Basty bet

Жуалылықтар конституциялық құқықтарын жүзеге асырды

10 қаңтар күні – елімізде өтіп жатқан саяси науқанның қорытындысы, яғни сайлау болды. ҚР Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы ауданымызда ұйымшылдықпен өтті.
Аудан тұрғындарының саны 52 899 адамды құраса, оның ішінде сайлаушылар саны 32 098 немесе халық санының 60,7 процентін құрайды.
Сайлаушылардың құрамындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 1057 адамды құрайды. Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиісті жағдайлар жасалған.
Аудан бойынша тәуелсіз бақылаушылар саны – 196 болды. Екі халықаралық байқаушы болды.
Ауданымыздағы 39 сайлау учаскесі жұмыстарын таңертең сағат 7:00-де бастады.
Аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның ғимаратында орналасқан №200 сайлау учаскесінде таңертең сағат 7:00-де мемлекетіміздің Әнұраны ойналып, сайлау учаскесінің төрайымы Бақыткүл Қанаева құттықтау сөз сөйлеп ашты.
Сайлау учаскесінде бекітілген 18 көшеде 2176 сайлаушы тіркелген. Оның 43-і 18 жасқа толған, яғни бірінші рет дауыс берушілер. 20 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Ең жасы үлкен дауыс беруші 1932 жылы туған. Бұл кісі үйінен дауыс берді.
Дауыс беруге алғаш келген және отбасымен келген, сондай-ақ алғаш рет дауыс беруге келген жастарды учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Бақыткүл Қанаева құттықтап, сый-сияпаттар тапсырды.
Елімізде өтіп жатқан індетке байланысты тиісті санитарлық талаптар сақталған. Яғни, сайлаушылар залалсыздандыру дәлізінен өтіп, дене қызулары өлшеніп, қолын антисептикпен залалсыздандырып барып, дауыс беретін орынға кіреді. Сонымен бірге медициналық бетпердесін ұмытып кеткен сайлаушыларға бетперде беріліп тұрды.
Дауыс берушілердің ішінен Жалғас Дүйсенбек сынды жас өз пікірімен бөлісті.
-Жасым 25-те. Аудандық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істеймін. Жас маманмын.
Жоғары оқу орынында жеті жыл оқыдым. Осы уақытқа дейін сайлауға қатысып көрмеппін. Бүгін сайлауға бірінші рет қатысып отырмын. Сондықтан ерекше сезімдемін.
Мен бүгін отбасымның, елімнің келешегі үшін өз дауысымды бердім. Өте қуаныштымын. Тәуелсіз елімнің тұғыры нығая берсін!- дейді Жалғас Дүйсенбек.

* * *
Ал, №29 орта мектепте орналасқан №203 сайлау учаскесінде сайлау таңертеңнен қызу жүріп жатты. Сағат 10 шамасында 200-ге жуық сайлаушы келіп, дауыс беріп кетті.
Ауыл имамдары, ақсақалдар сайлаудың сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.
Сайлау учаскесінде 2378 сайлаушы тіркелген. Оның 32-і үйде дауыс беретіндер. 65-і мүмкіндігі шектеулі жандар. 18 жасқа толған алғаш дауыс берушілер саны – 29.
Сайлау учаскесіне ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков келіп, азаматтық борыштарын орындады.
Сайлау барысында сайлау комиссиясының мүшелері үйде дауыс беруге өтініш білдірген 32 дауыс берушінің үй-жайын аралып, дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Үйде дауыс бергендер қатарында ауданның ең байырғы тұрғынының бірі, қимыл-қозғалысы шектелген 91 жастағы Анна Ивановна Щукина да болды. Кейуана елімізде салтанат құрған келісім мен бейбітшіліктің одан әрі баянды болуына баршамыздың жауапты екенімізді айта келе, өз таңдауын тұрақтылық жолына жасағанын жеткізді.
Сайлауға дауыс берушілер арасында бірқатар қоғамдық пікір көшбасшылары өз пікірлерімен бөлісті.
Ұлтуған Бекмұханова, ардагер ұстаз, “Жуалы Қанағат” қоғамдық қорының төрайымы:
-Мен 40 жыл ұстаздық еттім. Қазір зейнет демалысындамын. Алайда өзімнің қоғамдық қорым арқылы әлі де аудандағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрмін деуге болады.
Бүгінгі сайлау – еліміздің келешегі үшін өте маңызды. Сондықтан мен ұлым мен келінімді ертіп келіп дауыс беріп қайтып барамын. Отбасымыздың, елдің келешегі үшін өз таңдауымызды жасадық.
Машкура Камалова, “Өзбек” этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі, жеке кәсіпкер:
-Мен Қазақстанда туып-өстім. Төрт балам бар. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Яғни “Ақбота” атты дәмханам бар. Осы кәсібім арқылы төрт-бес кісіні жұмыспен қамтып отырмын.
Қай отбасы, қай ел болсын оның дамуы үшін ең бірінші ауызбіршілік, ынтымақ керек. Сондықтан мен ең бірінші халқыма ынтымақ, бірлік тілеймін.
Еліміздің әрі қарай да дамып, мәртебесінің биіктей беруіне тілектеспін!
Бүгінгі өтіп жатқан сайлауға келіп дауыс беру – әрбір қазақстандықтың міндеті деп білемін. Мен де өз отбасыммен келіп дауыс бердім. Сайлаудың сәтті өтуіне тілектеспін.
Мейрамбек Сәулембеков, ішкі істер саласының ардагері:

Тәуелсіздік жылдары өте көп жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, шекарамызды бекітіп алдық. Елімізде тыныштық. Көрші мемлекеттермен қарым-қатынасымыз жақсы. Енді халқымыз әрі қарай даму үшін асқан парасаттылықпен адал еңбек етуі керек.
Бүгінгі сайлау – елдің дамуы жолындағы игі істердің, өзгерістердің бастамасы. Сондықтан оған әркім жауапкершілікпен қаруы керек.
Мен де өзім тіркелген №203 сайлау учаскесіне келіп өз даусымды бердім,- дейді ардагер.
* * *
Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің базасында орналасқан №197 сайлау учаскесінде 2338 сайлаушы бар. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі 11 сайлаушы, 18 жасқа толған бірінші рет дауыс беруші 12 сайлаушы бар.
Сайлау учаскесінің есігін алғашқылардың бірі болып көпбалалы ана, «Алтын алқа» алқасының иегері Зухра Шахабаева ашты.
-Таң атысымен күніміз жақсы басталып, міне, сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасауға келдім. Көпбалалы ана ретінде мен бұл саяси науқанға бей-жай қарай алмадым. Өйткені, біздің дауысымыз біздің балаларымыздың ертеңі, келешегі. Біз әрқашан осындай айтулы күндері бірлігімізді танытып, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде дауыс беруіміз азаматтық борышымыз. Бүгінгі күннің жылуын, ерекшелігін ерекше сезіндім,- деп көпбалалы ана ақ тілегін жеткізді.
Ал, «біз қашанда бірлікті ту еткенбіз» деген шешен ұлтының өкілі Алман Гоев: «Бұл күн қазақстандықтар үшін маңызды күннің бірі. Біз еліміздің болашағы, балаларымыз бен немерелеріміздің ертеңі үшін дауыс беруге міндеттіміз. Қазақ халқы әрдайым жақсы жағдайда өмір сүруі керек. Осы күні арнайы 20 шақырымды артқа тастап, өз дауысымды беруге Көксай шатқалы маңындағы қыстақтан арнайы келіп отырмын. Ерекше көңіл-күйдемін. Әрбір азамат бұл толқуды сезіп, ертеңгі ұрпағының келешегі үшін дауыс беру орнына жауапкершілікті сезіне отырып келуі керек. Жауапкершілікті сезіну арқылы біз бірлігіміз бен ынтымағымызды танытатын боламыз. Барлық қазақстандықтарға тек жақсы күндерді нәсіп етсін» деген тілегін арнады.
Аталған сайлау учаскесінде дауыс беру орнына бірінші рет келіп отырған жастарға сыйлық жасалып, ізгі тілектер жеткізілуде. Соның бірі – Мұсатай Әділбек.
Әділбек: «№197 сайлау учаскесіне алғаш рет келіп, дауыс бердім. Бір толқулы сәт. Отбасымда ата-анам бұл күннің біздің өміріміз үшін маңыздылығын айтып, азаматтық борышымды орындауымды ескертті. Сайлау учаскесіндегі комиссия мүшелері ізгі тілектерін арнап, сыйлықтарын жасауда. Бұл да бір қуаныш. Ол үшін рақмет.
Мен болашағымыз, ертеңгі күніміздің жақсы болғанын қалаймын. Сол үшінде менің дауысым біздің болашағымыздың жақсы болуына септігі тиеді деп есептеймін» дейді.
Мұнда сайлаушылардың келуі сағат сайын артып отырды. Көлбастаулықтар жанұяларымен бірге сайлау учаскесінен бірлігі мен ынтымағын көрсетіп, табылуда. Таңдауларын жасап, дауыс беруде. Ең бастысы олар ертеңгі күндерінен зор үміт күтетіндіктерін айтып, бір-бірімен аман-саулық сұрасып, тарқасуда.
* * *
Аудан орталығында орналасқан іргелі білім ошағының бірі Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның базасында орналасқан №201 сайлау учаскесіне аудан әкімі Нарбай Ергебеков барып, жанұясымен бірге дауыс берді.
Қарапайым халықпен бірге кезекке тұрып, олардың сайлау күнгі көңіл-күйлері мен саяси шараға деген көзқарастарын сұраған аудан әкімі Нарбай Ергебеков: “Жуалылықтар балалары мен немерелері, тұрақтылық пен өркендеу үшін дұрыс таңдау жасайды деп ойлаймын. Бүгін таң бозымен таласа күллі Қазақстан халқы мемлекет болашағы үшін ең маңызды шешім болып табылатын сайлауға асығуда. Тағдыршешті сәтте дауыс беруге бүгін мен де №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның ғимаратында орналасқан №201 сайлау учаскесіне барып, аудан басшысы ретінде отбасыммен бірге өз таңдауымды жасадым. Жалпы Жуалы ауданында 39 сайлау учаскесі қызу жұмыс істеуде. Ең бастысы, адам өмірінің қауіпсіздігі мен әрбір дауыс берушінің денсаулығын ескеріп, барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс үйлестірілуде.
Бүгінгі күн – еліміз үшін тарихи әрі маңызды күн. Сол себепті де әрбір азамат Отан алдындағы жауапкершілігін сезініп, азаматтық борышын орындап, еліміздің жарқын болашағы, тұрақтылығы үшін дауыс беруде.
Біздің жуалылық азаматтар да бұл саяси науқанға бей-жай қарамай, белсенділікпен қатысуда. Мұны аталған сайлау учаскесінде келген тұрғындардың қарасынан, жүздеріндегі көтеріңкі көңіл-күйден байқауға болады.
Әрбіріміздің даусымыз маңызды. Әр отбасы мүшелерінің сайлауға қатысуы маңызды. Себебі, біздің даусымыз – біздің болашағымыз, ертеңгі жарқын келешегіміз» деді.
Жалпы №201 сайлау учаскесінде 2394 сайлаушы бар. Оның ішінде 48 сайлаушы 18 жасқа толғандар, 55 сайлаушы мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Сүйінжан Қабылбеков: «Ауыл тұрғындарының көңіл-күйі жақсы. Белсенді. Таңертең сағат 07.00-ден бастап сайлаушылар дауыс беруге келе бастады. Ең алғаш дауыс берген Бейбітшілік көшесінің тұрғыны К.Нуриджаеваға алғыс білдіріп, сыйлық тапсырылды. Сыйлықтар аудандық аумақтық сайлау учаскесі, ауыл әкімшілігі және сайлау учаскесі тарапынан ұйымдастырылды. Сайлаушылардың қатарынан түгел бір отбасы бірге келген, бірінші рет дауыс беруге ата-анасымен бірге келген, сонымен қатар ерлі-зайыптылар, әріптестер табылуда.
Сайлау тыныш әрі бірқалыпты өтуде. Ең бастысы санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Сайлаушылардың келуіне қарай бір реттік қаламсаппен және медициналық бетпердесіз келген сайлаушыға бір реттік маска беру қамтамасыз етілген» дейді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close