Basty bet

Әр ұстаз шәкіртімен құнды

Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, білім беруге арнап отырған ұстаздың бірі – Ердәулет Татеков. Ол Түктібай ауылында 1977 жылы дүниеге келген. Ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген соң, 1994 жылы Қаратау тау-кен құрылыс техникумына оқуға түсіп, оны экономикалық факультет бойынша тамамдайды. 1996-1998 жылдары Отан алдындағы борышын Алматы облысындағы Шонжы шекара әскери бөлімінде өтейді. 2001 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, тарих және география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіреді.

Жаңа оқу жылына дайындық барысында Ердәулет Әбзелбекұлы Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен қашықтан оқыту жүйесіне байланысты арнайы курстан өткен. Оқытудың жаңа форматында сыни тұрғысынан оқыту әдістерін меңгерген. Білім саласына сіңірген еңбегі үшін Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстан педагогтерінің инновациялық идеяларын дамыту орталығы «Білім беру саласындағы 100 жаңа есім» жобасының құрмет грамотасы және төсбелгісімен награтталған.
-Түктібай ауылының тумасымын. Туған жерімізде еңбек жолымыз басталып, осында 17 жыл бойы жұмыс істеп келе жатырмын. Мектеп қабырғасында қарапайым мұғалім болып бастап, директордың оқу, тәрбие ісі жөніндегі, ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Соңғы үш жылда қайта тарих және география пәнінің мұғалімі ретінде 5-11 сынып оқушыларына сабақ берудемін. Ұлттық бірыңғай тестке де оқушылар дайындап, жақсы көрсеткіш көрсетіп жүрміз. Одан бөлек, балалар жоғары оқу орындарына грантқа түсіп, мектепке оқу орындары шәкірттеріміз жақсы білім көрсеткішін көрсеткені үшін Алғысхаттар жіберуде.
Оқу жылына жылдық жоспарларымызды дайындадық. Онлайн жүйеде баланың қызығушылығын арттыру үшін тақырыпқа сай презентациялар жасап, әртүрлі көрнекі құралдарға арналған ақпарат жинау үстіндеміз. Себебі, баланы бетпе-бет көріп, сабақ өтпеген соң, оның сабаққа қалай араласып отырғанын білмейсің. Сондықтан оқушыны сабаққа ынталандыру үшін мұндай әдістемелік құралдар өте қажет. Әр баланың ойы құнды. Оқушыны сабаққа ойын арқылы қызықтырып, сабаққа тартуымыз керек. Ең бастысы, әр бала білім алуға құқылы екенін ұмытпағанымыз жөн,- дейді Ердәулет Татеков.
«Баланы мұғалім емес, парталас досы оқытады» деген сөзді ұстанатын ол «Ұстаз болу – ұлы іс. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру деп түсінемін. Ұстаз шәкірті үшін тұлға. Үлгі алатын, бой түзейтін жан. Сол үшін ұстаз жаңашыл, ізденімпаз, қарапайым, баланың жанын түсіне алатын адам болуы керек. Кез келген өзгеріске дайын, қиындыққа мойымайтын, шәкіртінің сапалы білім алуы үшін ерінбейтін тұлға болуы тиіс. Сонда ғана ұстаз шәкіртінің жүрегінен жол тауып, үлгі бола алады» дейді.
Ұстаз шәкіртімен құнды. Осы ретте, Ердәулет Әбзелбекұлының оқушылары түрлі байқауларда, жарыстарда жақсы көрсеткіш көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүрген жайы бар. Мәселен, Серік Дастан, Сейіткерім Мадина, Әбзелбек Жасмин, Еңлік, Қалыбай Зейнеп, Сәулебек Әлішер «Золотое руно» халықаралық интеллектуалдық конкурсына қатысып, І дәрежелі дипломдармен марпатталған. Сонымен қатар, Нұрбек Боран «Қазақстан тарихы» пәнінен облыстық пән олимпиадасына қатысып, ІІІ орын иеленген. Ал, Нұрай Кеңесбек Қазақстан тарихы пәнінен республикалық қашықтық олимпиадасына қатысып, ІІІ орыннан көрінген. Сондай-ақ, ол Ұлдана Сенбайға «Ақыртас құпиялары» тақырыбындағы ғылыми жобасы жетекшілік етіп, оқушысының бойында шығармашылық қабілетін арттыруға үлес қосады.
-Өткен жылдың оқу жылын жаңа форматта, онлайн жүйеде аяқтадық. Қашықтан оқытудың тиімділігін, проблемасын бірдей көрдік. Бірақ, оған еш мойымаймыз. Мұның барлығы уақытша екеніне сенеміз. Ең бастысы халқымыздың амандығы мен денінің саулығын ескереміз. Білім қандай жолмен болса да өз кезегінде берілуі керек.
Жаңа оқу жылы басталуда. Бұл уақытта балалардың бір жылға есейіп, жаңа баспалдаққа өткенін көреміз. Оқушылармен қауышуды кез келген мұғалім асыға күтеді.
1 қыркүйек бүкіл балалардың мерекесі. Осы ретте, барша ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен, Білім күнімен құттықтаймын. Сіздерге жаңа жетістіктерге жету жолында ұдайы ізденіс, шығармашылық, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін, – деп Е.Әбзелбекұлы мерекелік жылы лебізін білдірді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close