Basty bet

Нақты тапсырмалар берілді

Кеше елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты ауданымызда құрылған штабтың кезекті отырысы өтті. Онда аудан әкімі Нарбай Ергебеков облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың облыстық штаб отырысында айтқан тапсырмаларынан туындаған міндеттерді нақтылады. Облыстық штабтың отырысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әсіресе, барлық салада атқарылып жатқан жұмыстар, оның ішінде әлеуметтік салада болып жатқан өзгерістерді халыққа түсіндіру жұмыстарын жетілдіре түсу, т.б мәселелер жалпы барлық сала басшыларына босаңсымай, жұмыстың сапасын жақсарту, жұмыстың нәтижесін халық сезінуі қажеттігін ескертті.

Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы өте жауапты науқанда әр басшы өз қызметін үлкен жауапкершілікпен атқаруын тапсырды.
-Тараз қаласы 7 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап карантинге жабылады. Ол туралы халық баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерден хабардар. Алайда халық арасында әлі де түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Яғни халық тәртіпке бағынып, тек рұқсат етілген шаруалармен, рұқсат етілген азаматтар ғана өте алатынын жақсылап түсіндіруіміз керек,- дей келіп аудан басшысы аудан аумағында орналасқан блок-посттарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, барлық сала бойынша кері байланыс, яғни халыққа дер кезінде жауап беру, дұрыс бағыт-бағдар беру, баға тұрақтылығы, халық көп тұтынатын азық-түлік қорының жеткіліктілігін бақылау, шектеу шараларының дұрыс орындалуы, ауданға қажетті дезинфекциялық құралдардың қамтылуы, тағы да басқа барлық сала бойынша маңызды мәселелерді пысықтап, тиісті сала басшыларана нақты тапсырмалар берді.
Жалпы ауданда құрылған төрт жұмысшы топ, штаб мүшелері уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Тиісті мекеме басшылары да жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға барынша тырысуда.
Р.S. Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін 42 500 теңгенің жайы болып отыр. Осы мәселе бойынша халық қазір жауапты мекемелерге сабылып жүр. Осы сәтте бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті – халықты қажетті ақпараттармен дер кезінде қамтамасыз ету. Сол себептен тілшілер жедел түрде жұмыс істеуде. Осы орайда біз аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жиі хабарласамыз. Ондағы мақсат – қажетті ақпаратты алып, халыққа барынша түсінікті тілмен жеткізу. Алайда мекеме басшысы мен орынбасары редакция сұранысына немқұрайды қарап, «біздің қолымыз бос емес, біз ерігіп отырған жоқпыз» деп, жұмысқа кедергі келтіруде. Дәл осындай жауапты науқанда бұл азаматтардың бір емес, екі рет осылай жауап беріп, тиісті мәліметті бермеуін үлкен жауапсыздық деп түсінеміз. Мекеме басшысы кері байланыста дұрыс жұмыс істеуге барынша көңіл бөлу қажеттігін сезінуі тиіс.

Таңдаулы материалдар

Close