Basty bet
Ардагерлерге құрмет көрсетілді
Семей полигоны – КСРО-ның ядролық сынақ жүргізуге арналған аса маңызды стратегиялық объектілерінің бірі болды. Оны ашу үшін 18 миллион гектар жер бөлінген болатын. Бастапқыда сынақтар жер бетінде жүріп, адамдар мен қоршаған табиғатқа айтарлықтай зиян келді. Кейін сынақтар тек жер астында жүргізіле бастады. Атом бомбаларының жарылысы жергілікті тұрғындар үшін ауыр тиіп, 500 мыңдай адам азап шекті. Мамандардың айтуынша, Семей полигонында өткізілген ядролық жарылыстың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп.
1949 жылы алғаш сынақ жүргізілген уақыттан бастап Семей және Павлодар облыстарында радиациялық сәуленің әсерінен түрлі ауруға ұшырағандар саны артты. Себебі, иондалатын радиация гендік кодты өзгерте алады. Осының салдарынан адам өкпе мен сүт безі рагына және ісіктің көптеген басқа түріне шалдықты. Сондай-ақ, нәрестелер кемтар болып туып жатты.
Осы сынақтарды тоқтату үшін «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттығына үміткер болған Олжас Сүлейменов 25 ақпанда Алматы қаласында өткен ереуіл кезінде сынақтарға тыйым салу қозғалысын жақтаушыларға үндеу оқып, ядролық қаруға тыйым салуды талап етті.
1991 жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен полигон жабылып, қозғалыстың алға қойған мақсаты орындалды. Сол жылдан бастап 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні болып бекітілді. Бұл күн барша адамзат тарихындағы айтулы күн.
Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 28 жыл.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков сәрсенбінің сәтті күні Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен, әскери қызметтерін өткерген азаматтарды қабылдады.
Басқосуда сонымен бірге аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков пен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков қатысып отырды.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы апат аймағында әскери борыштарын өтеген азаматтардың еңбегі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын және бүгінгі бейбіт заман да олардың еліміздің дамуына өз үлестерін қосып отырғандары жас ұрпақ үшін қашан да үлкен үлгі-өнеге екенін жеткізді.
-Тәуелсіз еліміз бүгінде даму үстінде. Алдымызда үлкен міндеттер күтіп тұр. Еліміздің бұдан да жарқын болашағы үшін барлығымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Сондықтан сіздердің тараптарыңыздан қандай да бір ұсыныс, пікірлеріңіз болса, мен қашан да тыңдауға, мүмкіндігінше көмектесуге дайынмын,- деп ардагерлерді еркін пікір алмасуға шақырды.
Облыстық «Чернобыль-Семей» қозғалысының төрағасы Шынарбек Райысбеков сөз кезегін алып, ардагерлердің атынан алғысы мен өтініш-тілектерін жеткізді.
-Мен жақында ғана Қырғызстанда болдым. Ол жақтағы Семей полигонына қатысқан азаматтарға біздің елдегідей жағдай жасалмаған екен. Біздің мемлекетте тиісті оңалту, сауықтыру емдерін қабылдауға жеңілдіктер жасалған, арнайы жәрдемақылар беріледі. Қысқасы, Үкімет тарапынан қолдау бар. Сондықтан барды бағалай отырып, Үкіметке, сіздерге алғысымызды білдіреміз.
Әрине, Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтеген азаматтардың барлығының денсаулығы нашар. Олардың отбасында балаларының кемінде біреуі мүгедек болып туған. Қашанда Үкіметтің қолдауын, көмегін қажет етеді. Көбінде біздің ардагерлердің ауруханаға барғанда кейбір мамандардың жұмысына салғырт қарауы, дұрыс қабылдамуы көңілдеріне сызат түсіреді,- деді Шынарбек Райысбеков.
Әрі қарай ардагерлер кезектесіп сөз алып, көкейлерінде жүрген мәселелермен бөлісті.
Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков әңгіме барысында тарих үшін айтылған маңызды ұсыныстарын құптай келіп, елімізге амандық, ауызбіршілік тіледі.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы кездесуді қорытындылай келе, ардагерлерге естелікке сый-сияпаттар тапсырды.
Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»