Basty bet

Межелі міндеттерді бірге еңсереміз

Халыққа қызмет – мерейлі міндет. Ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есептік жиындары аяқталып, жылдағы дәстүр бойынша аудан әкімінің халық алдындағы есеп беру жиындары басталды. Кеше аудан әкімі Нарбай Ергебековтың тұрғындар алдындағы есебі Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округтерінен бастау алды. Ақсай ауылдық округінде өткен жиын округтің орталығы Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ ауылдық округінде санитариялық талаптарды сақтау арқылы өткізілді. Оған округке қарасты елдімекендердің тұрғындарымен қатар аудан әкімдігінің сұраныс жасалған бөлім және мекеме басшылары шақырылды. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков қатысты.

Аудан әкімінің және Ақсай ауылдық округінің 2020 жылы атқарған жұмыстары мен 2021 жылы жоспарланған міндеттері туралы ауыл тұрғындары алдындағы бірлескен есептік жиынын ауылдық округтің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов ашты. Күн тәртібіне сәйкес алғаш болып окургтің учаскелік полиция инспекторы Ержан Саурықов өткен жылы атқарған жұмысын баяндады. Инспектордың айтуынша, жыл ішінде округте үш қылмыс тіркеліп, үшеуі де ашылған. Жалпылама айтқанда, округте криминогендік ахуал тұрақты. Тұрғындар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Келесі кезекте Ақсай ауылдық округінің әкімі Қ.Бейсеқұлов 2020 жылы атқарылған және ағымдағы жылы атқарылар жұмыстардың жайын баян етті. Әкімнің баяндауынша, былтыр округте салалар бойынша тиісінше бірқатар жұмыстар атқарылған. Тұрғындар Үкімет тарапынан берілген жеңілдіктерді тиімді пайдалануда. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында былтыр 58 азамат 555 600 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізсе, 13 азамат алты пайыздық жеңілдетілген несие алып, жұмыс жүргізіп отыр. Оның ішінде бір азамат жалпы құны бес миллион теңге болатын қайтарымсыз грантты иеленген.Бұл әрине, бір округ үшін айтарлықтай көрсеткіш. Ал биыл ауылдық округте жоспарланған жұмыстардың ішінде екі көше орта жөндеуден өткізіледі деп күтілуде.
Келесі кезекте аудан әкімі Нарбай Ергебеков жалпы өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, атқарылар жұмыстар мен алға қойылған межелі міндеттердің жайына тоқталды. Аудан басшысы ең алдымен пандемия кезіндегі аудан тұрғындарының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұртшылық болып ынтымақтасып атқарған жұмыстарды көпшілікке үлгі ете сөйледі. Оның ішінде адамның тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде аудандық орталық ауруханаға кәсіпкерлердің жасаған қайырымдылық көмектерін ерекше атап өтті.
-Аудан экономикасы еліміздің біртұтас экономикалық кеңістігінің құрамдас бөлшегі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жылдан-жылға артығымен қол жеткізілуде.
Жалпы ауданымыздағы шығарылған ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығы саласының үлесі жобамен 61%-ті құрап, ауыл шаруашылығы саласының нақты көлем индексі 32 392,6 миллион теңгеге жетті. Орындалуы 104,2%. Оның ішінде егін шаруашылығы бойынша 15 166,9 млн, мал шаруашылығы 17 225,7 млн теңгеге тең.
2020 жылы аграрлық салаға Үкіметтік қолдаулар арқылы барлығы 2 млрд. 661 млн. теңге қаржы тартылып, нәтижесінде бірқатар жұмыстар атқарылды. 2020 жылдың өнімі үшін 57221 га егістік жерлерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 1841 га арпа, 916 га көпжылдық шөп және 743 га майлы дақылдар артық егілді.
Егілген 37424 га масақты дақылдардың әр гектарынан 20,6 центнер өнім алынып, жалпы түсім 77 110 тоннаны құрады.
Тұқым шаруашылығына келсек, аудан шаруашылықтарына қажетті 5040 тонна жаздық арпа және 415 тонна мақсары дақылдарының тұқымдары толығымен шаруалардың тұқым қоймаларында сақталуға қойылған. Аудан шаруашылықтарын жоғары репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз ету үшін “Сансызбай” шаруа қожалығы тұқым шаруашылығы қатарына өтіп, 2021 жылы бірінші репродукциялы мақсары және арпа дақылдарын сататын болады.
Аудандағы агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда 625 трактор, 177 комбайн, 769 тіркеме тіркелген. Барлығы 1571 дана. 2020 жылы 816,9 млн. теңгеге 180 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Оның ішінде 51 жаңа «МТЗ» тракторы, 1 дана жүктиегіш, 126 дана ауыл шаруашылығы тіркемесі және екі комбайн бар,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудан басшысы ары қарай мал басын асылдандыру жайына, басқа да салалардың жұмысына да кеңінен тоқталды. Мысалы, былтыр «Сыбаға» бағдарламасымен «Таңшығыс» ШҚ 32 млн. теңгеге 27 бас, «Ержан» 35 млн. теңгеге Павлодар облысынан 70 бас асыл тұқымды «Симменталь» және «Сейтбек» 15 млн. теңгеге 25 бас, сондай-ақ, «Ескендір» шаруа қожалығы 20 млн. теңгеге 72 бас, барлығы 194 бас МІҚ малдары сатып алынды. Сонымен қатар, бес шаруашылық 2205 бас қой сатып алды.
Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру пилоттық жобасы негізінде Ақтөбе ауылдық округі таңдалып, «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.
Жоба негізінде 193 азамат 559 139 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, 193 азамат өзін-өзі жұмыспен қамтып, 13 азамат «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде жұмыс атқаруда. «Атамекен-Бастау» кооперативі 93 миллион теңгеге 19 дана ауыл шаруашылығы техникасын алып, көктемгі және күзгі дала жұмыстарын уақытында, сапалы атқаруда.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 7 724,7 млн. теңгені құраған.
Жамбыл облысында 2019-2025 жылдары аралығында іске асырылуы жоспарланып отырған жобалардың ішінде Жуалы ауданына қатысты төрт инвестициялық жобамен жұмыстар жүргізілуде. Жалпы құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Қаралма» тау-шаңғы базасы. Тау-шаңғы базасы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінен сегіз шақырым қашықтықта орналасқан. «Қаралма» тау-шаңғы кешені туристік базасының көлемі, көрсетілетін қызмет түрлері, сапасы жағынан облыстағы алғашқы ірі туристік нысан. Жыл бойы жұмысістеуге бағытталған демалыс базасындағы арқан жолының ұзындығы 2 500 метр, бугель жолының ұзындығы 350 метр. Кешен құрылымында Еуропалық үлгідегі 20 коттедж, 70 орындық мейрамхана, шолуалаңы, қызмет орталығы, автотұрақ бар.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң жарыссөзге Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев шығып, ол бұрын да әкімнің есептік жиынында көтерілген аудан орталығына атшабар салу, Қайрат ауылынан ат спорты мектебін ашу мәселелерінің мәнісін сұрап, өз сөзінде тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созу жұмыстарын ауыл болып ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Жарыссөзде екінші сөйлеген ауыл ақсақалы Аманжол Дүрәліұлы ауданда атқарылған жұмыстарды оң бағалап, ол да өз сөзінде тұрмысы төмен жанұялар мен жас отбасыларға қолдау көрсету мәселесін қолдайтынын жеткізді.
Аудан әкімі Н.Ергебеков жиын барысында түскен сұрақтарға жауап беріп, есептік жиынды қорытындылады.
* * *
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың халық алдындағы есептік жиыны Мыңбұлақ ауылдық округінде жалғасты. А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің базасында өткен жиынды ауылдық округтің әкімі Ғабит Үмбеталиев ашты. Алғаш болып учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Керімбаев есеп беріп, округте былтыр барлығы 10 қылмыс тіркеліп, оның 8-і ашылғанын, екеуі іздестірілуде екенін, сонымен бірге, «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы аясында жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Учаскелік полиция инспекторының жасаған баяндамасына жиын жұмысына қатысқан аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековтың көңілі толмады.
-Сіз бір жылда атқарған жұмысыңызды бір жарым минутқа қалай сыйғызып отырсыз? Қазіргі таңда ауданда кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар орын алуда. Одан бөлек, Мыңбұлақ ауылдық округінде жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарып жүргендер туралы естіп жатырмыз. Неге осындай заң бұзушылықтардың алдын алмайсыздар,- деді Ерғали Өтемісұлы. Бұл сұрақтарға аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Дархан Нұралиев жауап беріп, соңғы жылдары қылмыстардың саны 22%-ке азайып отырғанын, тиісінше, қылмыстарды ашу деңгейінің артып отырғанын баса айтып, полиция бөліміне қаратып айтылған сын-ескертпелердің ескерілетінін тілге тиек етті.
Келесі кезекте тұрғындар алдында ауылдық округтің әкімі Ғ.Үмбеталиев есеп берсе, аудан әкімі Н.Ергебеков 2020 жылы атқарылған жұмыстардың жайын баян етіп, ағымдағы жылы ауданға қарасты Диқан және Алатау ауылдарында мектептердің құрылысы, сонымен қатар, Қайрат, Көлбастау ауылдарында мәдениет үйлері құрылысының жүргізілетінін атап өтті. Одан бөлек, аудан орталығында көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталмақ. Оған қосымша аудандық «Достық» мәдениет үйі, екі мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Тиісінше, көшелер жөнделіп, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары ары қарай жалғасын таппақ.
Аудан әкімінің 2020 жылы халық алдындағы есептік жиындарында тұрғындардан 19 ұсыныс түссе, оның 14-і өз шешімін тауып отыр. Аудан басшысы Н.Ергебеков атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктерді ары қарай да жалғастыра беру керектігіне назар аударды. Алда тұрған жоспарлы жұмыстардың көп екендігін де атап өтті.
Жарыссөзде ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғынбеков сөйлеп, барлық салада өсімнің бар екенін айтып, ауылдық округ және аудан әкімдерінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Сонымен қатар, Көлбастау ауылының тұрғындарын ауызсу және жайылым мәселелерінің біраз жылдан бері толғандырып отырғанын жеткізді. Одан кейін сөз алған Көлбастау ауылының тұрғыны, зейнеткер Бекболат Өтегенов, Забир Абдикаримов ауылдағы бірқатар көше жолдарына жөндеу жүргізу қажеттігін көтерсе, Талапты ауылынан сөйлеген Бекбосын Халықов ауылдағы медпунктке жөндеу жүргізсе немесе жаңадан салып берсе деген тілектерін жеткізді. Ал көпбалалы батыр ана Ранай Айымбетова тұрғын үй салуға жер беру мәселесін көп жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтып, аудан басшысынан бұл мәселенің шешілуіне ықпал етуін сұрады.
Аудан басшысы жиын соңындағы қорытынды сөзінде Мыңбұлақ ауылдық округіне қатысты ауызсу, мал жайылымы, инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй салуға жер беру мәселелеріне өз пікірін білдіріп, ең алдымен халыққа ең қажетті деген мәселелерді шешуге күш салынатынын баса айтты. Ал жайылым туралы мәселеде ауыл ішінде жүздеп мал ұстайтын азаматтарға малын алыс жайылымдарға апарып бағу қажеттігін ескертті. Ең бастысы, есеп беру жиындарында межелі міндеттерді халық болып бірге еңсеру қажеттігі кеңінен сөз болды.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close