Basty bet

бірлік пен достықтың дәнекері

«Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» екенін баршаңыз білесіздер. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар».
Нұрсұлтан Назарбаев,
Тұңғыш Президент-Елбасы.

Иә, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел бірлігі туралы айтқан сөзінің мән-мағынасына үңілсек, терең ой жатқанын түсінеміз. Бір шаңыраққа уықтай шаншылған түрі басқа болса да тілегі мен жүрегі бір өзге ұлт өкілдері «Біз- қазақстандықтармыз!» деп тату-тәтті өмір сүруі – өзге елге үлгі-өнеге. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған еліміздегі көптеген этностарды бір арнаға тоғыстырып, мүддесін қорғайтын ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 25 жыл толып отыр. Ұйымның мерейтойы еліміздегі мерейлі мерекелердің, айтулы оқиғалардың бірі саналады.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, бірлігі мен ынтымағы жарасқан Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылы өзге ұлт өкілдерінің көп шоғырланған елдімекеннің бірі. Бұл ауылда өзімнің де балғын балалық шағым өтіп, үлкен өмірге қадам бастым. Көршілеріміздің біразы түрік, әзірбайжан, орыс ұлттарының өкілдері еді. Көршілес тұратын өзге ұлттың өкілдерімен бір үйдің балаларындай тату-тәтті болдық. Бөлінбейтінбіз. Тай-құлындай тебісіп бірге ойнап, бірге қызықты күндерді өткіздік. Қазіргі таңда ауылда олардың қатары азайған. Алайда ауыл адамдарының татулығы мен бірлігі ажырамайды.
Ал, бүгінгі мақалаға ұйытқы болып отырған жан осы ауылдың тұрғыны – Алиакберова Чюляр. Чюляр Әжіқызы өзінің ақкөңіл, жайдарлы мінезімен, қонақжайлығымен, тазалығымен, жанашырлығымен ерекшеленеді. Ол 1961 жылы Шақпақата ауылында дүниеге келген. Осындағы Қ.Сағындықов (бұрынғы Киров) атындағы орта мектептің түлегі. Жас түлек Тараз қаласындағы қазіргі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінен арнаулы орта білім алған. 1981 жылы Көлбастау ауылының азаматына тұрмысқа шығып, алғашқы еңбек жолын Ленин колхозына қарасты Қайрат ауылындағы «Ручеек» балабақшасынан бастайды. Кейіннен аталған колхозға қарасты Көлбастау ауылындағы «Солнышко» балабақшасына ауысып, 1997 жылға дейін жұмыс істейді.
Оның әулеті сол тұстағы саясаттың салдарынан туған жерлерінен жырақтап, яғни Әзірбайжанның Бананияр ауылынан Қазақстанға қоныс аударады. Бұл отбасы алғашында Шақпақ ауылдық округі Ынтымақ ауылына тұрақтап, кейіннен округтің орталығына көшіп келеді. Әкесі Әжі алғашында колхозда механизатор, кейіннен өмір бойы бригадир болып жұмыс істеген жан. Қазіргі таңда Әжі ақсақал сексеннің бел ортасында. Ал, анасы Хавар бүгінде о дүниелік болған. Олардың отбасы дүниеге екі ұл, алты қыз әкеліп, тәрбиелеген өнегелі шаңырақ.
– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, Отанымыз. Қазақ даласы өзге ұлт өкілдерін жатсынбады. Бауырына басып, бір нанды бөлісіп жеп, саялы мекендеріне паналатты. Біздің ата-бабамыз сонау саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ жеріне қоныс аударған. Осында қазақ елімен бірге талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, әулетіміз өрбіп, қатарымыз көбейіп келеді. Құшағы кең, дархан далада тату-тәтті өмір сүрудеміз. Ол үшін Аллаға шүкір. Ата-анамыз өте еңбекқор жандар. Колхозда еңбек етіп, ұл-қыздарын оқытып, бәрімізді жеткізді.
Менің Көлбастау ауылында тұрғаныма 39 жыл болыпты. Осында тұрмысқа шығып, екі баланы дүниеге әкеліп, ел қатарлы еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Жаныма балалар жақын болғандықтан, балабақшада мені бәрі жақсы көретін. Маған ата-аналар алғысын білдіріп, үнемі ризашылықтарын жеткізетін. Кейіннен қысқартуға түсіп, әртүрлі жұмыстар істедім. Өзім 30 жасымда отбасындағы түсінбеушілікке байланысты ер азаматымыз екеуміз екі жаққа кетіп, өзім балаларымды қатардан қалдырмай өсіріп жеткіздім. Бізге көбінесе ата-анам көмектесетін. Кейін ұлым Мейти ержетіп, отбасымыздағы жауапкершілікті мойнына алды. Қызым Мәсмә Шымкент қаласына ұзатылып, өмірден өз орнын тапты. Қазіргі таңда ұл-қызымнан бес немере сүйіп отырмын.
Ел бірлігі – татулықта. Көршілерімізбен тату-тәтті тұрамыз. Қуанышымызды бөлісіп, мерекелерде бас қосып, бір-бірімізді құттықтауды ұмытпаймыз. Әсіресе, Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдарды пісіріп, ағайын-туыс, көрші-қолаңды шақырып, дәм татқызамыз. Әрине, қазір баяғыдай ауылдастар бір-бірінің үйіне жиі бас сұғып, кездесе бермейді. Менің жаныма бататыны да осы. Тек қана үлкен жиын-тойларда ғана жүздесіп жатады. Ең бастысы – сәлеміміз түзу, ынтымағымыз берік,- дейді Чюляр Әжіқызы өз сөзінде.
Қазіргі таңда Чюляр Әжіқызы Көлбастау ауылында ұлы Мейти мен келіні Самаяның қолында тұрып жатыр. Олардан Айлин және Мухсин есімді немере сүйген. Келіні Самая №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте қазақ сыныбына орыс тілі пәнінен сабақ береді. Ол өзі келін болып түскен әулет өсіп-өнген, елге үлгі-өнеге болатындай жандар екенін айтады. Олардың татулығы мен бірлігін алға тартып, осындай отбасында келін болып түскенін мақтан тұтанын қуанышпен жеткізді.

Таңдаулы материалдар

Close