Basty bet

сапалы әрі жылдам аяқтауға мүдделіміз

Аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің 2021 жылғы 1 қазан күнгі № 71 санында «Тілшіге тығыз тапсырма» айдарымен журналист Абылайхан Сәрсеннің «Күрделі жөндеу …. мердігердің қаражаты есебінен» атты сын мақаласы жарық көрді. Мақалада бөлімге қарасты Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Сұңқар-2002» ЖШС басшылығының тапсырыс беруші Жуалы ауданының білім бөлімі тарапынан атқарған жұмыс көлеміне қаражат аудармай отырғаны айтылған.

Мен өзім бөлім басшылығына келгеніме көп болған жоқ. Алайда, маған дейін бөлім басшылығының тұрақтамауы мердігер ұйым басшысы айтқандай, төлем жүргізуге кері әсерін тигізбеген. Атқарылған жұмыстары бойынша 29 қыркүйек күні 13 млн 173 мың теңге қаржы аударылған.
Мердігер ұйым тапсырыс берушіге 38,0 млн теңгеге атқарылған жұмыс көлеміне екі мәрте акт толтырып жіберген. Қаражаттың мерзімінде төленбеуіне күрделі жөндеу барысында мердігердің жіберген кемшіліктері мен оларды жоюға асықпауы себеп болған. Ол туралы мақалада айтылмаған.
Мақалада айтқанымдай, конкурстық құжаттамада мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізуге шотта жеткілікті қаражатының бар екенін дәлелдеген. Оның газет бетінде пәлен жұмыс көлемі атқарылды дегенімен келіспейміз. Жұмыстың баяу жүруімен қоса, сапасында кемшіліктерге жол берілген.
Мәселен, жоғарғы қабаттың кей тұстарында электр сымдардың сыртына пластиктен жасалған иілгіш кеңірдекті қаптама кигізілмеген, үстіңгі қабатқа көтерілетін баспалдақ басқыштарының керамикалық жабындары сынған. Үш қабаттағы баспалдақ алаңындағы терезелер пластикке айырбасталғанда, өлшемі дұрыс өлшенбей, қапталы мен асты-үстінен 10-20 сантиметр келте өлшеніп, монтаждау көбігімен отырғызылған.
Одан бөлек, сейсмикалық күшейтуге арналған металл конструкциялар тазартылмаған, татқа қарсы іс-шаралар орындалмай орнатылуда, материалдар ашық алаңда сақталуда, қабырғаларды тазалау жұмыстары сапасыз орындалған, қоқыстар тазаланбаған, жергілікті тұрғындар қатарынан жұмысшылар қабылдау туралы конкурс талабы ескерілмеген.
Облыс әкімдігі құрылыс-сәулет бақылау басқармасының тоқтамы мен ауыл, мектеп басшылығының шағымдарынан кейін техникалық қадағалаушы «Әміреев және К» ЖШС мердігерге жіберген кемшіліктерді түзетуді талап еткен.
Жалпы объектідегі күрделі жөндеу барысы бөлімнің тұрақты назарында. Бөлімнің бас маманы-құрылыс инженері Мақсат Әбзелбеков мектепке жиі барып, атқарылған әрбір істің сапасын қадағалап, тиісті сын-ескертпелерін білдіріп отырады.
Біздің мақсатымыз – оқу орнындағы білім беру процесін жақсарту, оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай туғызу, ғимараттың жайлы, жарық болуын қамтамасыз ету. Дегенмен, оқушылардың қалыпты оқу процесіне тезірек оралуы үшін кей жағдайда талаптан шегініс жасауға тура келеді. Алайда, мердігермен қарым-қатынас заң аясынан шыққан емес.
4 қазан күні мердігердің есеп шотына тағы да 24,7 млн теңге қаражат аударылды.

Нұрмахан ТЫНЫБЕКОВ,
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы
Жуалы ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы

Таңдаулы материалдар

Close