Basty bet
Алдымен жастарды емес, ата-анасын тәрбиелеу керек
Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Отбасы – мемлекеттің кішкентай бөлшегі. Сондықтан әрбір отбасының амандығы, жетістігі мемлекет үшін қымбат. Яғни, өнегелі, мерейлі, өнерлі отбасы – байлығымыз. Өкінішке орай, бүгінде қоғамда жас отбасылардың арасында ажырасу жағдайы көп. Бұл қоғамдағы – үлкен проблема.
Өмірге ұрпақ әкелген ерлі-зайыптының міндеті – сол ұрпағын дені сау, жан-жақты дамыған, саналы, иманды етіп тәрбиелеу. Өмірге ұрпақ әкелдің бе, оны баға да, баули да білу керек. Бірақ, қазір ажырасып жатқан көптеген ерлі-зайыптылар мұндай жауапкершілікті сезінбейтін сияқты.
Әрине, ажырасып жатқан отбасылардың себептері әртүрлі. Олар: маскүнемдік, менмендік, тұрақсыздық, мақсат-мүдденің әртүрлілігі, жауапсыздық, жалқаулық, санасыздық, тағы да басқа себептердің салдары. Сондықтан біз «Жуалы» мешітінің имамы әрі аудандағы көпті көрген азаматтардың бірі – Медетбеков Сейітқазы қажы Әбдірұлымен Отбасы күніне орай осы тақырыпта әңгімелескен едік.
-Сейітқажы Әбдірұлы, жалпы отбасы құндылықтары дегеніміз не?
– Алла тағала Құран Кәрімде, біз барлық нәрсені жұп етіп жараттық деген. Ер мен әйел жұп. «Мал таппайтын еркек жоқ, құрарын айт, бала таппайтын әйел жоқ, тұрарын айт» деп ата-бабамыз айтқандай, ер адамның міндеті – отбасын асырау, әйел адамның міндеті – отбасына ұрпақ әкеліп, оны иманды етіп тәрбиелеу. Осы жерде Бауыржан Момышұлының даналық сөзін айтайын. «Әйел үш қасиетімен жақсы болады: балаларына жақсы тәрбие берген, дастарқанына жақсы қараған және отағасына жақсы қараған». Отбасы құндылығы дегеніміз осындай қасиеттердің жиынтығы.
-Бүгінде орын алып отырған жас отбасылардың ажырасу мәселесінде көбінде негізгі себеп не деп ойлайсыз?
-Себептер әртүрлі. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз айтқан:
«Барша жұрттан әдеп кетті – қиналған жоқ.
Әйелден қыз, үлкеннен жас иба алған жоқ.
Расул айтты: «ұят деген иманнан» деп,
Арсыз қауым жайлады жер мен көкті».
Ажырасу себебі, жастардан ұят пен ар кетті. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп бабаларымыз айтқандай, ар мен ұятты ойлап, жастар отбасын сақтауы керек.
-Бала тәрбиесінде қандай мәселеге басымдық беру керек?
-Ұл баланы жастайынан сен өскенде мал табар боласың, отбасыңды еліңді асырайсың деп айтып отыру керек. Ал қыз баласына сен өскенде жат-жұрттықсың, барған жеріңнің ұрпағын көбейтесің деп тәрбие беру керек.
-Жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?
– «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, қазір технологияның шарықтаған заманында жастардың білімділігін көргім келеді. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген. Екінші ұстазымыз Әбу Насыр әл-Фараби 72 тілді білген. Жастардың көп тілді меңгергенін көргім келеді.
-Неге көңіліңіз толмайды?
-Жастардың еңбек етпей, тер төкпей тез арада мол байлыққа ие болуды қалауына көңілім толмайды.
-Жас ұрпақ тәрбиесінде қоғамға қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Тау халқында мынадай дана сөз бар. «Жақсы абыз қариясы жоқ елден, тәрбиелі жақсы жастар өніп-өспейді. Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады» деген. Алдымен жастарды емес, оның ата-анасын тәрбиелеу керек деп едім.
-Сұхбатыңызға рақмет! Халқымызға амандық, жастарымыздың жүрегіне иман, мол нәсібе тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Jańa ómir»