Basty bet

Білімнің бастауы – балабақшада

Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы.
Білім беру балабақша табалдырығынан басталады. Яғни, барлық білімнің бастауы – балабақшада.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында жас ұрпақтың сапалы білім мен тәрбиемен қамтылуының маңыздылығына ерекше тоқталған.
“Қазақта “Ел боламын десең, бесігіңді түзе!” деген сөз бар.
Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек.
Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.
Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн”- дейді Мемлекет басшысы.
Тәрбие мен білім – егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты, жігерлі тәрбиешілердің еншісінде.
Аудан орталығындағы №5 “Балдырған” бөбекжай-балабақшасы 1983 жылдан бері аудан тұрғындары үшін қызмет етіп келеді.
Балабақшаға баратын бала мен бармайтын баланың айырмашылығы жер мен көктей десек, аталған балабақша талай бүлдіршіннің қабілеттерінің ашылуына себепкер болған, сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан киелі шаңырақтың бірі.
“Балдырған” балабақшасын бүгінде Сәуле Даниярова басқарады. Сәуле Әлібекқызы басшылық ететін балабақшада 40-тан аса қызметкер жұмыс істейді. Оның 18-і педагогтар. Яғни, меңгеруші, әдіскер, психолог, музыка жетекшісі, логопед және 13 тәрбиеші. Сонымен бірге алты топта алты тәрбиешінің көмекшілері, есепші, медбике, аспаз, шаруашылық меңгерушісі және техникалық қызметкерлер жұмыс істейді.
Балабақша 145 балаға арналған. “Бәйтерек”, “Балдәурен”, “Аққайың”, “Балауса”, “Айгөлек”, “Болашақ” сынды алты топ бар.
Балабақша педагогтары негізінен білімді, тәжірибелі мамандар. Жұмыстың жемісті болуы педагогтардың білімділігімен қатар ұйымшылдығына да байланысты. Осы орайда балабақша ұжымының ауызбіршілігін ерекше атап өтуге болады.
Балалардың дамуына үлкен үлес қосатын балабақшадағы негізгі маман – тәрбиешілер. Сондықтан балабақшадағы Сағынкүл Қадыралиева, Анар Шаңылақбаева, Тамара Айтжанова, Ақбота Наурызбаева, Толғанай Борантаева, Балқия Сабырбекова, Сағираш Қожарова, Альмира Қалдарбекова, Айман Әмірбаева сынды тәжірибелі мамандардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Балабақша тәрбиешілері Сағынкүл Қадыралиеваның “Сюжетті – рөлдік ойындар”, Анар Шаңылақбаеваның “Ұлттық ойындар”, Тамара Айтжанованың “Серуеннің бала өміріндегі орны”, Ақбота Наурызбаеваның “Дәстүрден тыс сурет салу” сынды авторлық бағдарламалары бекітіліп шығып, бүгінгі таңда жұмыс барысында пайдаланылуда.
Балабақшаның жоспарына сай педагогтар түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Соның ішінде “Балалар жылына” орай ұйымдастырылған орталық саябақта өткен “Бақытты балалық шақ” концертін, ересектер тобының аудандық кітапханада өткен Ыбырай Алтынсариннің “Кел, балалар оқылық!” атты іс-шарасын, Бауыржан Момышұлы музейінде өткен “Мен Бауыржанның ұрпағымын!” атты шараларды ерекше атап өтуге болады.
Балабақша бүлдіршіндері республикалық “Үркер” зияткерлік орталығы ұйымдастыратын марафонға жыл сайын қатысып, үнемі жүлделі орындарды иеленуде. Марафонда балалардың шығармашылық қабілетін және ойлау жүйесін дамытатын түрлі тапсырмалар беріледі. Балабақшадан өткен жылы 80 бүлдіршін қатысып, көптеген бүлдіршіндер Дипломдармен, Алғысхаттармен марапатталды.
-Балабақшамызда Айару Мейірбек, Гүлім Ордабек, Сұлтанхан Адамбек, Раяна Ережепбек, Бағым Түймебай, Мирас Тұрсынбай, Кәусар Берікбай, Зейін Сейітқазы, Ерсін Жандулла, Айзере Әбутәліп, Мерей Бекнұр, Айлин Құттымұрат, Шырайлым Қуанышбек, Аяла Ришад, Айсүйрік Серік, Фатима Айтпағамбет, Гүлназ Олдажар, Ақнұр Ұланбек, Бейбарыс Құттымұрат, Нұрәли Қыдырбек сынды жан-жақты өнерлі бүлдіршіндер бар.
Балабақша ҚР Оқу-ағарту министрінің үстіміздегі жылғы 14 қазандағы №422 бұйрығына сәйкес Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын негізге алып жұмыс атқарады.
Балабақшада баланың бір күні таңғы жаттығудан басталды. Таңғы ас, одан кейін оқу қызметі, яғни қызмет түрлі ойындар арқылы жүргізіледі. Таза ауада серуен, түскі ас, түскі ұйқы, ұйқы ашар жаттығу, бесін ас, таза ауада серуенмен өтеді. Тәрбиешілер бір күнді екінші күнге ұқсамайтындай етіп өткізуге тырысады. Күнде түрлі ойындар, іс-шараларға дайындық, балалармен жұмыс жасалады.
Балабақшада ата-аналармен жұмыс дұрыс жолға қойылған. Яғни, іс-шараларға белсене атсалысып, балаларының болашағына, білімі мен тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын ата-аналар жетерлік. Мәселен, жақында “Күзгі сабан той” шарасын өткіздік. Іс-шарада ата-аналардың балаларымен жасаған дүниелерін көріп таңғалдық. Іс-шара өте тамаша, қызықты өтті,- дейді әдіскер Раушан Ахметова.
Балабақшадағы бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі еліміздің арқа сүйер азаматы. Еліміздің бәсекеге қабілетті жастарын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. Сондықтан балабақшаларымыздағы балаларға үздіксіз білім беруде барлық жағдайдың қарастырылғаны, тәрбиешілердің сауаттылық деңгейінің жоғары болуы маңызды. Себебі, мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең. Бұл кезде баланың бойындағы табиғи дарындылық жан-жақты дами бастайды.
Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Сондықтан балабақшаларымыздың жұмысы әрдайым жемісті болып, іші тек қуанышқа, шаттыққа толсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close