Basty bet

Сақтық шаралары ескертілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде: «Мемлекеттік комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды. Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек. Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн» деп атап көрсеткен болатын. Осы ретте, ауданымызда бірқатар кәсіпкерлер жұмыс істеуге рұқсат алып, өз істеріне кірісті. Кәсіпкерлердің жұмыс орындарындағы санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясы, филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі және коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі құрылған аудандық жедел әрекет ету тобы өткен аптада бірқатар нысандардың жұмысымен танысып қайтты.

Ең алдымен олар Бауыржан Момышұлы ауылы Б.Сафинов көшесінің бойындағы «ЕURO Lux» құрылыс дүкеніне барды. Дүкеннің сатушысы Нелия Тойгулиева, «Дүкенде санитарлық нормалардың талаптары қатаң сақтаудамыз. Дүкенге кіреберісте арнайы антисептик әзірленіп, қол жуатын орын ұйымдастырылды. Есіктің сыртына «Маскасыз кіруге болмайды» деген хабарлама ілініп, ішке үш адамнан артық кіргізілмейтіндігі ескертіледі. Жұмыс істейтін азаматтар маска, қолғап және халатпен қамтамасыз етілген. Жұмыс уақытымыз таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін. Құрылыс дүкеніне тұрғындар көптеп келуде. Біз де жұмысымызды қайта бастағанымызға қуаныштымыз. Жұмыс барысында барынша сақтық шараларын сақтайтын боламыз» дейді. Мұнда тексерушілер тарапынан санитарлық тазалықты қатаң сақтау керектігі айтылып, дүкен қызметкерлерімен келушілерге тегін маскалар таратып берілді.
Одан кейін жұмысшы топ мүшелері жоғарыда аталған көшедегі «Шақпақата» және «Қайрат» құрылыс заттары дүкендеріне де барды. Аталған екі құрылыс дүкендерінде санитарлық тазалық талаптары ішінара сақталған. Дүкеннің кіреберісіне антисептик қойылып, қол жуатын орын әзірленген. Сатушылар маска кигенімен қолғап және халатпен қамтамасыз етілмеген екен. Бұл жайтты ескерген жұмысшы топ мүшелері жеке кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп, санитарлық талаптарды қатаң сақтау керектігі түсіндірілді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлерге ең бастысы, адам өмірінің қауіпсіздігі мен денінің саулығын ескеру қажеттілігі айтылды. Ал, құрылыс дүкендерінің иелері аудан тұрғындарын қажетінше құрылыс заттарымен қамтамасыз етуге қорлары жеткілікті екендерін жеткізді.
Сондай-ақ, жұмысшы топ мүшелері Жібек жолы көшесіндегі «Автобөлшектер» дүкеніне барып, ондағы санитарлық тазалықтың сақталуына бақылау жасады. Бұл жерде де санитарлық тазалықтың ішінара сақталғаны анықталды. Сатушылар маска киген, алайда халат және қолғап кимеген. Бұл нысан бойынша да дүкен иесіне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сатушылар мен келушілеріне тегін маскалар таратылып берілді. Кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік тілеп, сақтық шараларын қолдану керектігі де ескертілді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close