Basty bet

Бастысы, сапаға мән беріледі

Биылғы жыл ауданымыз үшін шын мәнінде айтулы, нағыз берекелі жыл болғалы тұр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ауыл-аймақтарда 2, 599 млрд. теңгенің жалпы саны 38 инфрақұрылымдық жобасы іске асырылмақ.

Өңірде іске асырылатын бұл жобалардың басым көпшілігі елді мекендердің инфрақұрылымдық дамуды көздейді. Былтырдан бері таулы өңірдегі ауылдарға газ құбыры тартылып жатса, енді биыл газ құбыры жеткізілген жеті ауылдың көшелерін газбен жабдықтау жұмыстары атқарылады. Одан бөлек, ауыларалық және ауылішілік автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстары бойынша 10 жоба, су арналарын аршу және ағымды жөндеу жұмыстарына бес жоба ұсынылса, қалған жобалар ауылдарды таза ауыз сумен қамтуды көздеп отыр. Осы инфрақұрылымдық объектілерде жалпы саны 800-ге тарта азамат еңбек етіп, орта есеппен 85 мың теңгеден жалақы алуда.
Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылы бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналғандай. Ауыл әкімі Көбейсін Хайралаповтың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген 219 млн. теңгеге ауылдағы 14 көшенің 11 шақырымнан астам жолына орта жөндеу жүргізілуде. Қонаев атындағы көшенің бойында Халық банкі, балалар жазғы демалыс орталығы, мәдени-демалыс саябағы, аудандық орталық мешіт орналасқан. Бұл көшеде жалпы ұзындығы 1,4 шақырым жол орта жөндеуден өткізілетін болады. Дәл қазір мұнда тұрғындардың көптен бергі сұранысымен көшенің бір қапталына нөсер жауынды ағызып әкететін бетон науалар орнатылып, жаяу жүргіншілер соқпағы төселуде.
Жөндеу жұмыстарымен мердігер ұйым «L-BITA Темп строй» ЖШС шұғылдануда. Құрылыс басында серіктестіктің 10-ға тарта арнайы техникасы, соның ішінде «HOWA» ауыр жүк мәшинесі, жол тегістегіш, тиегіш, әмбебап экскаватор, асфальт төсегіш техникасы жүр. Ауыл тұрғындары қатарынан 10-нан астам адам жұмысқа тартылған. Серіктестіктің учаске бастығы Сәкен Шубаев бастысы сапаға мән беріп, жөндеу жұмыстарының жобаға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады.
Көше тұрғындары жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының кестеге сай әрі сапалы жүргізілуіне тиісті орындар тарапынан мән берілу қажеттігін, жалпы мердігердің жұмысына көңілі толатынын айтады. Мәселен, Ергебек Өтегенов жылда көктем-күз айларында жауатын нөсер жауыннан судың кейбір аулаларға кіріп кететінін, енді бетон науа іске қосылса, тұрғындар мұндай қолайсыздықтан арылатынын айтады. Ол «көшедегі жұмыстар біраз кешеуілдеп барып, қайта қолға алынды, енді тезірек бітсе екен» деген тілегін де білдірді.
Аудандық орталық саябақта да қайнаған қызу еңбек жүріп жатыр. Саябақты қайта жаңғырту жұмыстарын мердігер «Жасыл-Жуалы» МКК атқаруда. Аудан бюджетінен бөлінген 73,6 млн. теңгеге тозығы жеткен жазғы амфитеатр ғимараты бұзылып, жаңадан заманауи үлгімен қайта тұрғызылады, төбесі жабылады. Одан бөлек, жаңа спорт алаңдары, «Стрит воркаут» алаңшасы, балалар демалыс аймағы салынып, жарықтандыру жүйелері жүргізіледі, саябақты көгалдандыру және абаттандыру үшін арнайы суландыру жүйесі тартылып, тал-дарақтар ерекше күтімге алынатын болады. Сыртқы қоршауы жаңа эскизбен дайындалып, жасалады, алдына көлік тұрағы жасақталады. Барлық жөндеу жұмыстары барысында ең бастысы, сапаға мән берілетін болады.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Суретті түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close