Basty bet

Көшпелі ақпараттық керуен келді

«Жастар жылы» аясында облыс орталығынан шығып, бірер өңірді аралап келген «Болашаққа бағдар» атты көшпелі ақпараттық керуен ауданымызға атбасын бұрып, «Достық» мәдениет үйінде жастармен және түрлі сала қызметкерлерімен, жұртшылық өкілдерімен жиын өткізді. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің ұйытқы болуымен құрылған ақпараттық керуеннің мақсаты- сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету саласында жемқорлықты азайту бағытында ақпараттық материалдар тарату, сауалнамалар жүргізу, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады.

Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов ашып, жиналғандарға аталған керуеннің ауданға беретін пайдасы өте көп екенін атап көрсетті.
– Құрметті аудан тұрғындары, Елбасы Қазақстанда 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны баршаңызға белгілі. Осыған байланысты бүгінгі таңда жастарға көптеген қолдаулар көрсетіліп жатыр. Атап айтар болсақ, ол «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары ауданымыздың жастарының жұмысқа орналасуына өзінің септігін тигізуде. Бұл іс-шара аудан көлемінде үш күн бойына жүргізіледі. Ақпараттық керуен мүшелері жастар мен тұрғындарға барлық салада кеңестер беріп, көмек көрсетеді, атап айтар болсақ, жастарымызға қайтарымсыз несие беру, кәсіпкерлікті қолдау бағытында гранттар беру, қызметке, соның ішінде мемлекеттік қызметке орналасу бағытында бағыт-бағдар беретін болады, – дей келе іс-шараның сәтті өтуіне тілек білдірді.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Бауыржан Мөрбеков ауданда үш күн бойына жұмыс істейтін алаңның тиімділігін атап көрсете келе, мұнда тек мемлекеттік қызмет көрсету саласында түрлі кедергілерге тап болып жүрген жастар ғана емес, аға буын өкілдері де келіп, өз сауалдарын қойып, мәселелерін шешуге мүмкіндік алатынын жеткізді. Сондай-ақ ол облыс әкімінің қолдауымен жас кәсіпкерлерге берілетін қайтарымсыз несиенің тәртібі мен шартын түсіндірді.
Аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбеков ауданда жас азаматтарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау жүргізіліп жатқанын еске сала отырып, үстіміздегі жыл басынан бері жастар арасында 477 адамның белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылғанын атап көрсетті.
Жиын барысында мәдениет үйінің кіші залында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда облыс орталығынан келген жоғары және арнаулы оқу орындарының, аудандағы түрлі салалар мен мекемелер, кәсіпорындар өкілдері жұмыс іздеушілерге дипломдары мен біліктіліктеріне байланысты толыққанды кеңестер өткізіп, бос орындар туралы мәліметтер берді.
Сонымен қатар шара аясында ауылдық балалар кітапханасында аудандық пробация қызметінің өкілдері өздерінде есепте тұрған бас бостандығынан шартты түрде айырылған сотталғандарды қоғамға бейімдеу, жұмыспен қамту мақсатында жиын өткізсе, аудандық орталық кітапхананың білім орталығында облыс әкімдігі жанындағы оңалту орталығының аудандағы инспекторы Рамазан Әбделиевтің қатысуымен «Дін және жастар» тақырыбында жастармен кездесу өтті.
Ақпараттық керуен мүшелері алғашқы күні аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында, Нұрлыкент, Жетітөбе және Ақтөбе ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесулер өткізді. Іс-шара қалған күндері ауданның басқа өңірлерінде жалғасын тапты.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close