El іshі

Балық шаруашылығына да баса мән беру қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты  халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі туралы баса айтқаны белгілі.

«Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс» деді.

Ел экономикасы мен адамдардың тұрмыс сапасын арттырып, бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі – балық шаруашылығы. Біздің еліміз балық қорына бай. Бұрындары осы шаруашылықтың арқасында мыңдаған адамдар тұрақты жұмыспен қамтылып, табысты еңбек еткені белгілі.

Ал қазіргі таңда  балық шаруашылығының осындай мол мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр. Мұның негізгі себебі, балық дүниесін қорғау, оның өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік саясатты белгілейтін бағдарламаның болмауы.

Дегенмен соңғы кездері тұтынушылар тарапынан балық өніміне сұраныс жоғары. Алайда бүгінде балық шаруашылығын дамыту үшін елімізде қолдау болғанымен, оның іске асуында өңірлерде кедергілер де жетерлік. Аталған кәсіп түрінің жетістігі неде, кемшілігі қандай дейтін болсақ та, сол баяғы су тапшылығы мен мамандар жетіспеушілігі мәселесіне келіп тірелеміз.

Шынында да балық өсіру – сирек кездесетін кәсіп түрі. Бірақ заман ағымына қарай бірқатар азамат аталған кәсіпке бейімделген. Солардың бірі Ақсай ауылдық округіне қарасты Диқан ауылындағы «Ислам» шаруа қожалығы форель балығын өсірумен айналысуда. Балық шаруашылығымен айналысуды, дәлірек айтқанда, форель балығын көбейтуді қолға алған  Қанат Жұманов есімді еңбекқор азамат.

Қазіргі уақытта ауыл сыртындағы арнайы бассейнге форель балығының екі айлық, бір айлық, он күндік шабақтары жіберілген. Ондағы балық шабақтарының жалпы саны 35 мыңдай. Оның бес мыңдайы әртүрлі жағдайға байланысты шығынға ұшырады.

-Балық шаруашылығымен айналысып жатқаныма екі айдың жүзі болды. Негізінде өзім «Ислам» шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп отырмын. Бұл қожалық 1990-шы жылдардың аяғындағы колхоз, совхоздар тараған тұста құрылған. Қазіргі таңда  қожалықтың басшысы ағам Ілияс. Біз негізінен мал шаруашылығымен, егін егумен айналысамыз. Отбасыммен ақылдаса келе, «неге балық шаруашылығымен айналыспасқа?» деген тоқтамға келдім. Бұл – үлкен тәуекел. Өйткені, осында әкелген шабақтар жерсініп көбейсе, шаруамыздың алға басқаны. Басқа да кедергілер болуы мүмкін.

Сөйтіп, ойлана келе, әкімшілікке барып жер сұрадым. Жергілікті атқарушы органдағы азаматтарға балық шаруашылығымен айналысқым келетінін айтып, жоспарыммен бөлістім. Олар бірден менің бастамамды қолдап, маған Диқан ауылының бір шетінен жер бөліп берді. Ол жерден бассейін құрылысын жүргізіп, осыдан екі ай бұрын Алматы облысынан 35 мыңдай шабақ әкеліп, бассейнге жібердім. Ал балықтарға берілетін қоректік заттарды  Алматыдан алдырамын. Ал Алматыға шет мемлекеттерден келеді. Форель балығына берілетін тамақтар әртүрлі бағада. 950 теңгеден басталып, келісі 2000-ға дейін барады. Бір барғанда, балықтың бір апталық, екі апталық қорегін бір-ақ алып келемін. Форель балығы негізінде таза суды жақсы көреді. Бассейннің суы 18 градустан төмен болмауы керек. Егер су ластау болса, ондай жерде балық тұрақтамайды. Қазіргі бассейнге келіп жатқан су бір жағынан құйылып жатса, екінші жағынан сыртқа ағып жатыр. Сонда су күнделікті тазаланып тұрады. Форель балығының екі айлық шабақтары сәтін салса, күз айларының ішінде сатылымға шығаруға жарап қалады,- дейді Қанат Жұманов.

Шаруаның сөзіне қарағанда, балық шаруашылығымен айналысу үшін ол жеті миллион теңгедей қаражат жұмсаған. Майда шабақтарды алып келу, бассейнді соғу, мұның барлығы үлкен қаражатты қажет етеді.

Қазіргі таңда Қанат Жұманов тағы да қосымша бассейндер қаздырып, дайындауда. Ол жерде бес адам жұмыс жасайды. Алдағы уақытта жаңадан дайындалып жатқан бассейндерге 100 мың дана форель шабағын және екі мыңдай бекіре балығын жіберуді жоспарлауда.

Форель балығын тек аудан ішінде емес, Жамбыл, Алматы облыстарына сату жоспарлануда.

«Ислам» шаруа қожалығы форель балығын өсіру бойынша Жамбыл облысындағы екінші шаруашылық екен. Ең бірінші форель балығын өсірумен айналысатын шаруашылық Жамбыл ауданының Жасөркен ауылындағы «АрНұр» ЖК-нің жаңа форель шаруашылығы. Кәсіпкер Руслан Сауранбаев 2019 жылдан бастап кәсіптік балық өсірумен айналысуда. Мұнда жылына 90 тонна тұқы тұқымдас тауарлы балық өндіріледі екен. Бұл шаруашылық өткен жылдан бастап қосымша бір бассейін салып,  оған Алматыдан 125 мың форель шабағын жеткізіп, одан 60 тоннадай балық алуды жоспарлап отыр екен.

«Ислам» шаруа қожалығы да алдағы уақытта бассейнге жіберілген 35 мыңдай форель балықтардан келесі жылы 30 тоннадай балық алуды көздеп отыр.

Осылайша Диқан ауылының азаматы Қанат Жұманов аудан тұрғындарын қолжетімді бағада форель балығымен қамтамасыз етпек.

 

Баян Тұрсынқұлқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close