Basty bet
Бірге екенімізді білдірейік
Дүниежүзінде таралып жатқан коронавирус індетіне байланысты елімізде сақтық шаралары барынша күшейтілуде. Мемлекет басшысы бұл індеттің кеңінен таралуына жол бермеу мақсатында елде төтенше жағдай жариялап, өңірлерде шектеулер қойыла бастады. Бұл уақытта барлық салада жұмыс тоқтап, жұмыссыз қалған азаматтар қатары көбейді. Мұның алдын алу алу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа бірнеше рет мәлімдеме жасады. Күні кеше ғана жасалған мәлімдемесінен халықтың көкейіндегі жүрген сауалдардың жауаптары табылғандай болды.
Мәлімдемеде асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілетіні айтылды. Мемлекет басшысы шаруаларды қолдау мақсатында бюджеттен 70 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінетінін айта келе, көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Президент ең алдымен шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткенді жөн санап отыр. Сонымен қатар, Президент Үкіметке жанар-жағармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендетуді жүктелгенін айтты. Бұл ауылдағы шаруалар үшін үлкен көмек болмақ. Дәл осындай қиын-қыстау кезеңде қалың бұқараға көмек көрсетілуі өте орынды. Сондай-ақ, Президент мәлімдемесі халыққа дер кезінде жасалып отыр.
Осы ретте, «Зылиха» шаруа қожалығы көктемгі дала жұмыстарына белсене кірісті. Жоспардағы 150 гектар алқапқа арпа егуді аяқтадық. Ендігі кезекте дәстүрлі картоп егуге дайындық үстіндеміз. Міне, осындай көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде Үкімет тарапынан көрсетілетін көмекке шаруалардың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Ендігі кезекте біз тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында аянбай еңбек ететін боламыз. Отандық таза өнімді де халыққа қолжетімді бағада ұсынамыз.
«Көппен көрген ұлы той» демекші, басымызға түскен осындай қиын күндерді ата-бабаларымыз да өткергенін білеміз. Олар барлығын да бірлік пен татулықтың, сабырлық пен төзімділіктің арқасында еңсерді. Бұл індетті де халқымыз сабырлық, шыдамдылықпен жеңеді деп сенемін. Бір-бірімізге бірге екенімізді, бірлігімізді көрсетейік.
Керімқұл Бегалиев,
«Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі.
Аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі