Basty bet

Мемлекеттің қаржысын оңды-солды шашуға жол берілмеуі керек

Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті жиналысында Мыңбұлақ ауылдық округі және Бауыржан Момышұлы ауылының 2020 жылдың 10 айында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сонымен қатар, 2019 жылғы 20 желтоқсандағы «2020-2022 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» №57-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.

Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, күн тәртібіндегі үш мәселемен таныстырды.
Кеңесте алғашқы болып аудан әкімдігі және экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова баяндама жасады.
Оның айтуынша, 2020 жылы 7 желтоқсанда өтетін мәслихат сессиясына Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы бюджет кодексінің 109-бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабына сәйкес және Жамбыл облыстық мәслихатының 2020 жылғы 30 қарашадағы «Жамбыл облыстық мәслихатының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы №41-3» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» №51-5 шешіміне сәйкес аудан бюджетін нақтылау ұсынылған. Облыстық бюджеттен 002 «Жұмыспен қамту» бағдарламасынан қысқа мерзімді оқыту 83,0 мың теңге қысқартылған. Аудандық бюджетте мынандай өзгерістер енгізілсін. Яғни, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің 001 «Жергілікті деңгейде кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтер» бағдарламасынан 207,0 мың теңге, 003 «Мемлекеттік органның күрделі шығыстары бағдарламасынан 300,0 мың теңге қысқартылып, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінен 1 600,0 мың теңге үнемделген.
-Үнемделген қаржы есебінен аудандық бюджетке аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөліміне 1 200,0 мың теңге, аудан әкімдігі ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне 907,0 мың теңге қаржы қарастырылды. Сонымен қатар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалар арасында өзгерістер енгізу бойынша да ұсыныстарға қолдау жасалынды. Бауыржан Момышұлы ауылы және ауылдық округтерге аудандық бюджет есебінен жалпы сұраныстарға сәйкес 800,0 мың теңге қаржы бағытталған, – деді аудан әкімдігі және экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова.
Баяндамашыдан соң қоғамдық кеңес мүшелері аудан бюджетін нақтылап, қабылдады.
Қоғамдық кеңестің өкілеттігіне байланысты 2020 жылдың 10-20 қараша аралығында жүргізілген Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бюджеттік бағдарламалары бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілген. Осы ретте, аталған ауылдық округ әкімі Ғабит Үмбеталиев елдімекенде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
-Ауылдық округке 2020 жылға 72 млн қаржы жоспарланған. Мыңбұлақ ауылдық округінде салықтық және салықтық емес түсімдер 104 пайыз орындалды. Жеке табыс, көлік, мүлік, жер салықтары, мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар, ерікті алымдар жиналды. Жеке табыс салығы 2020 жылға мораторий жариялануына байланысты және мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдар заң бұзушылықтардың орын алмауына байланысты орындалмай отыр.
Аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға Көлбастау ауылы Б.Момышұлы атындағы саябақты абаттандыру жұмыстарына 3 млн 295 мың теңге қарастырылып, жұмыстар толығымен сапалы атқарылды. Көлбастау ауылы Б.Момышұлы көшесіне газ құбырларын тартуға 6 млн 402 мың теңге бөлініп, көше тұрғындарының көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселесі шешілген. Әкімшілік ғимаратын жөндеу жұмыстарына 5 млн теңге бөлініп, жұмыстар орындалды. Сонымен қатар, Ә.Байтоқов көшесіне ауызсу құбырларын тартуға 964 мың теңге бөлініп, көше тұрғындарының көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселесі шешілген.
Ауылдық округі әкімдігіне аудан әкімдігімен 19 индикатор бекітілген. Атқарушы органның нысаналы индикаторларының 15 индикаторы орындалып отыр. Ал, сүт, ет өнімдері және жұмыртқа жылдың қорытындысымен есептеліп шығады. Ал, соңғы индикатор қозы еті орындалмады. Себебі, тұрғындарға қозыны тірідей сату тиімді болып отыр.
Қоғамдық жұмыспен 56 адам қамтылды. 20 жас «Жастар тәжірибиесімен» жұмыс істеуде. Жеке тұлғалардан шаруашылық жүргізу үшін жер телімін алу, қайта заңдастыру, мерзімін ұзарту және т.б. мәселелермен 30 өтініш келіп түсті. Ал мемлекеттік стандартқа сай Көлбастау ауылында өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу үшін 246 адам кезекте тұр. Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес 79 отбасы қайтарымсыз грант алса, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы 8 азамат, 19 шаруа қожалық несие алды.
Ауылдық округі әкімі аппаратында әдеп кодексін бұзу жағдайлары орын алған жоқ. Сонымен қатар, ауылдық округте қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып тұрады, – деді Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбеталиев.
Одан кейін осы ауылдық округке зерделеу жұмысын жүргізген қоғамдық кеңестің мүшесі Гүлнар Мұсаханова сөз алды. Ол «Ауылдық округке зерделеу жұмысын жүргізіп, анықтамаларын алдық. Мұнда ешқандай құқықбұзушылық анықталған жоқ. Халыққа қызмет көрсету бойынша барлық жағдай жасалған. Яғни, қоғамдық бұрыш, сервистік әкімдік, ашық әкімдік бар. Зерделеу барысында қоғамдық бұрыштан келіп керек құжаттарды алып жатқан ауыл тұрғындары көп болды. «Асар» бағдарламасы ауылдық округте іске асырылған.
Тек бір айта кетерлігі аудан және ауыл әкімдері есеп беру барысында көтерілген бірнеше мәселе орындалмай қалған. Оның бірі – Көлбастау ауылындағы Ковешников көшесінің жолын орта жөндеу жұмыстары. Бұл жұмыстар қаражаттың болмауына байланысты биыл атқарылмаған. Сондай-ақ, осы ауылдағы Ә.Байтоқов көшесінің төменгі жағына құм-шағал ауа райына байланысты төселмеген. Ауыл әкімшілігіне кіреберісін жөндеу, ғимаратқа кіретін есікті дұрыстау ауыл әкіміне ескертілді» деді.
Гүлнар Мұсаханова өз сөзінде жол жөндеу неге көктем айында басталмайтындығын, ол үшін ертерек әрекет ету қажеттігін, тұрғын үйлерге табиғи газ құбырын кіргізу құны неге қымбат екендігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңесте Бауыржан Момышұлы ауылындағы атқарылған жұмыстар қаралды. Елді мекендегі биыл іске асырылған ауқымды жұмыстар туралы ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов баяндады.
-Б.Момышұлы ауылының кіріс көздерін ұлғайту, яғни 2019 жылы 11 айға жалпы салық бойынша жоспар 22 млн 694 мың теңге болса, ал 2020 жылы 11 айға салық жоспары 38 млн 591 мың теңгеге ұлғайып отыр. Қазіргі таңда жоспар 102,7% орындалды.
Кестеде көрсетілгендей, басқа салық түрлері бойынша жұмыс жүргізілуде, айыппұл салу бойынша жұмыс толық орындалып отыр.
Бюджеттік бағдарламаның 2020 жылға арналған мекеменің қаржылық жоспарына сай кірісі 792 млн 546 мың теңгеге жоспарланған, оның ішінде жергілікті бюджеттен 327 млн 436 мың теңге, аудандық бюджеттен 202 млн 925 мың теңге, облыстық бюджеттен 203 млн 384 мың теңге, республикалық бюджеттен 55 млн 801 мың теңге. Жоспарға сай бюджеттен бөлінген 792 млн 546 мың теңгенің биылғы жылдың 10 айында 752 млн 579 мың теңгесі, яғни 95% игерілген.
Атқарушы органның нысаналы индикаторға қол жеткізуі туралы есебі бойынша аудан әкімі мен Б.Момышұлы ауылы әкімі арасында 2020 жылға арналған келісім бойынша 24 түйінді нысаналы индикатор жасалған. Индикатордың жоспары бойынша биылғы жылдың тоқсан бойынша 24 түйінді нысанасының 20-сы толық орындалып, бүгінгі күнге 4-і ғана орындалмай отыр. Орындалмаған 4 индикаторлар жыл аяғына дейін толық орындалады деп күтілуде.
2020 жылы аумақты дамыту мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бюжет есебінен Б.Момышұлы ауылы бойынша жолдарды орта жөңдеу құрылысына бөлінген 219,3 млн теңгенің 202 млн теңгесіне 9 жоба іске асырылып, 13 көшенің (Бәйтерек-Абай, Мұнайшы, Қонаев, Иманбеков, Парасат, әл-Фараби, Рысбек батыр – Үлеков, Алтынсарин, Толымбаев, Жібек жолы 2 қиылысы, Алатау) және Жібек жол көшесінің жолдарын орта жөңдеу құрылысы бойынша «Жасыл-Жуалы» КМК мен 69,0 млн теңгеге келісімшарт жасап құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Қатты жабынды асфальт төсеу жұмыстары 2020 жылдың 1 шілдесінен басталып, бүгінгі күнге дейін жұмыстар аяқталып 202 млн теңге толық игерілді. 17 млн теңге бюджетке кері қайтарылды, бірақ та жұмыс толық қабылданған жоқ. Себебі, атқарылған жұмыстар қаржы полициясымен, прокуратурамен тексеру үстінде, – деді баяндамашы.
Осы ретте, баяндамашыға қоғамдық кеңестің мүшесі Кәрібай Құрмашев атқарылған көше жөндеу жұмыстары сапасының төмендігі туралы айтып өтіп, сұрағын жолдады. «Жолдың жобалық-сметалық құжаттары бойынша бірінші шағал төселуі керек. Асфальттың үстіне сымала төселуі керек еді. Дегенмен де кейбір көшелерде топырақтың үстіне асфальт салынды. Мәселен, Мұнайшы, Рысқұлов көшелері. Кезінде Қайрат ауылындағы Төле би көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізгенде ескі асфальтты қырып алып, өңдеп қайта төсеген болатын. Қазіргі таңда көшенің жолы сапалы жөнделген. Неге осындай сапалы жол жөнделмеді?» деді.
Сондай-ақ, баяндамашы Көбейсін Хайралапов «Қ.Рысқұлбеков пен Абылайхан көшесі аралығына, Жібек Жолы көшесі мен Парасат көшелерінің қиылысына, Жібек Жолы көшесіндегі «Жасай бер, Қазақстан!» саябағы жанына, Д.Қонаев көшесі мен В.Латикант көшелерінің қиылысына, Сафинов көшесіндегі “МЕР” дүкені жанына /бейнебақылау камерасының настройкасын жалпы базаға келтіріп іске қосу жұмыстары / барлық құрылғы, тауарымен бірге іске қосу/ бойынша “MM Technologies” ЖШС 4 376 040 мың теңгеге келісімшарт жасалып игерілді. Парасат көшесіне жетіқазына Барельеф орнату жұмысы бойынша ЖК “ҚАДИША АПА” 6 669 799 мың теңгеге келісімшарт жасалып игерілді. Орталық алаңға Мемлекеттік рәміздер жасау бойынша “GT ASYL-TIREK” ЖШС 7 470 476 мың теңгеге келісім-шарт жасалып игерілді. Сафинов көшесіндегі арка жазуын латын әріптеріне ауыстыру жұмысы бойынша ЖК «Қадиша апа» 870 536 теңгеге келісімшарт жасалып, қаражат толық игерілді» деді.
Баяндамашының бұл мәліметтеріне «Жоғарыдағы атқарылған жұмыстарға жұмсалған қаржы көлемі өте көп деп есептеймін. Мұндай аз көлемдегі жұмыстарға сонша миллиондаған теңгелердің кетуі күмән тудырып отыр» деді қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев.
Қоғамдық кеңес мүшелерінен жолданған сұрақтарға ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов «Орталық алаңдағы ескірген мемлекеттік рәміздерді жаңа баральеф үлгісінде жасатқан болатынбыз. Оның материалдарының бағасы қымбат болғандықтан, сондай қомақты қаржы жұмсалды. Алайда әлі де жұмыс қайта жасалуда. Ал, Сафинов көшесіндегі арканың атауы латын әрпіне жазылуы жобалық-сметалық құжатына сәйкес орындалды» деп жауап берді.
Сейітхан Шерелханұлы: «Бауыржан Момышұлы ауылы – ең үлкен ауылдың бірі. Бөлінген қаржының көлемі 800 млн теңгеге тарта. Осы бөлінген қаржының өз орнымен тиімді пайдаланғанда жұмыстары сапалы болған кезде аудан тұрғындарының алғысын алуға болар еді. Қоғамдық кеңестің басты мақсатының бірі – мемлекеттен бөлінген қаржылардың тиімді пайдалануын, оның орындалуын, ашықтығын, халыққа жария ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Енді кезекті қоғамдық кеңестің өкілеттігіне мұндай жұмыстарға араласу кіргендіктен біз үнемдеу дегенді ұмытпауымыз керек. Барлығы да тұрғындардың игілігіне жасалып отырғанын да естен шығармағанымыз абзал. Сол себепті, қашанда жұмыстың сапалы орындалғаны жөн» деп жиынды қорытындылады.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close