«Ас – адамның арқауы» дегенді ертеден ұғынған қазақ халқы асты қастерлеп, жоғары бағалайтынын бала күнімізден құлағымызға құйып өстік. Үлкендерден «нанның қоқымын шашпаңдар, обал болады», «нан болған жерде тоқшылық болады» деген сөздерді көп еститінбіз. Бала күнімізде бауырларымызбен таласа жердегі нан қоқымдарын теретініміз де есімде. Әр нәрсенің сұрауы бар екенін, астан үлкен емес екенімізді де үлкендер жиі айтатын. Иә, үлкендер бізді осылай тәрбиеледі.
Ал, қазір ше? Қазіргі кезде мен жалпы жастар арасында туған күндерінде бір-бірін құттықтау үрдістерін көріп, қынжыламын. Туған күн иесін құттықтау үшін қолдарына түрлі-түсті шарларымен қоса, тәтті торттарын алып туған күн иесінің бетіне тортты жағады. Бұл не масқара? Бұл – нанды қорлау емес пе? Әлде тойынғандық па? Немесе үлкендерден кетіп жатқан қателік пе? Мүмкін бұл үрдіс олар үшін есте қалатын қызықты сәт шығар. Бірақ, біздің халқымыз үшін бұл – тәрбиесіздік, обал, ысырапшылдық. Біріншіден, оны дайындау үшін аспазшы қаншама күш пен еңбек жұмсады. Екіншіден, оны жасау үшін қаншама уақыт кетті. Ол тәтті бәлішті бетіне жаққанша, бірге отырып дәмін татып, ізгі тілегін жеткізсе, ысырапшылдыққа жол берілмес еді.
Жақында тағы да бір жайттың куәсі болдым. Құрдастары туған күн иесін құттықтаудың «ерекше тәсілін» шығарыпты. Достары туған күн иесін талға байлап, бетіне ұн шашып, жұмыртқа лақтырып, тәтті сусындар, сұйық май шашып құттықтайды екен. Енді, мұнысы нағыз тәрбиесіздік пен тәртіпсіздіктен, мәдениетсіздіктен туындаған әрекет.
Тәрбие – талбесіктен басталады. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Аталған өрескел қателіктер баланың ұшқан ұясынан кетіп жатқан секілді. Сол себепті, баласының іс-әрекеттеріне, таным-түсінігіне әр ата-ана мән беруі керек. Сонымен қатар, баласының санасына әр нәрсенің обалы болатынын үнемі айтып отыруы қажет.
Ойды ой қозғайды. Айналадағы қате кеткен тұстарды түзеуге атсалысу – әр адамның парызы. Болашағымыз жастар саналы тәрбиелі болып қалыптасуы үшін де қоғам болып атсалысуымыз керек. Олардың санасына әр нәрсенің обал-сауабын құйып, ас атасы саналатын нанға құрметпен қарауды үйреткен абзал.