Basty bet

Емші туралы кітап таныстырылды

Емшілік – адамға Алладан берілетін ерекше қасиет. Емшілік кез келген жанның басына қона бермейтіні белгілі. Ел ішінде жүрген емшілердің бірегейі – ауданымыздың Қарасаз ауылында тұратын аузы дуалы, қолы шипалы, халық емшісі, Қазақстан Республикасы Халық емшілері қауымдастығының мүшесі Жәмилаш Әлиқызы Мұсабай.
Жақында аудандық «Достық» мәдениет үйінде халық емшісі Жәмилаш Әлиқызы туралы жазылған кітаптың таныстырылымы өтті. Шараға емшінің ұл-қыздары, әріптестері мен замандастары, қолынан ем алған жақын тілеулестері жиналды.

Басқосуды «Достық» мәдениет үйінің әртісі, танымал ақын Нұржан Әліш жүргізіп отырды. Шараға арнайы келіп қатысқан аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық мәслихаттың депутаты, «Зылиха» ШҚ жетекшісі Керімқұл Бегалиев, жазушы-журналист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, кітаптың редакторы Ғайни Әлімбекқызы халық емшісі Жәмилаш Мұсабайды осынау қуанышты оқиғамен құттықтай келе, жүрекжарды лебіздерін арнады.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков Жәмилаш Мұсабайдың кеудесіне «Батыр шапағаты» медалін тақты.
Кітаптың бір бумасы буылған қызыл таспа кесіліп, алғашқы даналары залдағы оқырмандарға жол тартты.
Сөз реті Жәмилаш апайға жеткенде ол өзінің өмірі мен еңбек жолы, емшілік қызметі туралы тебірене отырып, былай деді:
– Мен Оңтүстік Қазақстан облысында қарапайым отбасында өмірге келдім. Әкем механик болатын, анам ұстаз, әжем он саусағынан өнер тамған, емшілігі де бар, ісмерлігі де болатын. Ұзатылатын қыздардың көрпе-төсегін тігетін. Әкем өмірден ерте кетті де, әжем мен анамның тәрбиесін көріп өстім. Менің анам мұғалім болғандықтан мектептің де, үйдің де жұмысын бірдей атқаратын, күні бойы бау-бақшаны баптап, қасынан мені қалдырмайтын. Әжемнің қас-қабағына қарап, ешуақытта ренжіткен емес. Қос ананың татулығын көріп өскендіктен, сол екеуіндей болуды армандадым, – деп ағынан жарылды.
Қос ананың тәрбиесін көрген Жәмилаш бала күнінде ешқандай қиындық көрмеген. «Не ішемін, не киемін» деген жоқ, баршылықта өскен. Әкесі Әли жастайынан техникаға жақын болғандықтан, ауылында механик болып қызмет атқарды. Ал, анасы сол кездегі білім қуған қыздардың бірі болған. Кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірді. Ол бір әулеттің бетіне қараған жалғыз ұлына жар болады, алайда жұбайлық өмірі қысқа болып, кішкентай қызы Жәмилашты бауырына қысып, жылап қала береді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауылындағы орта мектепті жақсыға бітірген жас қыз, анасы Райханның жолын қуып, ұстаз болуды армандайды. Шым қаладағы әл-Фараби атындағы педагогикалық-мәдениет институтының кітапханашы бөліміне оқуға түседі. Кейіннен Тараз педагогикалық институтында ағылшын мамандығы бойынша білім алды.
– Мен жастайымнан басқа елдің тілін білсем, басқа елдің салт-дәстүрлерін үйренсем деп армандайтынмын. Көбінесе, біздің заманымызда неміс тілін оқытататын. Сондықтан сол тілді үйрендім, келе-келе ағылшын тіліне ауыстық. Ағылшын тілін жақсы меңгердім, мектепте жаныма жақын шет тілі болды. Адам алдына мақсат қойса, міндетті түрде жететіні анық. Содан болар, өзімнің қалаған оқу орныма түсіп, шет тілін толық меңгеріп шықтым.
Қасиетті Жуалы топырағының да дәм-тұзы бұйырып, Қарасаз ауылындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектепте ағылшын пәнінен сабақ беріп жүргенде, мектептің мұражайын басқардым. Сол кезде Бауыржантану пәні бойынша оқушыларымды жиі-жиі Батырдың мұражайына алып келетінмін. Кейде Бауыржан атаның кітаптарын, еңбектерін балаларыма оқып беретінмін. Бауыржан атадай жігерлі, қайсар болып өссін деп, тәрбиеледім. Аналарға айтатыным, ұл-қыздарын отансүйгіштікке, патриоттық сезімге, халқын сүюге тәрбиелеу керек, сонда ғана өрендер өзінің атын, қазақтың атын шығара алады, – дейді сөз арасында емші.
Жәмиләш Мұсабайдың ұстаздық жолы өзі туған Бөген ауданының Қараспан ауылындағы М.Горький атындағы мектептен басталыпты. Жас мұғалім ауыл балаларының шет тіліне деген қызығушылығын арттырып, олардың жүрегіне білімнің нәрін, нұрын құя білді.
– Әйел тағдыры – бұл өте қиын жол. Тағдырды жеңген адам өз мұрат-мақсаттарына жете алады. Біз де келін болдық, біз де ата-енені сыйладық. Келін боп түскен жерімде әжемнің, анамның тәрбиесінің арқасында ізетті, сыпайы келін атандым. Өмірге үш перзент әкелдім. Әйел адамның басына түсетін тауқымет көп қой, пешенедегіні көресің, оған шыдайсың, төзесің. Жеңе білген адам ғана сол тығырықтан шығады, – деп замандастарымен сырымен бөлісті.
Қиындыққа қара нардай қайыспайтын әжесі Ауанды ауыл-аймағы, ағайын-туысы қадірлеп, бетіне келмейтін. Кімге де болса қолынан келген жақсылығын жасап, емшілігімен аты шыққан жан, ауыл-аймағына беделді болатын. Бәлкім содан болар немересі Жәмилашқа да жақсы қасиеттерінің дарығаны.
– Әжемнің бойында үлкен қасиет болған. Ата-бабаларынан қонған. Алланың берген ерекше қасиеті. Әжем балалардың басын сипалап, тамақтарын басып беріп, ем-домын жасап жүретін. Бесінші сыныпта, түсімде тақия киген атаны көрдім. Кенет әжеме жүгіріп барып: «Әже, ата көрдім, ата көрдім», деп айқай салдым. Сонда әжем: «Е-е-е, ата-бабалардан келген қасиет саған қонған екен, балам, қорықпа. Ол біздің аталарымыз. Менің әке жағымнан да, анам жағынан да бар. Нағашыларым жоғары қызметте болды. Сондай мықты кісілер еді. Туған нағашым Исақанов Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Сен сол бабаларыңды көрдің, түбінде жаман болмайсың, осы қасиетті таза жүріп, таза ұстасаң бойыңа жақсы қасиеттер қонады. Ем жүргізесің адамдарға, – деген болатын, – дейді Жәмилаш апай.
Келесі кезекте ұлы Бақытжан сөз алып, анасының адами қасиеттері туралы өрелі ой өрбіте келе:
– Анамыз көзімізді ашып, ес білгелі бері өзінің тәлім-тәрбиесін беріп келе жатыр. Анамызды тыңдаймыз. Бала кезден есімде қалған бір қызықты сәттер, мектепте жұмыс істегенде, үнемі қасынан қалдырмайтын. Қандай да бір іс-шаралар болса, концерттік бағдарламаларға қосып, қасынан қалдырмайтын. 3-4 жасымда есімде қалғаны, маған өлең айтқызып қоятын. Анамыз үнемі ашық-жарқын, мейірімді, ақ көңіл. Мұндай ана, дүниеде жоқ деп есептеймін. Анамыздың қаталдығын ешқашан байқаған емеспін, – десе, қызы Жанар:
– Қай уақытта болса да, қабағымызға сәл кірбің түсіп келсек, «қарағым» деп, маңдайымыздан сипағанда, бәрін ұмытып кетеміз. Анаммен мақтанамын. Мен анама ұқсағым келеді. Анамызға ұзақ ғұмыр берсін, деп тілейміз. Кішкентай кезімізде балаға деген мейірімін анамыздан көрдік. Апамыз қызымыз деп еркелетсе де, бәрібір анамыздың орны ерекше. Анамызды өте құрметтейміз. Анаға деген парызым, борышым бітпейді. Ақылшым да, мақтанышым да, әкем де осы. Алла өмір берсін, – дейді.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлағатты іс. Ұстаздықты ұлық тұтқан Жәмиләш Әлиқызы шәкірт тәрбиесіне бар өмірін арнады. Қарасаз ауылындағы Пушкин атындағы орта мектепте еліміздің болашақ тұтқасын ұстар жастарды тәрбиелеуде өз ізін қалдырды. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, аналарға қамқор болып, қайырым көрсетті.
Қазір халық емшісі Жәмилаш Мұсабай Қарасаз ауылынан ашылған дәрігерлік амбулаториядан кабинет ашып, ауыл халқының дертіне шипа дарытып жатқан жайы бар.
Ауыл-аймағына ұлағаттылығымен, Алланың берген емшілік қасиетімен, қайырымдылығымен аты шыққан Жәмиләш Әлиқызы бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйген бақытты әже. Анасының жолын қуған Нұрсұлудай қызын, балаларын мақтан тұтады.
Ана бақыты деген осы емес пе!

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close