Basty bet
Спорт – бақытқа бастар жол
Бірінші байлық – денсаулық болса, денсаулықтың кепілі – спорт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз” деген болатын.
Спорт – қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі, адамның дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы.
Ауданымызда үш балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 11 спорт түрі бар. Спорт түрлерімен шұғылданушылар саны 1958 оқушыны құрайды. Жаттықтырушылар саны – 50.
Спорт нысандарының барлығы ауыл тұрғындарының спортпен айналысуы үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету кестесі әзірленіп, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.
Сонымен бірге 14 ауылдық округте 16 спорт нұсқаушысы мен екі әдіскер жастарды спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға тарту жұмыстарын атқаруда.
Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловтың айтуынша, 2024 жылдың 6 айында ауданда 336 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 12 500 адам қатыстырылған.
-2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданда 154 спорт нысаны болса (бір орталық стадион, бір спорт кешені, 12 үлкен футбол алаңдары, 95 шағын алаңшалар, 45 спорттық залдары), 2024 жылдың 6 айында 6 спорт нысаны пайдалануға беріліп, 160-қа жетті. Олар: Талапты ауылындағы кіші футбол алаңшасы Street Workout алаңшасы, Нұрлыкент ауылындағы кіші футбол алаңшасы мен волейбол-баскетбол алаңшасы және Street Workout алаңшасы, Ертай ауылындағы спорт кешені). Сонымен қатар, жыл соңына дейін Диқан, Бақалы, Тасбастау, Ақтөбе ауылдарында заманауи футбол алаңшалары салынады деп күтілуде.
2023 жылы екі спорт залы (Кәріқорған ауылында 1 спорт залына реконструкция жасалды, Жаңаталап ауылында жеке қаражат есебінен 1 спорт залы салынды), Қошқарата, Рысбек батыр ауылында жасанды төсенішті футбол алаңшалары мен стритворкаут алаңшалары және Көктөбе ауылында 1 футбол алаңшасы салынды.
2023-2024 оқу жылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 1958 шұғылданушы, Аула клубында 537 оқушы тіркелді. Білім беру мекемелерінде 7 спорт түрі бойынша 228 үйірмеде 6550 оқушы қамтылған. Оның ішінде 14-18 жас аралығындағы – 3320 адам.
2024 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 22061 адамды құрады немесе жалпы халықтың 40,6%.
14-29 жас аралығындағы спортпен шұғылданушы жастар саны – 8030. Бұл аудан жастарының 55,1 % құрайды.
Халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 62,4% құрайды.
Жуалы ауданы дене шынықтыру және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ жалпы мүмкіндігі шектеулі адамдар саны 689 адамды құраған. Ал, жүйелі түрде спортпен шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі адамдар саны 185 немесе 20,8 пайызды құрайды,- дейді Керімхан Әуесбекұлы.
Жуалы ауданы республикалық, халықаралық жарыстарда еліміздің көк Туын желбіреткен спортшылардан кенде емес. Атап айтқанда, Сәлкен Жартыбаев, Ғани Досаев, Мият Мухумов, Бақтияр Артаев, Ғани Сейділдаев, Құлажан Тоғайбаев, Ардақ Қанибай, Мақсат Абдрамбек, Әбілхан Аманқұл, Ғасыр Тұрғынбай, тағы да басқа. Олар бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
– Ауданда спорт саласында жемісті еңбек етіп, талай чемпиондарды тәрбиелеп жүрген жаттықтырушыларымыз аз емес. Атап айтқанда Тайжан Қозыбеков, Жолсейіт Сейділдаев, Имантай Әбеев, Нұралы Бүйенбаев, Нұркен Рахманқұл, тағы да басқа.
Бүгінде чемпион ағаларының жолын қуып, түрлі спорт түрінен чемпион атанып, аудан намысын қорғап жүрген жастарымыз да жетерлік. Нақты айтқанда, №14 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 2024 жылы қол күресінен Мұхатай Нұржауған ҚР чемпионатында және Жамбыл облысы чемпионатында 1 орынды иеленіп, Азия чемпионы атанды. Жаттықтырушысы Ерғали Сыздықбаев.
Волейболдан 2010-2011 ж.т. жасөспірімдер – Жамбыл облысының чемпиондары, ҚР чемпионатының 2 орын жүлдегері. Жаттықтырушылар Бауыржан Ертай мен Бауыржан Дүйсенбекұлы.
Жаға жай волейболынан 2010 -2011 ж.т. арасында облыс құрамында Мәди Нұрислам сынды спортшымыз ойнап, жүлделі 2 орын иеленді.
Архат Сейіткерім қазақ күресінен және дзюдо күресінен Жамбыл облысының 3 орын жүлдегері атанды. Сонымен бірге дзюдо күресінен ҚР чемпионатында 2 орын, қазақ күресінен ҚР чемптонатында 3 орынды жеңіп алып, екі спорт түрінен де ҚР құрама команда сапына енді. Жаттықтырушысы Бақытжан Сәрсенбекұлы.
Таэквондодан Кибрияхан Исламбаева Жамбыл облысы чемпионатында 2 орын, жастар арасында ҚР чемпионатында 3 орын иеленді. Жаттықтырушысы Мақсат Абдрамбек.
№15 спорт мектебінің жаттықтырушысы Жанат Қанатбекұлының көптеген шәкірттері республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Атап айтсақ, дзюдодан 2009-2011 ж.т жасөспірімдер арасында «Қысқы каникул» атты республикалық турнирде Едіге Қанатбекұлы күміс жүлдегер атанды.
Дзюдодан 2009-2010 ж.т 2012-2013 ж.т жасөспірімдер ұлдар мен қыздар арасында “Алтын адам” республикалық ашық турнирде Жүнісбек Нуриддин күміс жүлдеге ие болды.
2010-2012 ж.т кіші жасөспірімдер арасында өткен республикалық ашық турнирде Алишер Бекмұратұлы күміс жүлдеге ие болды және Едіге Қанатбекұлы жеңімпаз атанды.
Дзюдодан 2009-2010 ж.т жасөспірімдер арасында “Абзал и К” жүлдесіне арналған республикалық турнирде Әли Бекмұратұлы қола жүлдеге ие болды.
Сонымен бірге таэквондодан жаттықтырушы Рахат Дыханбаевтың шәкірттері де жеңіс тұғырынан көрінуде. Лашын Сатар жасөспірімдер мен жастар арасында өткен халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, таэквондодан жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында ҚРЧ Рахымберді Қанат күміс жүлдеге ие болды,- дейді спорт бөлімінің басшысы.
Ауданымызда ұлттық ойынымыз көкпар ойыны да дамып келеді. Жамбыл облысының құрама командасы биыл Қазақстан чемпионы атанды. Құрама команданың құрамында Құлажан Тоғайбаев, Рәт Ислам сынды жуалылық көкпаршыларымыз да бар.
Иә, спорт әлемінде ауданымыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып, мерейін өсіріп жүрген спортшыларымыз бен барша спортшыларымызды төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Спортта сәтті, жеңісті күндеріңіз көп болсын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»