Basty bet

Ауылға кел, жас маман!

Денсаулық – зор байлық. Халқымыз қашанда денсаулықты басты байлыққа балаған. Осы ретте ел тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, жалпы аталған саланың дамуына мемлекетіміздің басымдық беретіні әу бастан белгілі. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында бірқатар бағдарламалар қабылданып, жүйелі жүзеге асырылып келеді.

Биылғы жылы әлемнің бірқатар елдеріне тараған коронавирустық инфекцияға байланысты індет жағдайында да халық ең алдымен өзінің денсаулығына баса мән бергендері дұрыс. Қазіргі таңда біздің еліміз де аты жаман індетпен күресте адамдардың өмірін сақтап қалу жолында көптеген шаралар қабылдау үстінде. Бұл мәселеде ең алдымен медициналық мамандарды дайындау жұмыстары маңызды болып қала беретіні даусыз.
Біздің аудандағы денсаулық сақтау саласын алып қарайтын болсақ, кейінгі жылдары осы мақсатта ауылдық жерлерден тұрғындардың игілігі үшін дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік және медициналық пункттер бой көтеріп, тұрғындарға медициналық тұрғыдан қызмет көрсету үстінде. Өткен 2019 жылдың бедерінде ауданға қарасты елдімекендерде барлығы сегіз бірдей денсаулық сақтау мекемесі салынып, пайдалануға берілген болатын. Одан бөлек, аудан орталығында үлкен аудандық орталық аурухана, сонымен қатар, емхана тұрғындардың денсаулығын нығайтуға ұзақ жылдан бері қызмет көрсетіп келеді.
Аудандағы медициналық қызмет көрсететін мекемелерді білікті дәрігерлермен және басқа да орта және кіші буынды медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету туралы аудандық орталық аурухананың персоналды басқару бөлімінің маманы Баян Тойбаевадан сұрап-білген едік.
-Аудандағы денсаулық сақтау мекемелерін жас әрі білікті мамандармен қамту жұмыстары бір жолға қойылған деп айтуға болады. Осы ретте 2016 жылы екі маман, 2017 жылы – 14, 2018 жылы – 16, 2019 жылы – тоғыз, ал биылғы жылдың басынан жеті маман ауданға келіп, жұмыс атқару үстінде. Айта кету керек, жас мамандардың дені еліміздің әр аймағынан және Қазақстанның белгілі медициналық университеттерінде білім алған азаматтар. Оларға осыған дейін алғашқыда 70 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы беріліп келсе, өткен жылдан бастап бұл көрсеткіш 100 АЕК-ге дейін ұлғайтылып отыр. Одан бөлек, арнайы жолдамамен жұмыс істеймін деген жас мамандарға республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан 800 мың теңге көлемінде де біржолғы қайтарымсыз көмек беріледі. Бұл ретте жолдамамен келген жас маман қызмет орнында бес жыл үзіліссіз жұмыс жасауы тиіс. Қазір біздің ауданға келіп жұмыс жасап жатқан жас мамандардың көбісі аурухананың жатақханасында тұрып жатыр. Араларында мүмкіндігінше тұрғын үймен қамтамасыз етіліп жатқандары да бар. Жалпы жас мамандарды жергілікті жерде тұрақты ұстап қалу үшін аурухана әкімшілігі тарапынан мүмкіндігінше моральдық және материалдық тұрғыдан жағдай жасалып отыр деп айтуға болады. Тиісінше, мамандардың да жұмыс жасауға деген құлшыныстары жақсы,- дейді Баян Сейітқасымқызы.
«Жас келсе, іске!» демекші, 2018 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, біздің ауданға жолдамамен келіп жұмыс жасап жатқан жалпы тәжірибелі дәрігердің бірі – Еркебұлан Көмек. Жас маман Еркебұлан Бердалыұлы 1993 жылы қазіргі Түркістан облысы Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылында шаруа отбасында туған. 2011 жылы осындағы Шарбұлақ жалпы орта мектебін бітірген соң елордадағы Астана медициналық университетінің жалпы медицина факультетіне түсіп, оны 2018 жылы жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығымен ойдағыдай аяқтаған.
-Жыл сайын Астана медициналық университетін бітірген жас мамандарға арналып бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Мен оқу бітірген жылы да дәл осындай жәрмеңке өтіп, онда Жуалы аудандық орталық ауруханасына жұмыс жасауға сұраныс түскен екен. Мен басқа өңірлерді таңдамай, бірден Жуалы ауданына келдім. Аудандық орталық аурухананың ұжымы мені жылы қабылдап, емханаға жалпы тәжірибелі дәрігер болып орналастым.
Жас маманның аты – жас маман. Алғашқы кезде емханада жұмыс істеп, орнығуыма әрі тәжірибе жинақтауыма аға дәрігерлермен қатар орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасарлары да бірдей ақыл-кеңестерін беріп, жан-жақты көмек көрсетті. Қолдау көрсеткен азаматтарға алғысымды білдіремін.
Жұмысыма келер болсам, жалпы тәжірибелі дәрігер болғандықтан өзіме бекітіліп берілген учаскемде тұратын тұрғындардың денсаулығын күнделікті тұрақты бақылауда ұстап отырамын. Оларға ақыл-кеңестер береміз. Ауырып келген науқастарға ем тағайындап, айығып кетуіне де бақылау жасаймыз. Шақыртуларға барамыз. Орталық ауруханадағы қабылдау бөліміне кезекшілікке түсеміз. Жалпы дәрігерлердің негізгі міндеті – тұрғындардың денсаулығының нығаюына ықпал ету. Дегенмен, әр адамның денсаулығы, күнделікті өмір сүру салты өз қолында. Сондықтан әр адамның өзінің денсаулығына, сонымен қатар, отбасы және қоғам мүшелерінің өміріне зиян келтірмей әрекет еткені дұрыс деп ойлаймын,- дейді Еркебұлан Бердалыұлы.
Еркебұлан Көмек жақында ғана отау тіккен екен. Келіншегі Айна Нұрханқызы да жалпы тәжірибелі дәрігер. М.Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық университетін бітірген. «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасымен Жуалы ауданына жұмыс істеуге келген екі жас маман осында танысып, шаңырақ көтерген. Бұл жас отбасы аталған бағдарлама бойынша жақында баспаналы болмақшы. Қажетті құжаттарын өткізіп қойған.
Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегеніміз әлдеқайда тиімді емес пе? Жалпы тәжірибелі дәрігер Еркебұлан Көмек те бізбен сұхбат барысында осыны баса айтты. Жас маман аурухана басшылығының тапсырмасымен пандемияға байланысты дәл қазіргі уақытта ауруханаға қарасты провизорлық стационарда қызмет атқару үстінде. Айта кету керек, аудандық орталық арухананың жұқпалы аурулар бөлімі шілде айынан бастап коронавирустық инфекциямен науқастанған адамдарды емдейтін провизорлық стационар болып қайта жабдықталған болатын. Әрине, мұнда да аурулармен жұмыс жасау оңай емес. Жалпы тәжірибелі дәрігер Е.Көмек аты жаман індет жұқтырып ауырған науқастармен де жұмыс жасауда. Бұл да жас маман үшін үлкен тәжірибе мектебі мен сынақ болмақ. Сынақтан сүрінбей өтуге, халықтың денсаулығын нығайтуға үлес қосып жүрген Еркебұландай білікті жас маманға біз де сәттілік тілеп қоштастық.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close