Basty bet
Жағдай жасасаң, ұстазға жаса, ол ұлтты өсіреді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 27 желтоқсанында «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Жаңа Заңда педагогтың жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделген. Демек, мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге заң жүзінде тыйым салынады. Ал мұғалімді өзінің негізгі функцияларынан тыс және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Жаңа заң жобасында мұғалімдердің жүктемесін төмендетіп қана қоймай, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі де қарастырылған.
Мына алмағайып заманда мұғалімнің жоғары мәртебесіне қол жеткізу маңызды мәселе болып отыр. Өйткені, барлық өркениетті жұрттар алдымен өскелең жас ұрпақтың алғаш тәлім алатын ошағы – мектептегі ұстаздың жұмыс істеуіне жайлы жағдай қарастырады. Елімізде түрлі келелі басқосуларда бұл туралы көп айтылды. Өткен жылы елордалық ұстаздардың дәстүрлі тамыз мәслихатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, отандық білім мен ғылымның өзекті мәселелерін шешуге қатысты пікірін білдірген еді. Сол жиында мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар да қозғалды.
– Осы күні жүргізіліп жатқан ұстаз жалақысын арттыру жұмыстарына қарамастан, көптеген қосымша ақылар мұғалімнің базалық лауазымдық еңбекақысы негізінде төленеді. Сондықтан, еліміздегі 500 мың ұстаз бұл қосымша ақыларды айтарлықтай сезінбей отыр. Мұны ашық айтуымыз керек. Сөйте тұра, осы сала мамандарының еңбекақысы экономика бойынша барлық орташа еңбек ақының небәрі 65%-ын ғана құрап, төмен жалақы есебінде саналуда. Біз бұған көндіге алмаймыз. Білім жүйесіне білікті мамандарды тарту мақсатында Үкіметке ұстаздар жалақысын алдағы 4 жылда 2 есе арттыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы осы басқосуда.
Міне, жаңа жыл қарсаңында Президент «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Онда ұстаздарды қолдаудың кешенді шаралары қарастырылып, мұғалімнің жүктемесін азайту, ар-ұжданы мен намысының аяқасты болмауына кепілдік беру және қаржылай ынталандыру мәселелері нақты шешімін тапты. Заңда аса маңызды бастама ретінде дәптер тексеру мен сынып жетекшілігі үшін екі есе үстемеақы тағайындау, ұстаздардың еңбек демалысы мерзімін 56 күнге дейін ұзарту, магистр дәрежесі үшін жалақыға қосымша қаражат төлеу көзделіп отыр.
Одан да бөлек, ұстаз жүктемесін азайтуға қатысты оларды қызметінен тыс жұмыстарға жұмылдыруға, шектен тыс есеп берушілік пен негізсіз тексеріс жүргізуге жол бермеу жайы айтылған.
Заң күшіне енгенде еліміздегі білікті педагогтардың саны мен сапасы артары сөзсіз. Бұған аудандағы ұстаздар қауымы да үлкен сенім артуда. Солардың қатарында аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі Бақыт Сағындықова да бар.
– «Педагог мәртебесі туралы» Заң ұстаздардың көкейіндегі ойларды дөп басты. Шындығында, аудандағы кей мектептерде бір сыныпта 25-30-ға жуық бала бар. Оларға жетекшілік етіп, тәрбие беру, әр жұма сайын сынып сағаттарын өткізу оңай жұмыс емес. Оны ұстаздардың өздері ғана сезінеді деп ойлаушы едім. Енді міне, ұстаз мерейін өсіретін Заңда педагогтерге зор көңіл бөліп, жалақысын арттыру, басқа да жағдайлар туғызатынына шын қуандым, – дейді Бақыт Сағындықова.