Basty bet

Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік

Тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақ астында ұзақ жылдар бойына ынтымақ пен бірлікке ұйыстырып, тату-тәтті ұстап отыру оңай шаруа емес. Еліміз достық пен бірлікті ту ете, қанша уақыттан бері ешқайсысын шашау шығармай, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны болып келеді. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.

Елімізде ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән беріледі. Аталған мәселе мемлекеттік саясаттың өзегін құрайды. Соның арқасында елдік ұстанымға сай, барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етілуде. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақыратын ұстаным жатыр.
Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады.
Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Кавказ, Қырым, Еділ жағалауынан және өзге де елдерден жаппай жер аударудың салдарынан елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет. Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.
Ауданда бүгінде бес этно-мәдени орталық тіркеліп, жұмыс атқарса, олардың барлығы тілдерін, ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдениетін жаңаша дамыта отырып, көпұлтты еліміздің өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне өз үлестерін қосып келеді.
Саны жағынан басым славян этномәдени бірлестігін (орыс, украин, беларусь) 3251 этнос өкілдері құрайды. Олар аудан орталығында, Қарасаз және Ақтөбе ауылдық округтерінде шоғырланған. Бірлестік төрайымы №1 мектеп-гимназияның орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Николаевна Протасова.
613 этнос өкілдерін біріктіретін әзірбайжан этномәдени орталығын «Мехрибан Шаңырақ» қоғамдық қорының президенті, аудандық мәслихаттың депутаты Эсмира Гашангқызы Мамедова басқарады. Әзірбайжандар негізінен ауданымыздың Бауыржан Момышұлы ауылында, Шақпақ және Мыңбұлақ ауылдық округтерінде тұрады. Аталған этномәдени орталық өкілдерінен денсаулық сақтау саласында сегіз адам жұмыс істейді. Есімі ауданға танымал, беделді хирургтер – Қалды Байрамов, Джамшид Мамедов. Әзірбайжан этно-мәдени орталығының белсенділері: Абдуллаев Джафар – зейнеткер, Аллахвердиев Байрам – зейнеткер және Металимова Судаба – «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы.
Шешен этномәдени орталығын 558 этнос өкілдерін құраса, олар Б.Момышұлы ауылы, Жетітөбе, Күреңбел және Қошқарата ауылдық округтерінде тіршілік етуде. Орталық төрағасы «СМТС» ЖШС басшысы, кәсіпкер Лечи Оздамиров. Шешен ұлтының өкілдері негізінен мал шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысады. Орталықтың белсенділері №1 мектеп-гимназия биология пәнінің мұғалімі Тамара Солдахметова, шешен этномәдени орталығы жастарының ұйымдастырушысы Малкан Бачаева.
Өзбек этномәдени орталығы 186 адамды біріктіреді. Олардың ауданда тұратын мекендері негізінен Б.Момышұлы ауылы және Нұрлыкент ауылдық округі. «Өзбек» этномәдени орталығының төрайымы –Зувайда Мәжитова. «Өзбек» этномәдени орталығының белсенді мүшелері СЭС зертханасының басшысы Рано Мажитова, зейнеткер Шәкіржан Мамаджанов. Өзбек ұлты өкілдерінің басым көпшілігі жеке кәсіппен айналысады.
Ауданда сондай-ақ, «Жамбыл облысының немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалы жұмыс істейді, оған 139 адам мүше болып табылады. Неміс ұлтының өкілдері Б.Момышұлы ауылында, Нұрлыкент ауылдық округінде басым орналасқан. Аудандағы ресми өкілі – Елена Пономарёва. Белсенділері – Валентина Письмак – №1 мектеп-гимназияның директоры қызметін атқарған, ардагер ұстаз, Георг Кох – «Гамбург» ЖШС жетекшісі.
Ауданда үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында этносаралық қатынастарды реттеу, достық, тыныштық, татулық, тұрақтылық орнату бағытындағы жұмыстарды жандандыру мақсатында 28 іс-шара ұйымдастырылып, өткізілді. Этносаралық қарым-қатынасты нығайту жөнінде комиссия құрылып, ауданның әр аймағындағы тұрғындармен 14 кездесу өткізілді.
Биылғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі әлем елдерін шарпыған коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында елімізде жарияланған төтенше жағдай режімі кезеңінде өтіп жатқандықтан, ұлтаралық келісім мен татулықты дәріптейтін онлайн шаралар жоспары әзірленіп, мереке алдындағы онкүндікте 13 онлайн іс-шара өткізу жоспарланды. Жоспарға сай аудандық БАҚ-та, әлеуметтік желі парақшаларына этномәдени орталықтар жетекшілері, мүшелері туралы «Татулықты сақтауға үлес қосқан шуақты шаңырақ», «Тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған», «Береке басы – бірлікте» және т.б. тақырыптарда арнайы мақалалар жарияланды.
Аудандық БАҚ-та, әлеуметтік желі парақшаларына этномәдени орталық мүшелерінің құттықтаулары, бейнероликтері жарияланды. Сонымен қатар, этномәдени орталықтар арасында ұлттық тағамдар дайындаудан бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерге орналастырылды.
«Біз біргеміз!» акциясы аясында «Шақпақ» өткізу бекетінде полиция қызметкерлеріне, дәрігерлерге, жауынгерлерге арналып дастарқан жайылып, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түліктер үлестірілді.
Білім беру мекемелерінде «Бірлік пен келісім» тақырыбында онлайн сабақтар, «Бірлігі жарасқан Қазақстан!» тақырыбында қашықтан оқыту жағдайында мерекелік іс-шара, челлендждер әлеуметтік желілерге орналастырылды. Сондай-ақ, «Қазақстан – татулық пен келісімнің мекені!» тақырыбында қашықтан сурет салу байқауы өткізілді. «Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» тақырыбында мәнерлеп оқудан челлендж ұйымдастырылды.
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай онлайн бейнетүсірілім, онлайн-оқулар, «Ертегілер» челленджі әлеуметтік желіге жарияланды.

Марат НАРЫМБЕКОВ,
аудан әкімдігі ішкі саясат
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close