Basty bet
Талай түйткілдің түйіні арқатылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет екені мәлім. Барлық деңгейдегі атқарушы билік буындары мен қалың бұқара арасында талай жылдан бері қордаланған түйткілді мәселелердің оң шешімін табу мақсатында өткізіліп жатқан аудандық көшпелі қоғамдық қабылдау апта соңында Шақпақ ауылдық округінде жалғасын тапты.
Шақпақата ауылында өткен көшпелі қоғамдық қабылдауға аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Уркумбаев бастаған әкімдік бөлімдерінің жетекшілері мен мамандары, халыққа қызмет көрсету бөлімшесі мен құқық қорғау органдарының басшылары келіп, тұрғындардың өтініш-тілектеріне ден қойды.
Айта кетерлігі, бұрын-соңды болмаған мұндай ауқымды іс-шараға алдын ала ешкім жазылған жоқ. Оның тиімділігі де сол, аудандық БАҚ пен жергілікті әкімдік арқылы құлақтанған тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарды аудан басшысына немесе тиісті сала мамандарына тікелей бағыттауға мүмкіндік алды.
Түске дейін қабылдауға келіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойған жұрттың аяғы бір толастамады. Жергілікті азаматтық белсенді Смайыл Көбесов ауыл тіршілігіндегі сан салалы проблемаларды жеткізуге келіпті. Оның ауылда жүргізіліп жатқан ауыз су құбыры құрылысы барысына қатысты елеп-ескеретін бірқатар жайттар, жайылымның тарлығы, жер иеленушілердің заңсыз әрекеттері, жол және көпір жөндеу және т.т. секілді мәселелерін тиісті сала басшылары тыңдап, сол жерде өз бақылауына алды немесе шешу жолдарын көрсетті.
Мәселен, ол ауыз су құбыры ұңғымасының ауыл сыртында 30 метр ойпатта орналасатынына қатты алаңдаулы екен. Өйткені, ойдан қырға қарай су айдау қандай қуатты сорғы орнатылғанымен, қосымша шығынды қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан су тарту мұнарасына бұрынғы кеңшардың машина-трактор шеберханасы маңындағы ескі ұңғыманың әлі де жарайтынына сенімді. Ауыз су құбыры құрылысының ЖСҚ-сын әзірлеген кезде осындай жобалаушы ұйымның да, оны қадағалайтын орган назарынан тыс қалған.
Қабылдауды жүргізген аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков бұл мәселенің жақында жобалаушы ұйым, тапсырыс беруші мен мердігердің арасында өткен жиында талқыланғанын алға тартып, оның оң шешімін табуына ықпал ететініне сендірді.
Тәттібай Дүйсебайұлы ауылынан «Досбол» ШҚ мүшесі Дәурен Ыбырайымов көшпелі қоғамдық қабылдауға лизингке ауыл шаруашылығы тракторын сатып алудың қандай жолдары мен жеңілдіктердің бар-жоғын білмекке келіпті. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов шаруаға «ҚазАгроқаржы» АҚ-ның қаржыландыру механизмін түсіндірді. Ауыл тұрғындары Ардақ Полат, Гүлжаһан Баймұсаева Гүлнәзия Бегазова және т.б. аудан әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловтан атаулы әлеуметтік көмектің, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының жай-жапсарына қанықты.
Тұрғын үйді ресімдеу мәселесінің егжей-тегжейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысындағы департаментінің Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімшесінің директоры Ермек Абдивайтов түсіндіріп берді.
Сапаркүл Жолдасова бұған дейін ауылдық дәрігерлік амбулаторияда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен медбике болып жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинақтапты. Қазір бала күтімімен отырған ол қоғамдық қабылдауға «мекемеден жақында зейнетке шығатын медбикенің орнына жұмысқа қалай орналасуға болады?» деген сауалмен жүгінді. Аудан әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов оған да білікті кеңес берді.
Аудан прокурорының орынбасары Болат Қалыбаевтың алдында қабылдауда болған ана Әмина Бекайдарова баласына салынған әкімшілік айыппұлдың төленіп қойғанына қарамастан, айыппұлды төлеу туралы ескертпенің қайтадан келгенін айтып шағымданды. Аудан прокурорының орынбасары Б.Қалыбаев оған бұл жағдайда заң аясында қалай әрекет ету керектігін айтып, түсіндірді.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаевқа тұрғындар қойған сұрақтар негізінен «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік курсында оқу, қайтарымсыз қаржылай грантқа қатысу және т.т. төңірегінде болды.
Түс ауа да күннің ыстығына қарамастан мәселелерімен бірнеше ауыл тұрғыны келіп, алған жауаптарына қанағаттанғанын білдіріп жатты. Өзбекстаннан 2008 жылы ауылға қоныс аударған ерлі-зайыпты Жолдасбай Жұманиязов пен Роза Райымова әлі күнге дейін азаматтыққа қол жеткізе алмауда. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Уркумбаев пен аудан прокурорының орынбасары Болат Қалыбаев отандастардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдап алып, оларға дәл қазір аудандық полиция бөлімінде тұрғындарды қабылдап жатқан облыстық көші-қон полициясы қызметі басқармасының мамандарына жүгінуді ұсынды.
Ауыл тұрғыны Қанат Омаров аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Уркумбаевқа «малды қолдан ұрықтандыру пунктінің жұмысын жолға қойсам, ұрық сақтайтын ДЮАР ыдысын сатып алуға қаржылай көмек бола ма?» деген сауалын қойды.
Сонымен күні бойына қабылдауда болған 34 тұрғынға жергілікті билік өкілдері тұщымды жауабын беріп, ауыл халқының шешілмеген бірқатар өзекті мәселелерінің бетін қайырды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»