Күні кеше ғана Ресей мемлекеттік думасының депутаты, думаның білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың: «Қазақстанның жері – оған Ресейдің берген үлкен сыйы» деген арандатушылық сөзі талай елдің ізгі ниетті адамдарының ашу-ызасын туғызғаны мәлім. Бұдан кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ресей Үкіметіне жіберген қарсылық нотасына байланысты екі ел арасына от жағудан шаршамай келе жатқан белгілі бекбике В.Жириновскийдің: «Тау-тасқа сандалып көшіп жүрген қазақ па, қырғыз ба, қарақалпақ па, әлде тұран дей ме, ол халықтың белгілі жері болмаған» деген сандырағы да жүрегімізге оқтай қадалды. Бүгінде әр елдің зиялы адамдары қазақтың бұрыннан ұлан-байтақ жері болғанын, өзі жауынгер әрі батыр халықтың бұл жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалғанын, кезінде оның күшті мемлекеті болғанын дәлелдеп, ақиқатты арандатушылардың бетіне аяусыз басуда. Тіпті, аты дырдай журналист Максим Шевченконың өзі: «Бұл жеке адамдардың жай ғана айта салған сөзі емес, оның артында үлкен саясат тұр, ал шындығында ұлан-байтақ Ұлы Дала қазақтың өз атақонысы», – деп аталы сөзін айтты.
Осындайда 2001 жылы Мәскеуде өткен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған мерекелі кештің есіме түсіп отырған жайы бар. Мәскеудегі «Мұрагер» жастар қоғамының президенті, ініміз Жәнібек Елекбаев пен оның әріптес жолдастары бүкіл шығынын көтерген осынау іс-шараға Баукеңнің туған жерінен бірнеше адам барған едік. Мәскеулік жерлестеріміздің арқасында Батырдың тойы дүрілдеп өтті. Сол кеште Мәскеудегі соғыс көрген генералдар, ардагер-майдангерлер, орыс жазушылары мен зиялы қауым өкілдері 1941 жылғы күзгі және қысқы маусымда мұздай құрсанып, Мәскеуге тажалдай төніп келген неміс-фашист басқыншыларын қалаға кіргізбей тас-талқан еткен генерал-майор И.В.Панфиловтың Қазақстанда жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясы мен оның құрамындағы Б.Момышұлының ерекше батальоны екенін зор мақтанышпен айтқанда төбеміз көкке жеткендей болды.
– Мәскеуді тек орыстар ғана қорғап қалды десек, бұл тарихқа жасалған қиянат болар еді. Ұлы қаланы қорғауда алғы шепте жүріп Алматыда жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясы айрықша ерлік жасады. Оның құрамында қаһарман командир Бауыржан Момышұлының батальоны жанқиярлықпен шайқасты. Осынау даңқты қазақ перзентінің аты соғыс кезінің өзінде айдай әлемге танылды. Сондықтан Момышұлына қандай құрмет көрсетсек те жарасады,- деді белгілі орыс ақыны Людмила Щипахина.
Соғыс және әскери қызмет ардагерлерінің Ресей комитеті төрағасының орынбасары, отставкадағы авиация генерал-лейтенанты Юрий Леонидович Фотиновтың сөзі де әсерлі шықты.
– Москваны қорғауда қазақстандықтардың еңбегі зор болғанын біз жақсы білеміз, -деді ол. – Соғыс кезінде Қазақстанда 18 дивизия жасақталса, соның бірін генерал И.В.Панфилов басқарды. Оның құрамындағы Момышұлының батальоны неміс-фашистеріне қарсы жанқиярлықпен шайқасты. Бұл батальонның 5 рет жау қоршауында қалып, осы бесеуінде де адам шығынынсыз құрсауды бұзып өтуі – Момышұлының командирге тән білгірлігінің дәлелі еді. Жуков, Баграмян сияқты көкжал маршалдардың алдында Баграмянның стратегиялық жоспарымен келіспейтінін тайсалмай айтып, өз жобасын дәлелдеп беруі Момышұлының аса ірі әскери маман болғанын көрсетеді. Куба қарулы күштерінде Бауыржан шығармалары оқытылатыны – бұл ойымыздың тағы бір айғағы.
Мәскеулік генералдармен және соғыс ардагерлерімен дастарқан басында болған әңгімеде біздің жерлесіміз генерал Бақытжан Ертаев бір тосын жайды айтып салды.
-1812 жылы фельд-маршал Михаил Илларионович Кутузов Москваны француздардың қолына тастап кетсе, 1941 жылы қараша-желтоқсан айларында қазақ командир Бауыржан Момышұлы Москваны немістерден қорғап қалды. Бірақ неге орыстар Кутузовты төбесіне көтеріп, еңселі ескерткіштер орнатып, әспеттейді? Ал, қазақ Бауыржан Момышұлына кішкене мүсін қою үшін Мәскеуден алақандай жер неге бұйырмайды?- деген Бақытжан Ертаевтың сөзіне соғыс көрген генералдар мен ардагерлер шамданудың орнына қол соғып жіберді. Ал, менің жүрегімде Баукеңмен қатар Бақытжан Ертаевқа деген мақтаныш сезім де ерекше дүбір салды. Ия, батыр ғана осылай батыл сөз айта алса керек…
Содан бері арадан көп уақыт өтіпті. Сол ардагерлер бүгін жоқ. Содан болар, 2015 жылы Росархивтың директоры Мироненко деген Мәскеу түбіндегі 28-панфиловшылар ерлігі – жай ғана аңыз, ертегі. Шын мәнінде ондай оқиға болмаған, архивте ондай дерек жоқ деп бөсті. Сол кезде оның сөзіне маршал Д.Т.Язов қана қарсы шығып, мақала жазған еді. Алайда бұра сөйлеген бұралқы сөз орыстарды ғана емес, басқаларды да иландырып, И.В.Панфилов қолбасшылық еткен қазақстандық 316-шы атқыштар дивизиясы мен Б.Момышұлы батальонының ерліктеріне сенімсіздік туғызды. Егер Ю.Л.Фотинов сияқты соғыс көрген аға ұрпақ өкілдері тірі тұрған болса мұндай бассыздыққа олар аяусыз тойтарыс берер еді.
– 2005 жылы Елбасының бастауымен Волоколамскіде И.В.Панфилов пен Бауыржан Момышұлына ескерткіш қойылды. Мәскеудің сол кездегі мэрі Юрий Лужков: «Бұл шаһарда Момышұлына ескерткіш қойылатын жер жоқ, ескерткішті ол соғысқан Волоколамскіге қойып алыңдар»,- дегенді айтқан соң Волоколамскіге бардық, – деп еске алады Жәнібек Елекбаев. – Ал қала басшылығының берген жері адам бармайтын айдала болғандықтан, Жамбыл облысының архитекторы Салауат Дембай айқасып жүріп Волоколамскі қаласының ішінен жақсы жер тауып, Жамбыл облысы дайындаған қос батырдың мүсінін сол жерге қойдық…
Міне, Мәскеу үшін қаншама қан төккенімен, біздің батырларымыздың еңбегі еленбей келгенін осы әңгімеден байқауға болады. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың «Мәскеуді француздардың қолына тастап кеткен фельд-маршал М.Кутузов Ресейде ерекше сый-құрметке бөленеді екен де, ал 1941 жылы Мәскеуді жаудан қорғап қалған қазақ Б.Момышұлына алақандай жерін қимайды екен» деген сөзінде шындық бар. «Қазақта жер болмаған, Ұла Даланың бәрі орыстың жері» деп даурыққан саясаткерсымақтардың көксегені әлі де сол империялық астамшылық екенін бүгінде бүкіл әлем біліп отыр.
Мырзахан Ахметов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы