Basty bet

Тарыққанға балық емес, қармақ бер

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы азаматтарға жұмыс табуға, жаңа білім, мамандық алуға, өз ісін ашуға көмектеседі. Осы ретте, аталған бағдарламаның шапағаты Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Салтанат Ертаеваға да тиген.

Салтанат Кеңесбекқызы – жалғызбасты ана, жұмыссыз азаматша. Жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған ол қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, тігіншілікті меңгереді. Курста мамандықтың қыр-сырын оқып, сертификат алады. Ал, биылғы жылы сәті түсіп, бағдарлама аясында 555 000 мың теңге қайтарымсыз гранттың иегері атанады. Бизнес жобасы автокөліктердің салондарына қаптар тігу, жаңарту деп аталады. Оның бұл жобасы мақұлданып, берілген қаржыға керекті тігін машинасы мен құрал-жабдықтарын алады. Қазіргі таңда ол осындай тиімді бағдарламаның игілігін көріп, ісін бастағанына дән риза.
Рысбек батыр көшесіндегі бұрынғы фабриканың бір бөлмесін жалға алып тұратын ол керекті заттардың барлығын үйіне ұқыпты орналастырған. Айналасында үй бөлмесінің гүлдері жайқалып өсіп тұр. Жаны өсімдікке, әдемілікке жақын. Гүл өсіру – оның сүйікті ісі.
Ол істі бастамас бұрын көлік жүргізуші азаматтармен ақылдаса келе, жасайтын жұмысы үшін алынатын бағаны қояды. Әркімнің талғамы әртүрлі болғандықтан материалын көлік иесінің өзі әкеліп береді. Автосалонның орындықтарының сыртын ауыстырып, жаңалап, тігіп бергені үшін ақы алады. Көлік иелерінің сенім білдіріп отырғанын ескеріп, тиянақтылықты, жауапкершілікті, ұқыптылықты қажет ететін жұмыс екенін жақсы түсінеді.
-Мен алғаш рет өз ісімді бастап отырмын. Бұл уақытқа дейін еліміздің өзге қалаларында жұмсақ жиһаздарды тігіп, өзгенің қарамағында жұмыс істегенмін. Ал, қазір үкімет тарапынан көмек көрсетіліп, сүйікті ісімді бастадым. Ауданда жоқ кәсіпкерліктің түрін ашу көптен бері ойымда жүр еді. Шама-шарқыма, істің жүріп кетуіне қарап, көп ойландым. Негізінен өсімдік өсіруге жақын болғандықтан жылыжай соғу арманым еді. Бірақ, оған ыңғайлы орынның жоқтығынан және ауа райының сәйкес келмеуінен бас тартуыма тура келді. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының жіберген жолдамасымен оқуға барған сәтімде тігін тігуге деген көзқарасым өзгерді. Алғаш қолыма тігін машинасын ұстағанымда тігіншілікке деген қызығушылығым арта түсті. Одан кейін де интернеттен жаңаша нәрселерді іздеп, қолдан келетін дүниелерді қарап жүрдім. Әсіресе, тігінге байланысты ақпараттарды көп іздедім. Оның пайдасы да тиді. Ісімді бастауыма септігін тигізді.
Ата-анам мұғалім болған жандар. Әкем дүниеден ерте озды. Бізді анамыз жалғыз жеткізіп, аяқтандырды. Анама алғысым шексіз. Бала күнімнен ерке болып өстім. Қолыма ине алып көрмеген жан едім. Бала күнімде әкем бір кісіге «Аш адамға балық емес, қармақ бер» деген сөзді айтты. Балалықпен бұл сөздің мағынасына терең бойлап, түсінбеппін. «Не үшін олай айтасыз? Сізден балық сұрап тұр ғой. Балық берсеңізші» дейтінмін. Өмірдің қызығы мен қиындығы қатар жүреді ғой. Өзім де жолдасымнан ерте айырылдым. Бір ұл, бір қызым бар. Балаларым, яғни Азиз бен Динара екеуі де студент. Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде білім алуда. Осы балаларымды жеткізу үшін қолдан келген жұмысты жасаудамын. Міне, менің осындай тарыққан кезімде үкімет маған қолыма қармақ беріп отыр. Әкемнің сол кезде айтқан бір ауыз сөзінің мағынасы тереңде жатқанын жасым 40-тан асқанда ғана түсініп жатырмын. Үлкендер біліп айтады екен.
Қиын сәтте демеп, дайын затты емес, өз еңбегімен адал табысын табатын дүние беру керектігін ұғынуыма грант иегері атануым әсер етті. Шүкір. Қолымнан іс келеді. Құр бос қарап отырмай, өз-өзімді жұмыспен қамтып, табыс тауып, күнкөруіме осы тігін машинасы көмектеседі. Ең бастысы, ерінбеу керек. Қолым бос болса, тігін машинасына отырып, өзге де жұмыстарды жасай беремін. Пайдасы тисін деймін. Әрі қарап отырмаймын.
Ісімді бастағаныма көпте болған жоқ. Бірақ ауданның тұрғындары бірінен-бірі естіп, келіп, тапсырып беруде. Әркімнің талғамына қарай және материалына сай жұмыс жасаудамын. Маталарды Шымкент, Тараз қалаларынан әкеледі. Кейде матаға тапсырыс берушімен келісе отырып, өзім барамын. Маталардың сапасына қарай түр-түрін алғым-ақ келеді. Бірақ, оған мүмкіндік жоқ. Бағасы да қымбаттау.
Бір жұмысты бітірмей, екіншісін бастамаймын. Адамның адалы бастаған ісінің аяқтағанынан білінеді. Балаларымнан да осыны талап етемін. Әр іске бір жүгіре берсең, ешқандай ісің өнбейді. Берекесі болмайды. Көз алдыңда үйіліп, бітпей тұрған дүниені көріп, тынымсыз күйгелек күйге түсіп, жұмысыңды көбейтіп аласың. Оның зияны көп,- дейді Салтанат Кеңесбекқызы.
Ол алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, ісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, аяғынан нық тұруға жұмыс жасауды басты мақсаты деп біледі. Мемлекет тарапынан берілген осындай көмекті алғаны үшін алғысын білдіреді.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, адам еңбекпен жетіледі. Бүгінгі таңда бос қарап отыруға болмайды. Ізденіп, өз-өзіңді дамытып, ерінбей еңбек ету керек. Сонда мақсатыңа жетіп, еңбегіңнің нәтижесін көресің. Осы ретте, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, қолға алынған нәтижелі бағдарламаның шапағаты Салтанат Кеңесбекқызындай жандарға тиіп отырғаны құптарлық жағдай. Себебі, құлағанға демеу, сүрінгенге сүйеу болу біздің ата-бабамыздан қанымызға біткен қасиет. Ендеше, ісмер жанға ісі алға басып, өрге дөңгелеуіне шын көңілден тілектеспіз.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл қалымханқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close