Basty bet
Бірлігі жарасқан отбасы
«Түрі басқа болса да, тілегі бір. Жүзі басқа болса да жүрегі бір» демекші, біздің ауданымызда да түрлі ұлт өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бейбітшілік пен бірліктің берекелі ордасына айналған ел іргесінің берік болуы ондағы өмір сүрген әр шаңыраққа байланысты. Өңірімізде тәуелсіз еліміздің тірлігіне тілеулес болып, Қазақстанды туған Отан санайтын түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылар жетерлік.
Бір шаңырақтың астында бір ұлттың баласындай болған олар өзара түсіністікпен, сыйластықта өмір сүруде. Солардың бірі – Кулиевтер отбасы. Отағасы әзірбайжан ұлтының азаматы Джамиль Дзаваншир-оғлы Кулиев 1985 жылы аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келді.
Отанасы Ирина Леонидовна да Бауыржан Момышұлы ауылының тумасы. Ирина аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы білім ордасын аяқтаса, жолдасы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте білім алған. Тағдырдың жазуымен, әзірбайжан азаматы орыс қызы Иринаға ғашық болып, олар 2005 жылы шаңырақ көтереді. Тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасы үш перзентті дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған бірлігі жарасқан бақытты жандар.
-Біздің шаңырақта береке мен бірлік бұлжымас қағида. Түрлі ұлттан болсақ та, арамызда ешқандай түсінбеушілік болған емес. Дәстүрлерімізде айырмашылық бар. Бөліп-жармай барлығын да атап өтеміз. Ұлттың түрлі болуы татулыққа еш кедергі келтірмейді. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сыйластық бар, – дейді отанасы Ирина Кулиева.
Қазақстан – Отаным деп білетін олар мемлекеттік тілді білу елімізде тұратын әрбір азаматтың міндеті деп санайды. Өзге ұлттың өкілі болса да қазақылықты бойларына сіңіріп, тіліміздің шұрайлылығын сөз еткен отбасының бүгінгі келбетін көргенде бір марқайып қаласың. Қалай десек те, қазақ халқы секілді кеңпейіл шаңырақтың татулығы көпке үлгі боларлықтай.
«Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» дейді дана халқымыз. Ауызбіршілік пен түсіністік, сыйластық пен құрмет үстемдік құрған жерде ғана татулық орнайтыны белгілі. Сан ұлтқа сая болған қасиетті Жуалы жері халқының ауызбіршілігі мен татулықты ту еткен ынтымағы ұрпаққа үлгі, болашаққа өнеге болып қала береді.
Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсінік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»