Basty bet
Аудан әкімі ардагерлерді құттықтады
Биылғы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1 миллион теңгеден, тыл және еңбек ардагерлеріне, Ауған соғысының ардагерлеріне де мемлекет тарапынан қомақты әлеуметтік жәрдемақы қарастырылып отыр.
Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында Ұлы Отан соғысына қатысқан екі ардагер азамат тұрып жатыр. Атап айтқанда, ауданда ұзақ жылдар еңбек етіп, еліміздің гүлденуіне аянбай үлес қосқан Шәріпбай Ақжолов және Николай Лебединскийдің жүріп өткен өмір және еңбек жолдары кейінгі жас ұрпаққа молынан үлгі-өнеге болып табылатыны сөзсіз. Жалпы Ұлы Отан соғысына қатысып, одан кейін де ауданның, облыстың экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің бірқатарына осыдан бірер жыл бұрын Жуалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілген болатын. Ауданның Құрметті азаматы атағын алған көзі тірі ардагерлердің қатарында Ш.Ақжолов пен Н.Лебединский де бар. Екі ардагердің жасы 90 жастан асқан.
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында аудан әкімі Н.Ергебеков Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шәріпбай Ақжолов пен Николай Лебединскийді мерекемен құттықтады. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков бастаған құттықтаушы топтың құрамында аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері, қоғамдық кеңестерінің төрағалары Естемес Аманбеков, Сейітхан Жұмашев, Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов те болды. Олар алдымен Николай Моисеевичтің шаңырағында болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын, аудан басшылығының атынан арнайы сый-сияпатын тапсырды. Сонымен қатар, құттықтаушы топ Шәріпбай Ақжоловты да Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, сый-сияпат табыстады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»