Basty bet
Құрметті оқырман!
Сіз бүгін өзіңіздің рухани жансеріктеріңіздің бірі – аудандық төлбасылымыңыз «Jańa ómir» газетінің 2021 жылғы алғашқы нөмірін оқып отырсыз.
Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2020 жыл Тышқан жылы тәуелсіз еліміз бен өңіріміз үшін тарихи және маңызды оқиғаларға толы болды. Яғни, Алтын Орданың 750, әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбаевтың 175, Бауыржан Момышұлының 110, Ұлы Жеңістің 75, Конституцияның 25 жылдығы сынды айтулы даталарды лайықты түрде атап өттік. Бұл маңызды даталардың тағылымы халқымызға рухани азық болары сөзсіз.
Сонымен бірге жыл басынан бастап коронавирустық инфекцияның салдарынан орын алған пандемия әлем елдерін өз қыспағына алғаны белгілі. Ең өкініштісі, аты жаман індеттен қаншама азаматтарымыздан айырылып қалдық.
«Ескі жылды есірке, жаңа жылды жарылқа» деген дана халқымыз. Тышқан жылы індеттің салдарынан халқымыз үшін ауыр жыл болғанына қарамастан, еліміздегі салиқалы саясаттың негізінде халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Халықтың ауызбіршілігінің, табанды еңбегінің арқасында табысты жыл болды.
Береке-бірлік пен тынымсыз тірлікті ұлықтаған елімізге 2021 жыл Сиыр жылы лайым құтты, табысты, жайлы жыл болсын!
Бұқаралық ақпарат құралдары тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің қалыптасуы мен нығаюына, еліміздің саяси тұрақтылығын, экономикалық жағынан шарықтап дамуын, әл-ауқатының айтарлықтай жақсаруын жан-жақты насихаттауға қосып отырған үлестері зор. Оның ішінде аудандық «Jańa ómir» газеті өзіндік бет-бейнесі, бағыт-бағдары қалыптасқан басылым.
Қандай басылым үшін де көп көңілінен шығып, «халықтың үні», «ел газеті» атанудан асқан абырой жоқ.
Өткен жылды аудандық төл басылымдарыңыз аудан басшысының және сіздердің қолдауларыңызбен жылды материалдық жағынан да, шығармашылық жағынан да табыспен, абыроймен аяқтады.
Газет бетінде оқырманға рухани азық боларлық көптеген құнды дүниелер жарияланды. Ауданымыздан түлеп ұшқан ақын-жазушыларымыз, журналистеріміздің бастамасымен «Туған жер түлектері» атты жаңа айдар ашылды. Айдар аясында өмір жолы мен еңбек жолы жас ұрпаққа үлгі боларлық барлық саладағы жуалылықтар туралы мақалалар, естеліктер жарияланды. Мақалаға арқау болған кейбір жерлестеріміздің есімі тіпті ұмыт болып бара жатыр екен.
Елге, жерге деген құрметті әркім бірінші өзінен бастауы керек. Сондықтан ақын-жазушы ағаларымыздың киелі қара шаңырақ «Jańa ómir» газеті арқылы қолға алған бастамалары шынында өте орынды болды. Рухани жаңғырудың үлкен бір саласы осы. Бастама оқырмандарымыздан да қолдау тапты. Бұл айдар үстіміздегі жылы да жалғасын табады.
Сонымен бірге коронавирустық инфекцияға байланысты «Саулық – сақтықта», «Карантин талаптары» атты жаңа айдарлар ашылып, зиялы қауымның ой-пікірлері, дәрігерлердің ақыл-кеңестері жүйелі түрде жарияланып тұрды.
Аудандық басылым алдағы уақытта да өзіне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқара беретін болады.
Оқырманы көп басылым – ең бай басылым. Оқырман – газеттің тірегі, жанашыры. Яғни, кез келген басылым оқырманымен ордалы. Олай болса, біз де газетіміздің аудан көлемінде кең таралып, әрбір жуалылықтың шаңырағының сенімді серігі, ой бөлісер сырласы болғанына мүдделіміз. Ол үшін Сіздердің қолдауларыңыз маңызды.
Аудандық «Jańa ómir» газетінің 2021 жылдың І жартыжылдығына таралымы 2611 дана болып отыр. Бұл басқа аудандық газеттердің таралымымен салыстырғанда жақсы көрсеткіш болғанымен, өткен жылға қарағанда едәуір төмен. Алайда жазылып үлгере алмай қалған оқырмандарымыз болса, әлі де жазылуға мүмкіндіктері бар.
Осы орайда газеттің жазылым науқанына қолдау білдірген аудан басшыларына, ерекше жауапкершілікпен белсене атсалысқан ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшыларына алғысымызды білдіреміз. Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылының, Шақпақ, Қарасаз, Күреңбел, Ақсай, Нұрлыкент ауылдық округтерінің әкімдері мен аппарат қызметкерлеріне, сонымен бірге берілген жоспарды артығымен орындаған мекемелерден «Қазпошта» байланыс торабы, Мемлекеттік кірістер басқармасы, өрт сөндіру бөлімі, электр желілерін тарату мекемесі мен Ақсай су шаруашылығы мекемесіне алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, барлық білім мекемелеріне және ерекше атсалысқан, яғни артығымен орындаған Абай, С.Сейфуллин, М.Ғабдуллин, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептер мен №1 балабақша басшысы мен ұжымына ризашылығымызды білдіреміз.
Сонымен бірге төл басылымына үлкен сенім артып, жыл сайын үзбей жазылып келе жатқан тұрақты оқырмандарымызға ерекше ықыласпен алғысымызды жеткіземіз. Басылымға деген қолдау – қазақ руханиятына деген қолдау деп білеміз.
Табалдырығымызды аттаған Сиыр жылы еліміз үшін айтулы жылдардың бірі болмақ. Себебі, биылғы жыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады.
Халқымыз үшін тәуелсіздіктен асқан байлық та, бақыт та жоқ. Ата-бабамыз сандаған ғасырлар бойы ұрпағының жарқын болашағы үшін, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп тілімен, дінімен, ділімен қауышып, ең бастысы рухани жан дүниесі еркін өссін деген ұлы мақсат жолында күресті, армандады.
“Егемен болмай, ел болмас” деген. Бүгінде егеменбіз, елміз. Төрт құбыламыз түгел. Ендігі жерде тәуелсіздігіміздің тұғырының нығаюы үшін ауызбіршілік пен ынтымақты ту етіп, асқан парасаттылықпен, табандылықпен еңбек етуіміз керек.
Сонымен бірге 2021 жылы жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Қазақ радиосына 100 жыл, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа – 80 жыл, т.б айтулы даталар бар.
Біз осы айтулы даталарды және оқырмандарымыздың сұранысын ескере отырып, «Тәуелсіздік – тағылым», «Жыр алыбы Жамбыл – 175 жаста», «М.Мақатаев – 80 жаста», «Баға саясаты», «Сын садағы», «Талаптың мініп тұлпарын» талапты жастарға арналған, шаруаларға арналған «Білгенге – маржан», «Онлайн оқу оңай ма?» және «Әзілің жарасса…» атты жаңа айдарлар ашпақпыз.
Сондай-ақ «Ақ шымылдық» қыз-келіншектер, «Жалын» жастар, «Тұлпар» әдебиет пен өнер беті мен Хаттар мен Ардагерлер беті де жалғасатын болады.
Оқырмандар арасында, оның ішінде мектеп оқушылары мен жастар арасында түрлі байқаулар ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз.
Газет – халықтың мінбері. Сондықтан барша оқырмандарымызды газет оқуға және газетке өздеріңіздің шығармаларыңыз бен халқымыздың рухани өсуіне, жас ұрпақ тәрбиесіне септігін тигізер ой-пікірлеріңізді, ұсыныс-тілектеріңізді жолдап тұруларыңызды сұранамыз.
Біздің мақсатымыз – жасампаз бүгініміз бен кемел келешегіміз үшін белсене қызмет ету, халыққа шынайы ақпарат жеткізу. Алдағы уақытта да қасиетті өлкеміздің экономикалық дамуына, тұрғындардың рухани кемелденуіне үлкен жауапкершілікпен өз үлесімізді қосатын боламыз.
Құрметті оқырман, біз Сіздермен біргеміз!
Табалдырығымызды аттаған Сиыр жылы берекелі болсын! Отанымыз өркендей берсін! Әр отбасына амандық, құт-береке тілейміз!
Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
бас редактор