Basty bet
Жекелеген санаттағы азаматтар ала алады
Дәл қазіргі уақытта халық арасында коммуналдық төлемге төленетін 15 мың теңгені алу мәселесі кеңінен талқыланып, әңгіме болып жатқаны белгілі. Бұл да күрделі жағдайда халықтың осал тобына жасалатын мемлекеттің көмегі болып табылады.
Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызмет көрсетушілердің шығындарын өтеу ережелерін бекіткен болатын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, аталған министрліктің 2020 жылғы 18 сәуірдегі №212 бұйрығымен Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу Қағидалары бекітілді. Осы ретте, коммуналдық қызметтерді (электр, газ, жылу, ауыз су, кәріз, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару) өтеуге құқығы бар азаматтардың санаттары да қоса белгіленіп отыр.
Осыған сәйкес, азаматтардың жекелеген санаттары аталған көмекті ала алады.
Атап айтқанда, І, ІІ және ІІІ топ мүгедектері; мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көпбалалы отбасылар; Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде, әскери қызметте, ғарышқа ұшуға дайындық кезінде, адамдарды құтқаруда және заңдылық пен тәртіпті қорғауда қаза тапқандардың отбасылары; ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын адамдар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер. Біз бұл ақпараттарды Zakon.kz сайтынан алып отырмыз.
Ағымдағы жылдың сәуір, мамыр айларында аталған санаттарға жататын коммуналдық қызмет тұтынушылардың дербес (абоненттік) есеп-шоттарына тікелей 15 мың теңге көлемінде шығындар өтеліп тұрады. Атап айту керек, бұл көмек коммуналдық қызметтерді жеткізуші ұйымдармен өз аттарына келісімшарттары бар аталған санаттарға жататын азаматтарға көрсетіледі. Тек қана мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, көпбалалы отбасылар және өз міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары санаттары үшін коммуналдық ұйымдармен келісімшарт (абоненттік есеп шот) осы отбасы мүшелерінің біреуінде болуы қажет.
Одан бөлек, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Наурызованың бізге берген ресми мәліметінше, Жуалы ауданы бойынша төтенше жағдай кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарына коммуналдық төлемдер төленуге мұқтаж азаматтардың саны – 6406. Атап айтқанда, ең алдымен, атаулы әлеуметтік көмек алушы аз қамтылған отбасылар саны-461. Ең төменгі зейнетақы алушы зейнеткерлердің саны-5. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны-2, ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер (Ауған соғысының қатысушылары)-46. Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті орындау кезінде және т.б. қаза тапқан отбасылар саны-14. «Алтын алқа». «Күміс алқа» алқаларының иегерлері-2008, мүгедек балаларды тәрбиелеушілер саны-317. Зейнетақы жасынан асқан мүгедектер саны-329. Жалғызбасты зейнеткерлер-84, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер-1688, сонымен қатар, көпбалалы отбасылардың саны-1452 адамды құрайды.
Жалпы, бұл мәселеге байланысты мына байланыс телефон нөміріне хабарласуларыңызға болады: 2-19-54.