Basty bet

Жылдың үздік жас кәсіпкері

«Жас келсе, іске» демекші, аға буын өкілдерімен бірге бір сапта еңбек етіп жүрген жастар өз жаңалықтарымен, іскерліктерімен, ізденімпаздықтарымен көзге түсуде. Осы орайда аудан жастары биылғы атаулы жылды жақсы нәтижемен қорытындылағаны баршамызға белгілі. Жақында аудандық «Жуалы жайсаңдары» атты байқау жарияланып, сайысқа аймағымыздың белсенді жастары қатысып, жеңімпаздар анықталған болатын. Байқаудағы «Үздік жас кәсіпкер» номинациясын сұрымдық Олжас Сламбай иеленгенеді.Олжас – бес жылдық тәжірибесі бар жас кәсіпкер. Тәуелсіздік таңымен бірге өмірге келген жас қазіргі таңда «Мерсейіт» шаруа қожалығын құрып, кәсіпкерлік ісін дөңгелетіп отыр. Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы аз уақыттың ішінде бірнеше бизнес-жобаларды тиімді іске асырып үлгерген. Сонымен қатар, үнемі ізденістің арқасында кәсібін кеңейтіп, мал шаруашылығымен айналысып, ата кәсіпті дамытып отырған жайы бар.
Біз байқау жеңімпазы Олжасты марапатымен құттықтап, газетіміздің жаңажылдық мерекелік санына арнайы мақала әзірлеу мақсатында аз-кем әңгімелескен едік.
– Олжас Бақтыбекұлы, кәсіпке қашан келдіңіз, кәсіп ашуға не түрткі болды? Жалпы өзіңіз туралы айтсаңыз?
– Мен Қызыларық ауылдық округі Сұрым ауылының тумасымын. Алғашқы білімімді Қызыларық ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептен алдым. Кейіннен Тараз қаласында облыстық «Дарын» ерекше дарындылар мектебінде оқыдым. Жас түлек атанып, арман қуып Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетіне оқуға түсіп, «инженер-физик» мамандығын тамамдаған жайым бар.
Ағылшын тілін жетік меңгеру үшін және әрі қарай дамыту үшін Америка Құрама Штаттарына оқуға бардым. Американың Нью-Джерси, Аляска, Огайо штаттарында фабрикалық жұмыстар атқардым. Яғни, шетелді көре жүріп, туған жерге деген сағынышым, сүйіспеншілігім арта түсті. Кейіннен Алматы қаласына оралып, ең алғашында бес жұлдызды «Қазақстан» қонақ үйіндегі «ROOM» сервисінде шетелдерден келген қонақтарға қызмет көрсеттім. Бұл менің тілді жетік меңгергенімнің арқасы деп білемін. Сондай-ақ, кейінгі жылдары «Қазақтелеком» торабында инженер болып еңбек еттім. Жастардың қаласы саналатын Алматыда және шетелде еңбек ете жүріп, өмірде шыңдала түстім. Бірақ, «туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген сөздің бекерден-бекер айтылмағанына көз жеткіздім. Ал, кәсіпке келуіме ең басты себеп – ата-анам. Себебі, әр баланың парызы ата-ананың разылығын, алғысын алу деп санаймын.
– Кәсіпті бастау қиын болған жоқ па? Бизнес ашуға қандай білік, білім керек?
– Әрине, бастау қашан да, кім үшін де оңай емес. Ауылға оралған соң, біздің жеріміздің ыңғайына қарай, өз кәсібімді ашуды ойлап, жоспар құрдым. Біздің аудан аграрлық өңір болғандықтан, мұнда егін және мал шаруашылығы бағытында жұмыс істеу ыңғайлы. Жастайымнан ата-анам табысқа тек адал еңбектің арқасында ғана жетуге болатынын үйретті. Кішкентайымнан мал бағып, егістік алқабында әкем мен ағаларыма көмектесіп жүруді ұнататынмын. Осы жай қызығушылық арта келе, менің бүгінім мен болашағымның арқауына айналды. Кәсіп ашуға арнайы білім де керек. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы тренерден бизнес ашудың қыр-сырын үйреген абзал. Сондай-ақ, адамның бойында қасиеттердің ішіндегі ынта-жігері, ептілігі, бейімділігі, еңбекқорлығы жоғары болуы керек. Жастар үнемі ізденісте, жан-жақты болуы тиіс.
-Кәсібіңіз қай бағытта жұмыс істейді?
– Әрине, шет елде қалуғада мүмкіншілік көп болды, алайда «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңнің ұлтаны бол» деген аталы сөз бар ғой, өз елімде кәсіп ашып, ісімді жүргізіп жатқаным мен үшін зор мақтаныш. Үлкен мегаполисте жүріп, біраз белесті бағындыру қолымнан келеді, бірақ осындай шөбі шүйгін, табиғаты ерекше алтын бесігім тұрғанда мені ештеңе қызықтыра алмады.
2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен несие алып, ең алғашқы жұмысымды бастап, нақтырақ айтқанда, ірі қара мал санын көбейтуді қолға алған жайым бар. Ал, 2015 жылдан бастап егін шаруашылығымен айналысып, қазіргі таңда картоп, арпа, бидай баптап келемін. Мұнымен шектеліп қалмай, 2018 жылы «Бастау-бизнес» бағдарламасымен қысқа мерзімді оқыту курсын аяқтап, несие алып, ұсақ мал шаруашылығымен айналысудамын.
Мен тек өзімді ғана емес, өзге жұртқа да пайдамды тигізсем деген оймен қарамағымда екі жұмысшы жұмыс жасауда. Ағымдағы жылы жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бөлінген 505 000 теңге тегін грантты жеңіп алдым. Берілген қаражатқа құрама жем шығаратын «Экструдер» аппаратын алдым. Қазіргі таңда шаруа қожалығымның иелігінде 40 гектар жер, біршама техникалар және 15 шақты ірі қара, 150 уақ-түйек мал бар.
– Қандай жетістікке қол жеткіздіңіз?
– «Менің бір білетінім – ештеңе білмейтінім» деп ғұлама ғалым Аристотель айтқандай, үйренерім көп, бірақ жеткен жетістігімде аз емес. Мектеп кезден спорт және мәдениет саласында өнерімді шыңдап, біраз жетістікке жеттім. Меніңше, жігітке жеті өнер де аз. Мұнымен тоқталып қалғым келмеді. Ағылшын тілін жетік меңгеру үшін АҚШ-қа барып, сонымен қатар шетелде де жұмыс атқарып келдім. Әрине, шетелдіктерден үйренеріміз өте көп. Алайда, туған жердің топырағы қашанда ыстық болады екен. «Өткен жылға өкпем жоқ» демекші, биылғы жылғы ең басты жетістігім жүйріктердің ішінен оза шауып, ауданның «Үздік жас кәсіпкері» атануым болып отыр. Бұл жеңіс маған күш-жігер, кәсіпті дамытуға деген ұмтылыс беріп, серпіліс әкелді.
– Өмірлік мақсатыңыз қандай? Алдағы жаңа жылда атқаратын, жүзеге асыратын ойларыңызбен, жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, Қазақстан деген үлкен мемлекеттің кішкентай бір кетігіне кірпіш болып қаланып, еліміздің дамуына өз үлесімді қоссам бұл менің адамдық, әрі азаматтық борышымның орындалғандығы. Аудандағы жас кәсіпкер ретінде әлі де еңбек етіп, көп іздену үстіндемін. Жан-жақты тәжірибе жинақтап, еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту – мақсатымның бірі. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейту, дамыту үшін мемлекеттік гранттарға қатысу басты жоспарымда бар. Сонымен қатар, Аляска штатында «Alaska Seafood» фабрикасында балық өңдеуші болып жұмыс атқарған болатынмын. Сол тәжірибемді өңірімізде пайдаланып, балық шаруашылығын қолға алу да ойда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close