Basty bet

Іргесі берік, ынтымағы жарасқан жанұя

Отбасы – Отанның тірегі. Отбасы мықты болғанда ғана Отанымыздың да іргесі берік болмақ. Біздің елімізде ежелден желісі үзілмей отбасылық құндылықтары қалыптасқан, іргесі берік отбасылар көптеп саналады. «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды» демекші, мұндай іргелі отбасылары бар елімізді ешкім де ала алмайды. Отбасылық құндылықтарымызды да ешкім жоққа шығара алмайтыны даусыз. Иә, отбасы қалай құрылады? Оның негізгі тіректері мен сүйеніштері кімдер десек, әлбетте, шаңырақтың басиесі мен сол әулеттегі беделді үлкен ақсақалдар, ақылман қариялар, өмірдің неше түрлі тезінен, сынынан сүрінбей өткен ақ жаулықты, ақ пейілді аналарымыз болмақ. Осы тұрғыда өмір көрген, қатал тағдырдың қарлы дауылдары мен жауындарына қаймықпай қарсы тұрған ата-апаларымыз өз отбасы, әулетімен қатар, бір қауым елдің тұтастығы мен тәуелсіздік тұғырының нығаюына да ерен еңбек сіңіріп келеді. Бұл – біздің жеңісіміз.

Іргесі берік, ынтымағы жарасқан отбасылар аудан орталығымен іргелес жатқан Ақсай ауылдық округінде де көптеп кездеседі. Ауылдық округке қарасты Диқан ауылында түтінін түзу ұшырып, еңбекқорлығымен ауылға сыйлы болып отырған отбасының бірі Өзбековтер жанұясы. Апта басында бұл отбасында болып, бүгінде осы әулеттің ағасы мен анасына айналып отырған шуақты шаңырақтың иелері Алтынбек аға пен Ұлбала апайдың ұлағатты әңгімесіне құлақ қойған едік.
Отағасы Алтынбек Өзбековтың әкесі Мырзақұл Өзбеков 1907 жылы туып, бар саналы ғұмырын теміржол саласының дамуына арнаған жан екен. Ал анасы Боранкүл Бектаева үй шаруасында болып, ұл-қыздарды тәрбиелеген. Бұл отбасында үш қыз, екі ұл тәрбиеленген. Ауылдағы қара шаңырақта отырған Алтынбек аға әулеттің тұңғыш ұлы Жетпістен кейінгі кенже ұл. Ол 1956 жылы бұрынғы Шетбұлақ ауылдық советінде туған. 1972 жылы бұрынғы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы орта мектепті бітірген соң екі жылдай әскер қатарында болған. 1974-1995 жылдар аралығында Ленин атындағы колхозда көлік жүргізушісі болып табан аудармастан бір ұжымда жемісті жұмыс істейді.
-1995 жылы колхоз тараған соң Диқан ауылында «Диқан агрофирмасы» деп аталатын ұжым құрылды. Мен осы шаруашылықта да жүргізуші, гараж меңгерушісі болып бірер жыл жұмыс істедім. 1998 жылы жеке кәсіпкерлікке біржолата бет бұрып, Қайрат, Диқан ауылдарының тұрғындарынан сүт қабылдауға көштім. Оны аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» серіктестігіне өткізетінмін. Мен бұл жұмысты 2018 жылға дейін жалғастырып, отбасының әлеуетін арттыруға барынша күш салдым деп айта аламын.
Одан бөлек, 2001 жылы отбасы болып ақылдаса келе «Асхат» шаруа қожалығын құрғанбыз. Мал басын көбейтіп, сауын сиырлардың да басын ұлғайту үшін қора-жай қажет болып, бұрынғы колхоздан қалған гараж бен кеңсесін сатып алып, сонда үлкен мал қора салдық. Негізі сауын сиырды көбейтуді 2010 жылдан бастап қолға алдық. Қазір 30 бас сиыр сауып, сүтін ірімшік зауытына тұрақты өткізіп отырмыз,- дейді Алтынбек Мырзақұлұлы.
Мал асырап, бірден көл-көсір байлық пен пайдаға кенелемін десеңіз, қателесесіз. Атам қазақтың: «Мал баққанға бітеді» немесе «Бақпасаң мал кетеді» деген сөздері бар. Аталған шаруашылық та қажырлы еңбек етудің арқасында мал басын көбейтіп отыр. Шаруашылық мүшелерінің айтуынша, 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында Үкіметтен 10 миллион теңге көлемінде несие алып, оған ет бағытында қазақтың ақбас сиырларын сатып алған екен. Соның нәтижесінде қазір де ет өндіруді мықтап қолға алған. Шаруашылықта сауынды сиырлармен қатар тана-торпағы бар 60 бастай ірі қара бағылуда. Диқан ауылындағы алдыңғы қатарлы шаруашылық саналатын «Асхат» шаруа қожалығында екі адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Алтынбек аға 1978 жылы біздің ауданмен көршілес жатқан Түлкібас ауданының Шақпақбаба ауылының қызы Ұлбала Төртбаевамен шаңырақ көтереді. Міне, содан бері ерлі-зайыптылар екі ұл, үш қызды тәрбиелеп, құтты орындарына қондырды. Үйдің үлкен ұлы Алмас Өзбеков Тараз қаласындағы гидромелиоративтік институтын экономист-заңгер мамандығы бойынша бітірген. Ол Қаржы министрлігіне қарасты салық комитетінің Жамбыл облыстық салық департаментінде (қазіргі мемлекеттік кірістер департаменті), одан кейін комитетте, ал қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде ішкі аудит жөніндегі басқармасының басшысы лауазымын абыроймен атқаруда. Жұбайы Ләззат жеке кәсіпкерлікпен айналысады екен. Бұл жанұяда Асылан, Асылжан, Әмина есімді жеткіншектер өсіп, жетіліп келеді.
Одан кейін өмірге келген қыздары да өмірден өз орындарын тауып отыр. Қыздардың үлкені Ақтоты Тараз мемлекеттік университетін бітіріп, қазіргі таңда облыс орталығында колледждердің бірінде тарих-география пәнінен оқытушы болып жұмыс істейді. Самалдың мамандығы да биология пәнінің мұғалімі болса, кенже қыз Әсел дизайнер мамандығын таңдаған.
Ал қара шаңырақта отырған кенже ұл Асхаттың жөні бөлек. Олай дейтініміз, ол келіншегі Ғалия екеуі Өзбековтер әулетінің қара шаңырағына иелік етіп, түтін түтетумен қатар шаруашылықтың жұмысын да бірлесіп жүргізіп отыр. Ғалия өз мамандығымен Диқан орта мектебінде жұмыс істей жүріп, шаруашылықтың жұмыстарына да қолғабыс етеді. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя.
-«Ұстаздық еткен жалықпас» деп Абай атамыз айтқандай, алғашқыда Қайрат ауылындағы Мыңбұлақ орта мектебінде, кейіннен Диқан орта мектебінде 40 жыл бастауыш сыныптарға ұстаздық еттім,- дейді жанұяның отанасы, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері, зейнеткер Ұлбала апай. –Біз жастайымыздан еңбек етіп, шыңдалып өскен ұрпақпыз. Мектепте сабақ беріп, ұстаздық ете жүріп үй шаруасына да үлгеретінбіз. Арасында балаларды тәрбиеледік. Қазір міне, ұл-қыздарды құтты орындарына қондырып, олардан тәтті немерелер сүйіп отырмыз. Өмірдегі игіліктердің барлығы тек қана еңбекпен келеді. Осыны қазіргі жастар терең түйсінулері қажет деп есептеймін. Мысалы, қазіргі таңда шаруашылыққа қажетті мамандарды таппаймыз. Жастардың көбісі тұрақты жұмыс істемейді. Бізге тұрақты жұмыс жасайтын сауыншылар қажет. Бұл да қажетті мамандықтың бірі.
«Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Еңбек еткенде ғана мол дәулетке кенеліп, ел құрметіне бөленетінің анық. Өзбековтер жанұясы ынтымақ пен бірліктің арқасында мол табыстарға жетіп отыр. 2017 жылы екі қабатты зәулім үйдің құрылысын бастап, биыл жаздың басында қоныстойын жасаған екен. Бұл да еңбекқор жанұяның дәулетінің артып, сәулетінің жарасқаны.
Еңбекпен мерейі өскен бұл жанұяның алтын діңгектері Алтынбек аға мен Ұлбала апай бейнетінің зейнетін көруде. Қол қусырып қарап отырмай немерелерін бағып-қағып, оларды аталық-әжелік мейіріммен тәрбиелеп, ұрпағының, қала берді халықтың амандығын тілеп бақытты ғұмыр кешуде. Іргесі берік, ынтымағы жарасқан дәл осындай жанұялар барда Отан іргесінің де шайқалмайтыны анық.

Беттегі суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close