Basty bet

Жамбыл облысындағы Өңірлік кадр резерві

Заманауи мемлекеттік қызмет пен тиімді басқару құрылымын құру әрқашан мемлекеттік билік қызметіндегі ерекше басымдықтардың бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алғашқы бастамаларының бірі – Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жүргізу, талантты әрі білікті жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтке айналғанын атап өтуге болады.
Осылайша, елімізде Президенттік жастар кадрлық резервінің жобасы алғаш рет 2019 жылы бастау алып, 2021 және 2023 жылдары жалғасын тапты.
Бүгінгі таңда іріктеуден өткен талантты жастар еліміздің игілігі үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында табысты еңбек етуде.
Алайда, заман ағымы талантты жастарды мемлекеттік басқару ісіне аймақтар деңгейінде де тарту қажеттілігін көрсетті.
Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап еліміздің әрбір өңірінде жас, талантты мамандарға аранлған өңірлік кадрлық резервке іріктеу басталады.
Айта кету керек, әр өңірде өзінің өңірлік кадрлық резерві қалыптастырылатын болады. Өңірлік резервке іріктеуге жоғары білімі және кемінде үш жыл еңбек өтілі бар, отыз бес жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Бұл өңірдің дамуына өз үлесін қосуға дайын жастар үшін мемлекеттік қызметке әлеуметтік лифт болатындығы сөзсіз. Түрлі салалардағы кадр тапшылығы ескеріле отырып, іріктеу жеті салалық бағыт бойынша жүргізілетін болады. Бұл индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология салалары. Өңірлік резервке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері және салалық сарапшылар тартылатын болады.
Жамбыл облысының Өңірлік кадр резервіне іріктеу бірқатар кезеңдерді қамтиды.
Бірінші кезең ағымдағы жылдың 1-31 наурызы аралығында өткізілетін кандидаттардың құжаттарын қабылдау болып табылады.
Үміткерлердің құжаттарын қабылдау өңірлік резервке іріктеу бойынша тиісті онлайн-платформада тіркелуі арқылы жүргізілетін болады. Тіркелген кандидаттардың жеке кабинетіне кіру логин және пароль бойынша жүзеге асырылады.
Өңірлік резервке іріктеу өткізу туралы хабарландыру уәкілетті органның, оның аумақтық бөлімшесінің (ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің), облыс әкімі аппаратының интернет-ресурстарында жарияланған.
Келесі кезең – үміткерлердің заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу.
Тестілеу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және оның филиалдарының (бұдан әрі – Академия) базасында офлайн-форматта, автоматтандырылған режимде өткізіледі.
Тестілеуді тапсыру тілін үміткер өзі таңдайды және оның нәтижелерін есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады.
Тестілеуге жіберілген үміткерлер тестілеу өтетін күні мен уақытын ақпараттық жүйеде көрсететін болады.
– Тестілеудің бірінші блогы – құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша іріктеуге жіберілген барлық үміткерлер заңнаманы білуге тестілеуден өтеді.
Тестілеу басталар алдында үміткер оны өткізу тәртібімен танысады.
Заңнаманы білуге арналған тестілеу бағдарламасы Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасы Заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларын) (10 сұрақ) білуге арналған тестілерді қамтиды.
Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілерді орындаудың жалпы уақыты 55 минутты құрайды.
Тестілеуге бөлінген уақыт өткеннен кейін тестілеу автоматты түрде аяқталады.
– Тестілеудің екінші блогы – үміткерлердің ішінен заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден ең жоғары балл жинаған 50%-ы келесі кезеңге жолдама алады.
Үшінші кезең – уәкілетті орган жүргізетін құзыреттерді бағалау.
Кадр комиссиясының кандидаттарды құзыреттерін бағалауға жіберу туралы шешімі және оның өту кестесі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл аумақтық департаментінің интернет-ресурстарында, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланады.
Ассессмент-орталық уәкілетті орган белгілеген кестеге сәйкес Астана қаласындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында оффлайн форматта өткізіледі.
Конкурсқа қатысу бойынша шығыстар (әңгімелесу өтетін орынға бару және кері қайту, тұрғын үй-жайды жалдау, тұру, барлық түрдегі байланыс қызметтерін пайдалану және басқалар) үміткерлердің өз қаражаты есебінен жүргізіледі.
Құзыреттерді бағалау кезеңінен өту тілін үміткер өзі таңдайды.
Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерін анықтауға және бағалауға бағытталады, сондай-ақ топтық және жеке жаттығуларды қамти отырып, кезеңнен өту барысындағы кандидаттардың мінез-құлқы мен іс-әрекеті сертификатталған сарапшы-бағалаушылармен бақыланады. Ассессмент орталығындағы бұл рәсімнің ұзақтығы 6-8 сағатқа дейін созылуы мүмкін.
Төртінші кезеңде кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны қорғау форматында сұхбат жүргізілетін болады. Презентация қысқаша жазбаша түсіндірмесі бар 5 слайдтан тұруы қажет.
Жобаны қорғау ұзақтығы 5 минуттан аспайды, осы уақытта кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсаттарын, жобаны жүзеге асырудағы туындайтын мәселелер мен күтілетін нәтижелер туралы нақты әрі толық түсіндіруі қажет.
Әрбір кандидатпен әңгімелесу барысы техникалық құралдарының көмегімен бейнежазбаға тіркелетін болады.
Соңғы кезеңде кадр комиссиясымен үміткерлерді өңірлік резервке іріктеу қаралатын болады.
Комиссияның шешімі негізінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Өңірлік резервті қалыптастырады.
Комиссиямен ұсынылған үміткерлер өңірлік резервке іріктеуге қатысу туралы өтініштерінде көрсетілген бағыттар бойынша Өңірлік резервке іріктеліп алынады.
Жоғарыда аталғандардың негізінде, өңіріміздің жастарын өз білімдері мен дағдыларын ел игілігі үшін қолдануға бірегей мүмкіндік беретін өңірлік кадрлық резерв жобасына белсенді қатысуға тағы да шақырамын.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік басқару жүйесінің үдемелі дамуы – мемлекеттік қызметтің қолданыстағы моделінің адами фактордың маңыздылығына бағытталғанын көрсете отырып, мемлекеттік қызметтерді пайдаланушы ретінде халыққа бағдарлану, яғни бұл бірінші кезекте “ұлтқа (қоғамға) қызмет ету” ұғымымен синоним болуға тиіс “мемлекеттік қызмет” ұғымын жаңғыртуды көздейді, сондай-ақ одан әрі мемлекеттік аппараттың барлық дағдыларын дамытуға ықпал етеді.

Руслан Шарипов,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы

Таңдаулы материалдар

Close