Basty bet
Кәсіпкерлікке бет бұру – маңызды қадам
Апта басында аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс сапарымен Билікөл ауылдық округіне барды.
Аудан басшысының жұмыс сапары округке қарасты Әбдіқадыр Жүргенұлы ауылынан бастау алды. Онда Нарбай Ергебеков №36 Шоқан Уәлиханов атындағы негізгі мектептің жұмысымен танысып, қысқы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Одан соң сабақ өтіліп жатқан сыныптарға бас сұғып, балалармен сәлемдесіп, оқуда озат болуларына тілектестігін білдірді.
Нарбай Әбілқасымұлының округке жасаған сапары Жылыбұлақ ауылында өз жалғасын тапты. Онда Жылыбұлақ бастауыш мектебінің жұмысы, ауылдық медициналық пункттің, ауылдық клубтың жай-күйі назарға алынды. Ауылдағы жалғыз ағарту мекемесі 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Білім ошағында 1 және 4 сынып аралығында 23 оқушы білім алуда. Ал, даярлық тобында жеті бала бар. Ыңғайластырылған өте тар ғимаратта оқып жатқан балаларға обал-ақ. Тиісінше, білім ошағы күрделі жөндеуді де қажет етіп отыр.
(Соңы. Басы 1-бетте)
Шағын мектептің басқа да проблемаларын мекеме басшысы Күлбала Омарова айтып берді. Айта кету керек, аудан басшысы Дарбаза ауылында да болып, ауылдық медпункттің жұмысымен танысты.
Аудан әкімінің жұмыс сапары келесі кезекте ауылдық округтің орталығы Қарабастау ауылында өз жалғасын тапты. Онда бірқатар әлеуметтік нысандар мен ауылдық мешіттің күнделікті жұмыстары мен мәселелері назарға алынды деуге болады. Сонымен бірге Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке жылыту қазандығы салынуда. Аудан басшысы Нарбай Ергебеков бұл жұмыстарды да өз көзімен көріп, жұмыстарды жүргізіп жатқан тиісті мердігер компания басшыларына жұмысты сапалы әрі белгіленген уақтысында аяқтауды тапсырды.
Аудан әкімінің Билікөл ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары Қарабастау ауылындағы мәдениет үйінде қорытындыланып, онда бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Жиынды Нарбай Ергебеков ашып, басқосуды ашық әрі еркін форматта өткізуді ұсынды. Алғаш болып ауылдық округтің жаңадан сайланған әкімі Талғат Әмірәлиев ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
– Аудан орталығынан шалғайда жатқан Билікөл ауылдық округі төрт елдімекеннен тұрады. Тұрғындар саны тиісінше, 1552 адамды құрап отыр. Округ әкімшілігі мамандары салықтарды уақтылы жинап, тиісті жұмыстардың дер кезінде орындалуына күш салуда. Округтегі аз қамтылған отбасыларды қолдау барысындағы іс-шараларға тоқталсам, жыл басынан атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 50 отбасы өтініш берген. Олардың тұрмыс жағдайы мұқият зерттеліп, тиісті құжаттары аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өткізіліп, нәтижесінде 35 отбасына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Ал жұмыссыз азаматтарды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту мақсатында тоғыз адам және үш жас «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа алынды. Округтегі зейнеткерлер саны 186 адамды құрайды. Оның ішінде 24-і І, ІІ, ІІІ топтағы және жастайынан мүгедек азаматтар. Асыраушысынан айырылған алты азамат тиісті зейнетақы мен жәрдемақы алады.
Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар жұмыстар бар. Ауылдық округтің әкімі өз құзыреті шегінде жер қатынастарын реттеуді жүзеге асырып және шаруа қожалықтарын ұйымдастыруға, кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдеседі. Округте 101 шаруа қожалығы бар. Оның тең жартысы мал шаруашылығымен, екеуі егін шаруашылығымен айналысады. 2019 жылы «Билікөл» шаруа қожалығы егілген 500 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 15 центнерден өнім алды. Округ бойынша мүйізді ірі қара 2194 бас, қой мен ешкі 44303, жылқы 3219 басты құрап отыр. Малдардан қан алу, серологиялық тексеруден өткізу жұмыстары іс-шаралар жоспарына сәйкес орындауда.
Ағымдағы жылдың сегіз айында округте «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Дарбаза ауылындағы Дарбаза көшесін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. Сонымен бірге Жылыбұлақ ауылындағы Жылыбұлақ көшесі де орта жөндеуден өткізілді. Шағын кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда,- деді Талғат Пернебекұлы.
Келесі кезекте аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз алып, бірқатар мәселелерді сөз етті.
– Шүкір деп айтумыз керек. Қазіргі таңда мемлекеттің экономикасы өсіп, соның арқасында ел өңірлерінде көптеген игілікті жұмыстар қолға алынып, атқарылып жатыр,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. – Өздеріңіз көріп-біліп отырғандай, Кеңестік кезеңде атқарылмаған, халық қол жеткізе алмаған игіліктер бар. Мысалы, жолдар заманға сай жөнделу үстінде. Біздің ауданда ауыларалық жолдардың жөнделу үлесі жыл санап артып келеді. Ауылішілік жолдарды жөндеу мен көше жарықтандыру жұмыстары да қарқын алып келеді. Биылғы жылы аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдарға магистральді газ құбырын тарту жұмыстары сәтті басталды. Бұл жұмыстар екі жылдың көлемінде аяқталады деп отырмыз. Көгілдір отынның келуін билікөлдік ағайын да асыға күтіп отыр. Осыған орай тиісті жоба облыстық энергетика басқармасында қаралып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Сараптама жұмыстары аяқталған соң біздің тараптан көше жүйесіне жобалық құжаттамалар жасалады.
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасы қолға алынып отыр. Сіздерді осы жоба аясындағы жұмыстарға белсенді қатысуға шақырамын. Қазіргі таңда кәсіпкерлікке бет бұру маңызды. Жұмыстың көзін тауып, ерінбеген адамға кәсіп көп. Ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуға күш салыңыздар дегім келеді.
Жиын барысында ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов, еңбек ардагері Тұрсынбай Паширов, зейнеткер Асқар Тазабеков аудан әкіміне сұрақтарын қойып, бірқатар өзекті мәселелерді сөз етті.
Жиынды аудан әкімі қорыта келе туындаған сұрақтарға жауап берді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»