Basty bet

«Тараз» футбол клубына қолдау жасалады

Футболдан ел чемпионаты қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» ФК жаттықтырушылары және ойыншыларымен кездесті. Кездесуде тек ағымдағы маусымның міндеттері ғана емес, жалпы аймақ футболын дамыту стратегиясы туралы да жан-жақты сараланды.

Бердібек Сапарбаев ойыншылармен жүздесуде Жамбыл футболын дамытудың егжей-тегжейлі бағдарламасын ұсынып, ол бойынша облыс басшылығының алдағы жылдарға арналған стратегиясы туралы кеңінен әңгімеледі.
– Біз балаларды оқытумен қатар футболдың қыр-сырына баулитын мектеп-интернатын ашуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, балалармен жұмыс істейтін жоғары білікті жаттықтырушыларды тартып, академия құру қажеттігіне назар аударудамыз. Сондай-ақ, түрлі турнирлерге қатыстыра отырып, барлық жастағы командаларды өзара тәжірибелерімен алмастырып отыру да аса маңызды.
Біз балалар футболынан жасөспірімдер футболына, одан кейін жастар футболы және облыстың бас құрамасына ауысу үдерістерінің ешбір кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін жеткіншектердің дамуын мұқият бақылап, назарда ұстауымыз керек. Ағымдағы маусымнан бастап бірінші лигада өнер көрсететін «Игілік» командасында жас футболшылар сынға түспек. Осы тұрғыда біз Қаратау қаласындағы аталған клуб орналасқан стадионды күрделі жөндеуден өткізгенімізді айта кеткен ләзім.
Сонымен қатар, «Тараз» ФК-ның кез-келген уақытта негізгі құрамда ойнай алатын өзінің күшті дубльі болуы тиіс. Біз ұзақ жылдар бойы үйлесімді жұмыс істейтін жүйені қалыптастырып, өзара сабақтастықты қамтамасыз етуіміз керек, – деді Бердібек Сапарбаев.
Бүгінгі таңда командада да, жаттықтырушылар құрамында да үлкен өзгерістер орын алған. Команданы УЕФА PRO бапкерлік лицензиясына ие және Арменияның ұлттық құрамасымен нәтижелі табыстарға қол жеткізген тәжірибелі маман Вардан Минасян басқармақ. Ол өз кезегінде Чехия, Дания, Словакия, Македония сияқты мықты ұлттық құрамаларды жеңіп, Еуропаны шулатқан еді. Сондай-ақ, Италиямен қонақтық кездесуде (2:2) тең түскен. Нәтижесінде, Армения құрамасы Минасян бапкер болған тұста ФИФА рейтингісінде 103 орыннан 34 сатыға бір-ақ көтерілді. Бапкерлер құрамына жергілікті мамандар Сергей Тагиев, Александр Кучма, Арслан Сатубалдин және Самат Наурызбаев енген.
Кездесуде сөз алған Вардан Минасян команда құрамы 60-70 пайызға жаңарғанын тілге тиек етті. Басқа да ойнауға тұрарлық талантты жастар көп. Бірақ уақыт тапшы, сондықтан ресми матчтарда тәжірибе жинақтауға тура келеді. Ол күні бұрын көп уәде бермеуге тырысып, тек команданың әр матч сайын соңғы минутқа дейін күресетініне сендірді. «Біз ешкімге оңай алынатын қамал болмаймыз», – деп атап өтті армян маманы.
– Егер сіздер алаңда бар күш-жігерлеріңізді салып ойнасаңыздар, жанкүйерлер сіздерді қолдауға тырысады. Дәл қазір сіздер аябай ойнайтын жалынды жастасыздар. Өздеріңіздің болашақтарыңыз үшін еңбек етудесіздер. Нағыз кәсіби маман болу үшін өздеріңізді осы ойынға толығымен арнау керексіздер, – деп атап өтті облыс әкімі.
Кездесу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев командаға жаңа жайлы автобус сатып алынатынын айтып, облыс басшылығы өз алаңымызда өтетін барлық матчтарға қатысып, команданы қолдауға уәде берді.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close