Қарасаздағы нұр
Жерден биік күн түбінде Нарынқол –
Бүгін оған бетін бұрған барлық жол.
Тойшыл қазақ болсамдағы мұншалық,
Көрмеп едім жиналғанын халық мол.
Нарынқолдың күнге жақын жерінде,
Ұлы ақын Мұқағали елінде,
Қарасазға құйылған жұрт тасқыны,
Сын болғандай қазақ пейлі кеңіне.
Баурайында Елшенбүйрек тауының,
Алаулайды алтын сәуле, қалың нұр:
Қонақ күтткен Қарасаздың ел-жұрты,
Аузын ашса төгіледі жалын жыр.
Елшенбүйрек орманы мен тастары,
ҚарасАздың жері, суы, аспаны.
Өрісі ме қасиетті өлеңнің:
Түгел ақын үлкен-кіші, жастары.
Өлеңменен тілі шыққан баласы,
Басын қосса, жыр оқыған таласып.
Ауыл болып Мұқаң жырын жатқа айтқан,
Мұқағали даңқына тұр жарасып.
Күн асты ел Қарасаз өз төсінен,
Үрпі емген талай ақын өсірген.
Қанатты аттай Мұқағали осында,
Аламанға суытылып көсілген.
Мұқан содан бәйге бермей келеді,
Өзі жоқта шаппай бәйге береді.
Сексен жылдық мерей тойын өзінсіз,
Тойлап жатыр, міне, туған ел енді.
Етегінде Елшенбүйек аршалы,
Мұқағали рухы елін қарсы алды.
Сағындырып, сүйіндіріп, аңсатып,
Сырлас қылған, мұңдас қылған баршаны.
Шалкөдеге жыр асты
Ертеңіне Шалкөдеге жыр асты,
Мұқағали тойы тойға ұласты.
Алтай – Арқа, Жайық – Сырдан келген ел,
От жыр баурап, бір күліп, бір жыласты.
Елшенбүйрек – Кетпен – Қулық жанасып,–
Айнала тау, тегіс жазық арасы.
Сияқты екен қонағына осы елдің,
Лүпілдетіп жыр құятын шарасы.
Сол шарадан жырға қанды қазағым,
Тау суындай таза жүрек, таза мұң.
Бой балқытып, шаттандырды, күрсінтті,
Өр ақынның бақыты мен азабы.
Біздің қазақ жан қиналса қашаннан
Халық емес, қанжар ұстап, тас алған.
Сейілдірер, серпілдірер сөз іздеп,
Әнмен, жырмен көңіл дертін баса алған.
Содан болар сертке сеніп, жыр сүйген,
Сөзге тоқтап, қайта келген нұр күйге.
Жақсы бір іс бітіргендей рахат, мәз,
Кешірім қып жауға, дауға, түз, үйге.
Әркім жырдан өз керегін таныған,
Мұқаңның да жыры жанды жаныған:
Сүйген, күйген, намыс, қайрат, адамдық,
Елдік, ердік – бәрі-бәрі табылған.
Заман – жаңа! Қазақ жолын оңдады,
Мұқан дітін ел боп, міне, қолға алды.
Ақын сөзі – әр қазақтың тілінде,
Ақын рухы – әр қазақтың қорғаны.
Тәуелсіз ел – ел екенін көрсетті,
Ұлттық сана, уа сүйінші, ер жетті!
Ақынменен егіз туған поэзия,
Мұқаң болып, алшаң басып төрлетті.
Мұқағали өлеңінің толғағың,
Қысқандайын аспанды бұлт торлады,
Тамбай өтсе – әруағы шерлі әлі,
Нұр боп жауса – той көңілге қонғаны.
Қақ ортада Шалкөденің өзені –
Жайлаудағы тіршіліктің өзегі.
Жағасында Мұқаң тасып шалқаған,
Албырт, қызба небір жырдың көзі еді.
Шалкөденің күнгей тұсы –Айғайтас,
Айқай салсаң, қайта естілер айғай, рас.
Ала таңда жақын барып тыңдадым:
«Мұқағали!» деп жаңғырды, айхой, тас!
«Мұқағали!» деп жаңғыртқан тау үні,
Оятты ма, көрдім ерте тау күнін.
Ғашығынан қымсынғандай қызарып,
Сипай берді шапағымен тау гүлін.
Таң асырып суытқан бір бәйге атты,
Жас баланы кезектіріп, тіл қаттым:
«Дұрыс шапсаң, атың озып келер!» – деп,
Жұпар шөптен мөлдіреген шық таттым.
«Сәйгүлігің ізін анық басып тұр,
Артқы тұяқ алдынғыдан асып тұр.
Құлақ, шоқтық, сауырыны бір енде,
Бүгінгі той аттың бағын ашып тұр!»
«Айтқаныңыз келсін!» – деді жас бала,
Ал бәйгеде сол хас тұлпар, рас, дара.
Жеңіп кетті! Мұқағали жырындай,
Шаң іліспей, өлең көшін бастаған.
Аламанда сол жүйріктің озғаны
Көкейімде асыл жорым қозғады…
«Шын жүйрікті, жүйрік таныр!» дегендей,
Жыр пырағы Мұқан, бәлкім, қолдады.»
Есен болғын, Қарасаз
Көптен күткен той да, міне, тарқады,
Мыңдаған ән шымырлатты арқаны.
Мыңдаған жыр ғашық етті өмірге,
Мұқағали рухы жебеп арқалы.
Мұқағали сынды ғажап алыптың,
Жұрты екенін Қарасазы танытты:
Тау күніндей жарқыраған, жайнаған,
Тау түніндей көрдік ойлы халықты.
Ұлы жырмен қауышқан ел аттанды,
Мұқаң рухы жауын шашып шаттанды.
Қайран ақын үлгермеген жырларын,
Ағыл-тегіл көктен құйып ақтарды.
Әз ақынға ризық дұға тіледік,
«Қош, Қарасаз! Ал енді деп жүрелік!»
Дүрілдеді мың сан мотор Мұқаңның,
Қайта соғып кеткендей боп жүрегі.
Сәбит Дүйсебаев,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі,
Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің Құрметті профессоры,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы