Basty bet

Елдің амандығы – бәрінен маңызды

Қазіргі таңда әлем елдері аты жаман індетпен күресті күшейтіп жатқаны бәрімізге белгілі. Короавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Пандемия деп танылған аты жаман індеттің алдын алуда, сонымен бірге, елде қалыптасып отырған осындай күрделі кезеңде ел бірлігін арттырып, сол арқылы ғана береке-бірлікті арттырып, ырысымызды тасытуға болатынын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында тағы да баса айтып отыр.

Қалың жұртшылыққа белгілі болғандай, індетпен күрес шаралары туралы Елбасы бұған дейін де Қазақстан халқына арнап үндеу жариялаған болатын. Бұл мақалада да ел бірлігі мен Қазақстанның болашағы туралы кеңінен сөз қозғалып отыр. Аталған мақаланы оқып, таныстым. Онда: «Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын» делінген.

Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дертінің әлемге таралуы мен одан қаншама жанның зардап шегіп отырғанына қынжылыс білдірді. Шынында да, аты жаман аурудың таралуы қазір әлемді алаңдатып отыр. Қазақстан Республикасы қауіпті дерттің алдын алуға алғашқылардың бірі болып кірісті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен тиісті шаралар атқарылуда. Бұған ел Үкіметінен бастап жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары, тағы басқалар жұмылдырылды. Ел аумағында сақтық шаралары барынша күшейтілді. Мұндай шаралардан жақсы нәтиже күтетініміз анық.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында әлемдегі дағдарыс, тиісінше, біздің елде оған қарсы қабылданатын шаралар, індетке қарсы атқарылатын іс-әрекеттердің негізінде ең алдымен халықтың денсаулығын, адам өмірін сақтап қалуға барынша көңіл бөлу керектігі айтылып отыр.

«Әрине, қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ» деді Елбасы.

Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуының басында болып, ел экономикасының зор қарқынмен даму ісіне, мемлектеіміздің әлемдік аренадағы беделін биіктетуде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ерен. Қазақстанды ширек ғасырдан астам уақыт бойы салиқалы саясат ұстанып басқарған, халықтың әл-ауқаты артуы мен жастардың болашағына баса көңіл бөлген көреген көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы қашанда өзінің сүйікті халқымен бірге.

«Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында да Елбасы халқымен бірге екенін, барша Қазақстан халқын елдегі жағдайға барынша сабырмен, түсіністікпен қарауға шақырып отыр. Елбасы айтқандай, рухы мықты халықты ешқандай жау ала алмайды. Бірлігіміздің жарастығын тілеп, ынтымақты тірлігімізді ары қарай жалғасыра берейік. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы – бәрінен қымбат.

Жарас МҰРАТАЙ,

қаржы саласының ардагері.

Жамбыл облысының Құрметті азаматы  

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close