Basty bet

«Баукең жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн!»

Тау тұлғаның рухына тағзым ету – азаматтық парызымыз

Ерлік жасау да, ер болып өмір кешіру де талай азаматтың пешенесіне бұйыра бермеген. Ал шын мәнінде ер болып өмір сүріп, ұзақ ғұмырдың бір сәт, бір сағатында ерлік ғұрпынан айнымай адал ғұмыр кешіру – тек Бауыржан Момышұлындай ерен ердің ғана қолынан келді деп айтуымызға болады. Әлбетте, топырағы да, суы мен ауасы да қасиетті өлке Жуалы ауданы Бауыржандай Батыр ұланға тұғыр болған алтын бесік өлкеміз. Күллі Алаш баласының жүрегінен орын алған қаһарман ұлдың дәл осы топырақта дүниеге келуі жұлдызы биік жуалылықтар үшін үлкен мақтаныш.

Бауыржан Момышұлы – қазақ халқының қаһарман перзенті, әскери қайраткер, Ұлы Отан соғысына қатысқан даңқты қолбасшы. Хас батырдың Отан соғысындағы ерлікке толы істері уақтысында өз бағасын ала алған жоқ. Батыр өз сөздерінде марапат, атақ пен даңқ үшін соғыспағанын талай рет айтқан. Дегенмен, халық Бауыржанды Батыр деп танып, оған атақ пен даңқтың, марапаттың да небір түрлерін оның көзі тірісінде-ақ беріп қойғаны мәлім.
Батыр 1982 жылы дүниеден өткеннен кейін 1990 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен тарихи әділдік орнап, Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Баукеңе бұл атақ берілген күні Батырдың отбасына жолдаған жеделхатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Баукең жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн» деген сөзі тарихта жазылып, халық жадында әрдайым жаңғырып отыратыны сөзсіз.
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп жылар, сорлы қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың түкпірінен сөз келгенде» немесе «Мен де адаммын жаралған сүйек-еттен, Мен де ар бар, менде де ой бар жан тебіренткен. Халқымның қарапайым бір ұлымын, Жанымды арым үшін құрбан еткен» деп ар мен намыс алдында, өзі сүйетін халқының алдында ғана әзиз басын иген таутұлғалы Баукеңнің ерлік даңқы халық жадынан өшпек емес.
«Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, алдағы келер күнді, болашақты сұңғылалықпен алдын ала болжай білген Батырдың рухына кейінгі жас ұрпақ үнемі бас иіп, тағзым етіп отырады. Баукеңнің ерлік істері де қазақ халқының жадынан әсте шықпай, керісінше жылдар жылжыған сайын жаңғыра береді.
Жылдағы дәстүр бойынша жуалылық жерлестері 24 желтоқсан – хас Батыр Бауыржан Момышұлының туған күніне орай даңқты қолбасшының атын иеленген ауылдағы еңселі ескерткішіне гүл қойып, таутұлғаның рухына тағзым жасады. Онда аудан әкімі О.Қаржауов, аудандық мәлихаттың хатшысы Е.Тілеубеков, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңестерінің төрағалары, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық әкімдікке қарасты бөлімдер мен мекеме қызметкерлері кезегімен Батыр ескерткішіне гүл дестелерін қойып, рухына тағзым етті.
Ескерткіш басында өткен шағын митинг барысында аудан әкімі Олжас Қаржауов сөз сөйлеп, жиналған қауымға даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін қастерлеу, рухын ардақтау – азаматтық парыз екенін баса айтып, Жамбыл облысында Батырдың есімі 50-ге жуық көшеге, мектептер мен саябақтарға берілгенін мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, Б.Момышұлының елімізге және әскери салаға сіңірген еңбектерін үнемі насихаттай беру қажеттігін атап өтті.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close