Basty bet

Атакәсіпті алға бастыруда

Бие байлап, қымыз баптау қазақ халқының ата кәсібі. Қымыз — биенің сүтінен дайындалатын денсаулыққа шипалы әрі жұғымды сусын. Оны даярлаудың әдістері, өзіндік ерекшеліктері бар. Күнделікті өмірде қарапайым сусын ретінде пайдаланылғанымен, қазақ қоғамында қымыз қадірлі сусын ретінде бағалы. Себебі, оның көп дертке шипа екендігі айтпасақта белгілі.
Ауданымыз бүгінде азық-түлік өндіріп, оны экспорттауда алда тұрған өңірлердің бірі десек те болады. Оның ішінде, ауданда өндірілетін ет және сүт өнімдері нарықта сұранысқа ие. Сол секілді Жуалының қымызын арнайы іздеп келетін жандарда бар. Жуалы ауданын ерекшелеп тұрған климаттық жағдайы мен керемет табиғаты. Таулы аймақта орналасқандықтан емдік қасиеті зор сан түрлі өсімдіктерге бай. Қымыз көп дертке дәрумен ретінде пайдаланылса, сол жерде өрістеп, қоректенген мал сүтінің құрамы ерекше екені мәлім.
Ауданда ата кәсіпті дөңгелетіп отырған азаматтар аз емес. Сондай жандардың бірі Есенғали Мықтыбеков. Қымыз баптаудың әдіс-тәсіліне қанық Есенғали аға қымыз дайындауды әкесінен үйренген. Атакәсіппен алты жылдан аса уақыт айналысып келеді. Бастапқыда үй ішіне деп бір бие байлаған жан, қымыз дәмін татып көрушілердің сұранысына қарай оны кәсіпке айналдыруды жөн санаған. «Бүгінде қымыз сұранысқа ие, өтімділігі жоғары», – дейді Есенғали аға.
Тәулігіне 15-20 литр қымыз өндіріп отырған кәсіпкер, қымыз алушылардың қарасы көбейіп жатқанын айтады. Соған орай келешекте бие санын көбейтіп, кәсібін одан әрі кеңейтуді көздеп отырғанын айтты.
– Жылқы – тазалықты сүйетін кірпияз жануар. Оны баптап, сүтін алып, қымыз ашыту үшін ұқыптылық, ықтиярлық және тазалық басты назарда болу керек,- дейді Есенғали Мықтыбеков.
Қымыз ашытуға арнайы қызыл ағаштан жасалған сыйымдылығы 30 литрді құрайтын күбі алған. Күбіні күнделікті тазалап жуып, оны құйрық маймен майлап, киікотымен ыстап отырады. Қымыздан бөлек саумалға да сұраныс ерекше. Ашытылмаған бие сүтін тұтынушылар жетерлік,- дейді Есенғали аға.
Күн суытып, қар түскенде қымыз іздейтініміз өтірік емес. Сондықтан да кәсіпкер жылдың 12 айында да қымыз ашытуды тоқтатпайды. Жалпы, қымыз ағзаға жан-жақты әсер етеді. Оның ас қорыту мүшелерінің қызметіне, жүрек-қантамырлары аппаратына, жүйке жүйесіне және басқа да дене мүшелеріне қолайлы әсері өте көп. Әсіресе ол A, C және D дәрумендеріне бай.
Кәсіп бастап, оны дөңгелетудің өзі – өнер. Кәсіпке байланысты Төле би бабамыз: «Қарап отырма, бiр нәрсеге жарап отыр, кәсiп болмай, нәсiп болмас», – деген. Осыған орай, Ата-баба дәстүрін ұлықтап, ата кәсіпті дөңгелетіп отырған азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close