Basty bet
Толғандырған сұрақтар қойылды
Аты жаман індетпен күресте ел басшылығындағы лауазымды тұлғалар болсын, қарапайым халық болсын оларға ілкімділік қажет-ақ. Себебі, қазіргі күрделі жағдай бізден осындай міндеттерді талап етіп отыр. Індетке байланысты ел аумағында қалыптасып отырған жағдайдың тұрақтануы ең алдымен өзімізге байланысты.
Апта басында аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Марат Искаков аудан көлемінде індеттің алдын алу барысындағы жұмыстар туралы тікелей эфирде Фейсбук әлеуметтік желісінде желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді.
Тікелей эфир барысында желі қолданушылары коронавирустық инфекцияның алдын алу, сонымен қатар, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Онда негізінен аудандық ауруханада өкпені жасанды желдету аппараттары жеткілікті ме, ауруханаға кәсіпкерлер тарапынан қандай көмектер көрсетілуде, аудан орталығындағы дәріханаларда дәрілік препараттар және азық-түлік дүкендеріндегі азық-түліктің қоры мен олардың бағасы, сонымен қатар, биылғы жылы Құрбан айт мерекесі қалай өтеді, қашықтан оқыту жүйесіне дайындық, байланыс мәселесі, 42 500 теңге әлеуметтік көмекті кімдер алады, т.б. сұрақтар қойып, оған желі арқылы тікелей эфирде жауаптар алды.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков аудандық орталық ауруханадағы қазіргі жағдай, оның ішінде науқастардың жағдайы, оттегі аппараттарының қолжетімділігі, кәсіпкерлер тарапынан науқастарға жеткізіліп жатқан көмектер жөнінде, сондай-ақ, алдағы Құрбан айттың қалай атап өтілетіні, биылғы жаңа оқу жылына байланысты аудан мектептерінің қашықтан оқытуға дайындық барысы туралы кеңінен айтып берді.
-Аудандық орталық ауруханада індетке байланысты қалыптасқан жағдай, науқастардың жай-күйі біртіндеп түзеліп келеді. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар бөлімінде науқастардың денсаулығын жақсарту үшін үш дана ӨЖЖ аппараты, одан бөлек, алты оттегі концентраторы, басқа да қажетті аппараттар бар. Қосымша 10 дана оттегі концентраторын алу ойда бар. Қазір ауруханада 30 төсектік провизорлық орын жабдықталған. Қажеттілік туындаса оны ұлғайтуға да мүмкіндік бар.
Індет жағдайында науқастарға, аудандық ауруханада денсаулық күзетінде тұрған дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге жергілікті кәсіпкерлермен қатар қазіргі таңда басқа шет мемлекеттерде тірлік жасап жатқан кәсіпкерлер де көмектесіп, қол ұшын созуда. Атап айтсақ, ауданнан шыққан бір кәсіпкер азамат жалпы құны 109 миллион теңгеден асатын сомада көмек жібермек ниетте. Көмектің алғашқы легі де жақында ауданға жеткізілді. Оның ішінде медициналық қызметкерлерге бірінші қажеттіліктегі қорғаныс құралдары, оттегі концентраторлары, арнайы жабдықталған реанимобиль көлігі де бар. Біз осындай қиын сәтте жерлестеріне көмек қолын созған жаны жомарт азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Аудан дәріханаларындағы дәрілік қорларға келер болсақ, қазір дәрілік препараттардың, медициналық бетперденің қоры жеткілікті. Оның ішінде, сұранысқа ие дәрі-дәрмектер бар. Дәріханалардағы ахуалды тиісті мониторингтік топ күнделікті өз бақылауына алып отыр.
Жаңа оқу жылында оқушылардың қашықтан оқыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтып өткен жөн. Ауданда барлығы 39 білім ошағы бар. Онда оқитын оқушылардың да саны жеткілікті. Биылғы жылы шалғай ауылдарда орналасқан 16 мектепте балалар дәстүрлі оқи беретін болады. Тікелей эфирді пайдаланып, бізбен байланысып отырған аудан тұрғындарына алғыс айта отырып, індеттің алдын алу жөніндегі кеңестерге аса ыждаһаттылықпен қарауларыңызды сұраймын. Дендеріңіз сау болсын, ауырмаңыздар,- деді аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы.
Айта кету керек, тікелей эфир барысында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының басшысы Марат Искаков індеттің алдын алу жөнінде атқарылып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндады. Желі қолданушыларынан түскен басқа да сұрақтарға жауап берді.