Basty bet
Абай рөлі үздік сомдалды
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен ауданымызда «Театр – өмір айнасы» фестивалі өтті. Облыс аудандарынан «халықтық» атағы бар 12 ұжым қатысқан. Шара барысында аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Мыңбұлақ» халық театры «Махаббат пен парасат» спектаклін сахналады.
Фестивальдің мақсаты — ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мұраларын ұлтымызға кеңінен насихаттау. Осы ретте айтулы тұлғаның шығармаларын спектакль арқылы көрерменге көрсету. Өнер ұжымдарының шығармашылық деңгейін анықтап, шеберлігін сараптау үшін білікті мамандардан сараптау комиссиясы құрылған.
Абай рөлін аталған спектакльдің қоюшы режиссері Ербол Бекжанов, жас Абайды Жылыбұлақ ауылдық клубының әдіскері Мадияр Өмірбаев, досын Көлтоған ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Руслан Өтегенов және Тоғжан мен Ділдә рөлдерін Салтанат Мейіржанқызы мен Гүлнар Қашкеева сомдады.
Қойылымды «E-Format» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Сатыбалдыұлы, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Нұралы Абдуллаев және облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері, театртанушы, актер Бақтияр Көпжасаров тамашалап, бағасын берді. Сәтті шыққан шығарманы сарапшылар жақсы деп бағалады.
«Мыңбұлақ» халық театры Абай шығармаларынан жинақталған «Махаббат пен Парасат» композициясында ұлы ақынның образдық бейнесін емес, қара сөздері мен өлеңдерінің тақырыбы әлі күнге дейін қоғамдық сахнадан түспей келе жатқанын, маңызын жоғалтпағанын арқау етті. Абай өмірінің әр сәтінен сыр шерткен қойылымда ақынның қара сөздері де қосылып, көрініске көрік бергендей.
Шара барысында «Мыңбұлақ» халық театры аталған халық театрының облыстық фестиваліне белсене қатысқаны үшін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғысхатымен марапатталды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»