Basty bet
Кәсіпорындар пандемияға қарамай тоқтаусыз жұмыс істеп келеді
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданына жұмыс сапары барысында Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Оңласын Мұқашевтың есебін тыңдап, «Еврохимиялық тыңайтқыштар» ЖШС кәсіпорнына да атбасын бұрды.
Жиналыс Ақтоғай ауылындағы орта мектептің акт залында өтті. Оған округ құрамына кіретін Ө.Сыздықбайұлы ауылының тұрғындары да қатысты.
Округ аумағында 1652 адам тұрады. 45 шаруа қожалығы жұмыс істейді және 131 жеке кәсіпкер тіркелген. Ауылдықтар жыл сайын мал басының өсіп келе жатқанын айтады. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы он шаруа қожалығы 57,4 миллион теңге көлемінде қолдауға ие болған. Барлығы 1107 гектар егістік алқапта дәстүрлі түрде бидай, арпа және беде өсірілуде.
Ақтоғай ауылында 117 аула, Ө.Сыздықбайұлы ауылында 97 аула өз жеке қосалқы шаруашылықтарындағы жер учаскелерін тиімді пайдалануда.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” бағдарламасы бойынша 32 ауыл тұрғыны қайтарымсыз гранттарға ие болған. Төрт жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға тартылды десек, екі маман жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналасқан.
Ақтоғай ауылында 8,3 миллион теңгеге шағын спорт алаңы салынып, үш көшеге жарықтандыру жүргізілген.
Өткен жылы округте бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Учаскелік инспектор барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген десек, бұл оған күн-түн демей түрлі құқықбұзушылыққа қарсы тұруға мүмкіндік береді.
Ақтоғай ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов тұрғындар спортпен қыста да шұғылдануы үшін жабық спорт кешенін салу қажеттігін жеткізді. Зейнеткер Рымбала Тұрғынбекова жергілікті су арнасының айналасына қоқыс контейнерлерін орнатуды сұрады. «Бірлік» шаруа қожалығының басшысы Жүрген Айтбековке мал шаруашылығын дамыту үшін субсидияға мұқтаж екенін білдірді. Бердібек Сапарбаев ауылдық округ әкіміне тұрғындар көтерген мәселелерді шешуді тапсырды.
– Коронавирус өзінің кері әсерін тигізгеніне қарамастан, жыл жаман аяқталған жоқ. Жамбыл облысының көрсеткіштері республикалық орта көрсеткіштерден төмен емес. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Сарысу ауданына жеті миллиард теңге бөлінді. Ауқымды жұмыс атқарылды. Біздің ендігі ортақ мақсатымыз – осы оң нәтижені сақтау. Бұған тек берік бірлігіміздің арқасында қол жеткізе аламыз. Еңбексүйгіш, тату-тәтті және қонақжай жаңаарықтықтар ортақ күш-жігердің арқасында өз округтерін көркейту және үздік етуі үшін талмай тер төгуі керек, – деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовқа және Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Оңласын Мұқашевке ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру, пайдаланусыз жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру, қайта өңдеу бойынша сүт және ет цехтарын ашу, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды түсіндіруге қатысты жүйелі жұмыстар жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін облыс әкімі “Еврохим-Тыңайтқыш” ЖШС-не арнайы ат басын бұрып, серіктестіктің бас директоры Игорь Георгиадимен 2020 жылдың қорытындысын саралады. 2019 жылмен салыстырғанда кен өндіру 26,6 пайызға ұлғайса, фосфорит ұнтағының өндірісі 622 100 тоннаға жеткен, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5000 тоннаға артық. Басқосуда эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру, өндірістік кешеннің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау, сондай-ақ Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне айрықша назар аударылды. Компанияның әлеуметтік аударымдары 24 миллион долларды құраған.
Кездесу барысында тараптар өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Игорь Георгиади атап өткендей, ол Меморандум коронавирустың таралуына жол бермеуге бағытталған күш-жігердің, Жамбыл облысында өнеркәсіпті дамыту жөніндегі өндірістік жоспарлар мен ұсыныстардың, әлеуметтік серіктестіктің өңір басшылығы тарапынан ерекше қолдау табатынын айқындайды.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі