Basty bet
Сантехника саласының майталманы
«Әлемнің әміршісі – еңбек» дейтін болсақ, бұл жөнінде 2012 жылдың 10 шілдесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында қазақстандық қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың негізгі бағыттары туралы айтылған болатын.
Онда: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бас¬тадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады! Қанша жыл өтсе де, бұл еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес. Бүгінде еңбек – ХХІ ғасыр жағ¬дайын¬дағы шешуші ұлттық фактор ре¬тін¬де, жаһандық бәсекелестік жағдай¬ын¬да, алдыңғы кезекке ілгерілетілуі тиіс»,- деп атап өтілген мақалада.
Елбасының ойынша, бұл идеяны жүзеге асыру жаңа қазақстандық қоғамның қалыптасуына апаратын бірден-бір жол болмақ. Н.Назарбаев атап өткендей, тек жасампаз тіршілік әрекеті адам, отбасы, қоғам мен мемлекет өмірін жақсы жаққа қарай өзгерте алады. Толық қайтарыммен жұмыс істейтін азаматтар ғана табысқа жетеді және өркендейді.
Елбасы мақаласында айтылған міндеттерді іс жүзінде жүзеге асырып, қай салада да өз ісінің майталманы болып жүрген нағыз еңбекқор азаматтар біздің ауданымызда да баршылық. Негізінен мамандықтың жаманы жоқ. Еңбектің де үлкен немесе кішісі болмайды. Осы орайда біз сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ал шын мәнінде күнделікті өмірде маңызды мамандықтардың бірі сантехника саласының білікті маманы Бекболат Тілегенов туралы әңгімелемекпіз.
Өз қатарластары сияқты Бекболаттың да балалық шағы ауылда өтті. Оның ата-аналары Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданының Бозкөл совхозында тұрған. Әкесі Бектас совхозда қарапайым жүргізуші болып ұзақ жыл еңбек етсе, анасы Роза үй шаруасында болып, ұл-қыздарына ұлттық тәрбие берген.
Содан Бекболаттың ата-аналары 1996 жылы Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылына қоныс аударады. Бекболат бұл отбасының үлкен ұлы болғандықтан, жастайынан әкесінің жанында жүріп техникаға, жалпы ұсталыққа жақын болып өскенін айтады. Орта мектепті бітірген соң біраз жылдар жекелеген құрылыстарда әртүрлі жұмыс істеп, 2007 жылы аудандық орталық ауруханаға слесарь-сантехник болып жұмысқа орналасады.
-Мені жұмысқа аудандық орталық аурухананың сол тұстағы бас дәрігері болған Сейітхан Жұмашев қабылдады. Ол кезде жаспын. Сантехника саласында тәжірибем де болған жоқ. Сырттай көріп жүргенім болмаса, өндірісті білмеймін. Содан аурухана басшылығы мені алғашқыда аға слесарь-сантехник Рашид деген кісінің (фамилиясын ұмыттым) жанына көмекші етіп тағайындады. Аз уақыттың ішінде тәжірибелі маманнан сантехника саласының қыр-сырын біршама үйреніп алдым. Ол үшін Рашид ағаға әлі күнге рақметімді айтамын. Ол кісі кейіннен зейнеткерлікке шығып кетті. Одан соң бірге жұмыс істеген аға сантехник Сапар Әбішевтен де көп нәрсе үйрендім. Биыл бұл жұмыста істеп жүргеніме 14 жыл болды. Осы уақыт аралығында тәжірибе жинақтап, өзіміз де жас мамандарға білгенімізді үйретіп, жол көрсетіп жатырмыз,- дейді кәсіби маман.
Жалпы қай салада болсын, сол салада жұмыс істейтін маманға кәсібіне деген сүйіспеншілік ең бірінші орында тұруы тиіс. Мамандыққа деген махаббат болмаса, кәсіби маман болып қалыптасуың екіталай дүние. Сантехник мамандығына ең алдымен төзім мен шыдам, одан соң икемділік пен ептілік қажет. Өйткені, слесарьлар мен сантехниктер көбінде су және кәріз жүйелерін жөндеуде, үйге жылыту жүйелерін жүргізу жұмыстарын атқаратыны белгілі.
Ал өндіріс пен ауруханаларда слесарь-сантехниктің атқаратын қызметі орасан деп айтуға болады. Олай дейтініміз, ауруханаға су берілмей қалды немесе қыста жылыту қазандығы істен шықты делік. Мұндай төтенше жағдайларда ең бірінші болып слесарь-сантехниктер жұмысқа кіріседі. Мүмкіндігінше, құбырдың ақауларын дер кезінде анықтап, оны жөндейді. Одан кейін ғана ауруханадағы жағдай қалыпқа түседі. Қыстың суық күндерінде ауруханаға жылу берілмей қалса, онда ем алып жатқан науқастардың жағдайы қалай болар еді? Міне, мұндай жағдайда сантехниктің қызметінсіз ешкім ештеңе істей алмасы анық.
Кәсіби маман, өз ісінің шебері Бекболат Тілегенов те ауруханада слесарь-сантехник маманы болып жұмыс атқара жүріп, басшылыққа өзін жақсы қырынан көрсете білді. Оған аурухана басшылығынан алған Алғысхаттары мен марапаттары дәлел. Әлбетте аудандық орталық аурухананың жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істеп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету ісінде ақ халатты абзал жандармен қатар техникалық персоналдың да еңбегі зор. Су мен жылудың уақтылы беріліп тұруы аурухана қызметіне жүгінетін науқастардың да көңілінен шығып отырғанын айта кеткеніміз жөн.
Одан бөлек, АОА-ның техникалық персоналы мекемеге қарасты жарты шақырымнан астам су және жылыту жүйелерінің құбырларының қалыпты жағдайда жұмыс істеуімен қатар, ауруханаға қарасты барлық ауылдық елдімекендердегі денсаулық сақтау мекемелерінің су және жылыту жүйелерінің жұмысын да қосымша қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қысқы жылыту маусымы кезінде аурухананың жылыту қазандығында да қосымша жұмыс жасайды. Бұл әрине, слесарь-сантехниктерден кәсібилікті талап ететіні анық. Біліктілікті арттырып отыру заман талабы дейтін болсақ, Бекболат Бектасұлы «V (бесінші) санатты слесарь-сантехник» біліктілігін иеленген кәсіби маман. Бұл біліктілік оған «Бағыт Тараз» ЖШС-ның оқыту орталығынан берілген. Ол өз кезегінде ары қарай да кәсібилігін шыңдай түсіп, ең жоғары «VII разрядты слесарь-сантехник» біліктілігін алуды көздеп отырғанын айтады.
Әрбір мамандықтың қызығы мен қиындығы өз алдына. Слесарь-сантехник мамандығы да қауіпті мамандықтардың тобына жататыны белгілі. Өйткені, жылыту құбырлары жарылған жағдайда оны қайта қалпына келтіру оңайға соқпайтыны анық. Сантехник Бекболат та тәжірибеде мұндай жағдайлармен бірнеше рет бетпе-бет келгенін жасырмады.
-Бұл жағдай былтырғы қыстың қаңтар айында болды. Аудандық орталық аурухананың жылыту құбырының трассасы ойламаған жерден жарылып, ыстық су сыртқа атқылай бастады. Апат салдарын тез арада қалпына келтіру керек. Өйткені, күн суық. Ауруханада науқастар бар. Көп ойланбастан үстіме резеңке плащ пен резеңке етік киіп, құбырға түстім. Анықтап қарасам, құбырдың бір-біріне жалғанған тұсындағы бұранда істен шыққан екен. Оны қайтадан жаңасына алмастырып, шұғыл түрде құбырдың ақауын орнына келтірген болатынбыз. Құбыр ақауынан сыртқа шығып жатқан ыстық су мен ыстық буға шыдас беруің керек. Біздің жұмысымызда кейде осындай жағдайлармен бетпе-бет келуіңе тура келеді,- дейді слесарь-сантехник.
Өз жұмысын сүйіп, өмірде таңдап алған мамандығын мақтан ететін слесарь-сантехник маман Б.Тілегенов жалпы бұл мамандықтың қазіргі заманға қажетті екенін айта келіп, жұмыс барысында аурухана басшылығының қажетті жағдайларды жасап отырғанын, сонымен қатар, шаруашылық бөлімінің басшысы Азамат Игіліковке техникалық персоналдың атынан алғысын жеткізді.
Қорыта келгенде, өз ісін сүйіспеншілікпен атқарып жүрген үлгілі маман Бекболатты сантехника саласының майталманы деп айтуымызға болады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»