Basty bet
Карантиндік шаралар босаңсымайды
Жамбыл облысында ағымдағы жылдың 4 мамырынан бастап карантиндік шаралардың босаңсуына жол берілмейді.
Тиісті шешімді облыстық жедел штаб аймақтағы ағымдағы эпидемиялық ахуалды және коронавируспен ауырған азаматтар санының артуын ескере отырып қабылдады.
Еске сала кетейік, жедел штабтың шешіміне сәйкес, 28 сәуірден бастап аймақта рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі кеңейтіліп, карантин режимі жеңілдетілген болатын.
Атап айтқанда, азық-түлік емес тауарларды сату бойынша ұсақ сауда объектілерінің (ауданы 100 шаршы метрге дейін) қызметіне рұқсат берілген. Оның ішінде тұрмыстық химия және шаруашылық тауарларЫ дүкендері.
Сондай-ақ, автосалондар, құрылыс материалдары дүкендері, автокөлік қосалқы бөлшектерін сату орындары, (автомобиль қосалқы бөлшектерін сату жөніндегі базарларды қоспағанда) көлікжуу, техникалық қызмет көрсету станциялары, ломбардтар, нотариалдық және адвокаттық кеңселер, тігін және аяқ киім шеберханалары, химиялық тазалау және кір жуу орындары іске қосылады. Жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін.
Олардың қызметін қайта бастаудың міндетті шарты – барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау, санитарлық тазартқыштардың, медициналық маскалардың, қолғаптардың және т.б. болуы.
Облыс тұрғындары тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына жақын орналасқан аталған нысандарға бара алады.
Басқа да кәсіпкерлік нысандарды өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды ескере отырып, кезең-кезеңімен ашу жоспарланған.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі