық спортқа мән береді.
Ауыл тұрғындарының әл-ауқаты артып, проблемалар шетінен шешіліп келеді. Дегенмен әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Мәселен, тұрғындар көптен бері айтып жүрген аудан әкімінің есебінде көтерілген ауылдың кіре берісіне көпір жақтауын салу мәселесі бар. Одан бөлек, өткен жылы Күреңбел ауылына көгілдір отын кірген болатын. Алайда табиғи газ Қаратас ауылына кіргізілмей қалды. Негізінен Қаратас ауылында 46 үй бар. Газ құбыры ауылға кіріп тұр. Бірақ, көше-көшеге тартылмады. Бұл мәселе бойынша тұрғындар арасында наразылық туындауда. Бір округте тұрып газ неге Қаратас ауылына кірмей қалды? деп қаратастықтар өкпе-реніштерін жеткізуде. Өйткені, табиғи газ бүкіл күреңбелдіктің көптен күткен қуанышы еді.
Әкімшілік ғимаратының бірінші қабатында дзюдо күресінен үйірме бар. Оны білікті бапкер Тайжан Қозыбеков деген азамат жүргізеді. Қазіргі таңда жаттықтырушы шәкірт тәрбиелеп, жемісті еңбек етіп, спортшылары жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Ал, мәдениет үйінде Бақыт Қыстаубаев деген азамат қазақша күрестен балаларды спортқа баулуда. Алайда спортшылардың жаттығу залдары қыстыгүні суық болуына байланысты спортшылар ауданға кетіп жатыр. Бұл мәселенің шешімін табуы үшін тұрғындар мен жастар ауылға спорт кешенін салу мәселесін көтеріп жүр, – дейді ауылдық округ әкімі.
Ғани Бақытұлының айтуынша, ауыл тұрғындарының өтініш-тілектеріне байланысты ауызсу жүйесін кіргізу мәселесі де бар екен. Күреңбел ауылында 40 жыл бұрын жүргізілген ауызсу құбыры бар. Сондықтан ауылдықтардың басты сұраныстарының бірі – таза ауызсу құбырының жүргізілуі.
Мұндағы су мұнарасында су жеткілісіз. Өткен жылы су тартылып, жердің тоң болуына байланысты су болмай, тұрғындар суды тасып ішті. Сонымен бірге, Қаратас ауылында да таза ауызсу жоқ.
Сондай-ақ, ауылдық округтегі проблемалардың бірі – электр энергиясы. Аймақта жел тұрып, боран соқса, жарық бірден өшеді. Электр жарығының қуаттылығы да аз. Сол себепті, Қарабастау көшесіне қосымша бір трансформатор орнатып, 48 электр бағандарын ауыстыру керек.
Одан бөлек, ауылдағы мәдениет үйі де соғылғаннан бері жөндеуден өтпегенге ұқсайды. Ғимаратта жылу жүйесі дұрыс емес. Сахнаны жаңарту керек. Ішіндегі орындықтардың көбісі жарамсыз. Күреңбел орта мектебі мен балабақша да күрделі жөндеуді қажет етеді. Күреңбел ауылындағы денсаулық сақтау мекемесі де апатты жағдайда тұруына байланысты жаңа ғимарат соғу керек.
-Иә, бұл мәселелердің барлығы көптің көкейінде жүрген жұмыстар. Біздің күреңбелдіктер де жаңашылдыққа жол бастап, ауылдың өсіп-өркендеуін қалайды. Ауыл – түп қазығымыз, туып-өскен жеріміз. Сондықтан, мұндағы тұрғындар да туған жерінің көркеюін қолдайды. Ауыл жастарының осында тұрақтап қалып, еңбек еткенін құптайды. Осы мақсатта ауылдағы түрлі мәселелерді әрдайым көтеріп, шешімін тапса екен дейді.
Ауылдың тазалығы үшін күзгі екі айлықта сенбіліктер өткізіліп, санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілетін болады. Қараша, желтоқсан айында ауыл ішіндегі саябаққа 100 түп шырша егу жоспарлануда.
Біз ауыл жастарымен мақтанамыз. Мұнда аға буын өкілдері Мұрат және Өмірбек Әтеевтер,Оразхан Қадыровтың ізін жалғаушы көкпаршылар Бейбарыс Тынбаев, Сұңғат Әлжан, Самғат Рахметулла сынды, тағы да басқа азаматтар ұлттық спортты төрге оздырып жүрген жайы бар.
Біз кең-байтақ жеріміз, Туымыз, ауызбіршілігіміз бен достығымыз жанашырлығымыз бар елміз. Аты жаман індеттен ел-жұртымыз аман болсын, Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық, татулықты берік ұстанып, бірлігіміз бекем болсын, – дейді ауылдық округ әкімі Ғ.Жұбаев.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close