Basty bet

Аурудың алдын алайық, ауырмайық, ағайын!

Ел ішінде жаман індеттің аты қайта атала бастады. Қайта-қайта айтып, дабыл қағып жүрген коронавирустың екінші толқыны басталса, қам-харекетсіз отырған қауымды аяйын деп отырған жоқ. Ерте көктемнен етек алып, жаз бойы әбігерге салған індеттің зардабын ұмыта бастаған бұқара халықтың ес жиятын кезі жетті.

Қазір жер-жерде аурудың таралуының алдын алу мақсатында құрылған мониторингтік топтар халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ауруханалар жан-жақты дайындық үстінде. Дегенмен, індетпен күрес аурудың алдын алудан басталады, қысқасы, мәселе халықтың өзінде. Яғни, тәртіпке бағынып, әркім өзінің, отбасының амандығы үшін сақтануы керек. Енгізілген талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
Әрбір адам үшін денсаулықтан, отбасының амандығынан қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан ауырмаудың алдын алайық. Жайбасарлық жарға жығады.
“Тәртіпке бас иген құл болмайды” деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, тәртіпке бағынайық. Тәртіпке бағынбау арқылы індеттің таралуына жол ашамыз. Өткен жолы орын алған кемшіліктер барлығымызға сабақ болуы тиіс. Той тойлауды тоқтатып, оның орнына дұрыс тамақтанып, жылы киініп, сақтанайық.
Той-тойлауды доғарайық. Қазақ халқын Алла тағала тойдан ажыратпасын. Ысырапшылдыққа орын бермей, келін түсіріп, қыз ұзатып, қуанышымызды бөлісу – біздің салт-дәстүрлеріміз. Халқымыз осы салт-дәстүр, әдеп-ғұрпы арқылы бір-бірімен туыстық қатынасын нығайтып, сыйласып отыр. Бір жағы той халықтың рухын көтереді. Алайда, орын алып отырған уақытша жағдайға түсіністікпен қарайық. Ағайын-туыспен қуанышымызды бөлісеміз деп жүріп, жақындарымыздың өміріне қауіп төндіретінімізді мықтап есте ұстайық.
Дәрігерлер дәл қазір, яғни күздің құбылмалы ауа райында тұмау болмау қажеттігін айтып жатыр. Бұл жайдан жай емес, тұмаудың соңы жаман індетке ұласып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан барынша сақтанайық. Дәрігерлердің айтқан кеңесіне құлақ түруіміз керек. Ең бастысы, ағзамыздың иммунитетін нығайту қажет. Яғни, дәрігерлеріміз айтқандай, сұйықтықты көп ішіп, пайдалы, дәруменге бай азықтармен тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстану иммунитетімізді нығайтады.
“Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде” демекші, арудың алдын алайық, ауырмайық, ағайын!

перизат Шымыртайқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close